Аға ұрпақтың еңбегін елейік

    Жылдар өткен сайын көз алдыма өмірдің әр кезеңдері мен белестері жиі келе беретін болды. Бұл егде адамдарға тән қасиет маған да жақындады. Солардың арасында ата-ананың бейнелері бәрінен бөлек ерекшеленіп тұрады. Ол, әрине, түсінікті.

Әкем сол дәуірдегі еліміз бен халқымыздың басына туған қайғы-қасіреттер, сталиндік репрессия, соғыс, олардан кейінгі кезеңдердегі қиыншылықтардың бәрін көрді. Ол кісі өмір бойы қарапайым ғана жұмысшы болғанмен халық арасында ерекше сый құрметке бөленді. Бүгінгі таңда ел арасында, әсіресе жастар, өткенді елемей, сол замандағы адамдардың болашақ үшін атқарған еңбектері ұмытылып бара жатыр.

Менің түсінігім бойынша оларды ұмыттырмау біздерге парыз. Олардың өмірі әр аймақтың, қала берсе еліміздің тарихын әр дәрежеде толықтырады леп ойлаймын.

Менің әкем Нұрмақов Жәмел Тәукебайұлы 1912 жылы Қарағанды облысы Қу (қазіргі Қарқаралы) ауданында орта шаруаның отбасында дүниеге келген. Өмірінің алғашқы қиыншылықтарын 1937 жылдан бастап көрді. Сол жылдары отбасын құрған жас жігіт өмірдің қызығына бататын кезеңінде әкесі Тәукебаев Нұрмақ, үлкен ағасы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде үкімет төрағасы (премьер) болған Нығмет және оның жұбайы Зүфнін, балалары Ноян мен Тамара, екінші ағасы республикалық атты әскер полкінің қызметкері Құрманғали Нұрмақов репрессия құрбандары болды. Әкесі – Нұрмақ пен Нығмет ағасы атылып, Құрманғали – Коми АССР Воркута қаласына, жеңгесі – Зүфнүн АЛЖИР лагеріне, ал Нығметтің жас балаларын бір-бірінен айырып, Саратов, Пенза қалаларындағы балалар үйіне жіберді. Туыстары репрессияға ұшыраған әкем Жәмелді де тыныш қоймай, елден Қарағанды шахтасына еңбек армиясы қатарына айдады. Сол жылдан ақталу (реабилитация) қағазы (1956) келгенге дейін жұбайы Әсия, шешесі Шида, қызы Майшамен Қарағандыда тұрды. Майша апамыздан кейін шешеміз жеті құрсақ көтерді. Әкем өмір бойы қарапайым жұмысшы болып істеді. Есімде, ол кісі үй шаруашылығына көп көңіл бөлмеген, үкімет жұмысына берілген тұйық, ұяңдау адам еді. Отбасыда жалғыз өзі ғана табыс табатын адам болғандықтан барлық күш жігерін сол жұмысқа жұмсап, бізді асырады. Шешем – Қарқаралы аймағына белгілі Садырбек қажының немересі, оқымаған және орыс тілін білмейтін еді. Бірақ еті тірі, пысық адам болатын. Сол кездегі өтпелі-төкпелі заманда әкемнің сенімді көмекшісі болып, оның қиын еңбекпен табатын табысын дұрыс ұқсатып, сегіз баланы асырап өсіруге мол үлесін қосты. Әкем Қарқаралы, Қу аймағында алғаш машина жүргізуші (шопыр) болғанын бүгінгі жұрттың бірі білсе, бірі білмейді. Әкемнің шахтада жүріп шопыр болуының өзі бір хикая. Өзінің аузынан естігенім ол жағдай былай болған екен. Сол кезде обком хатшысы болған Дулатов деген адам (фамилиясы осы уақытқа дейін есімде) бір күні жұмыс бабымен әкем істейтін шахтаға келіп қалады. Сондағы жұмысшы адамдардың тізімі арасында Нұрмақов деген фамилия көзіне түседі де, оны шақыртып өзінің шопыры қылып алады. Сол кезден бастап ол кісі біздің отбасыны толығымен өз қамқорлығына алды. Дулатовтың жұбайы Мәскен апай бізді өзінің жалғыз ұлы Наримандай, ал шешемді сіңілісіндей көрді, сыйлады. Мен ол отбасының жақсылығын өмір бойы ұмытпай келемін. Олардың қамқорлығы арқасында біздің тұрмысымыз біршама жақсарды. Аштық көрмедік. Бәрінен бұрын сол кезде бізге көрінген адамның «халық жауының тұқымы» деп әлімжеттік жасап бізді балағаттап, ұрысып, ұратыны тыйылды. Дулатов қызметінен ауысқан соң (Алматыға көшті деп еститінбіз) әкем сол кездегі «Союззаготтранс» атты ірі автошаруашылықта шопыр болды. Есімде қалғаны әкем соғыстан кейінгі жылдары американдық «студебеккер» жүк машинасымен Қарқаралы, Егіндібұлақ аудандарына жүк таситын. Одан соңғы жылдарда басқа облыстарға (Қостанай, Қызылжар, Павлодар, т.б.) шығып, ауыл шаруашылық науқанында егін тасу жұмыстарына белсене қатысып жүрді. Осы жұмыстарда әкем өзінің тиянақтылығымен, темірдей тәртібімен, адамгершілік қасиетімен ұжымда ерекше сыйға бөленді. Осы шаруашылықта істеген жылдары ол Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, бірқатар медальмен марапатталды.

Әлі есімде, автобазаға жаңа машина келсе, оны бірінші әкеме беруші еді, ал оның мінген машинасын алу үшін басқа шопырлар кезекке тұратын. Себебі әкем мемлекет мүлкіне ерекше көзбен қарап, машинасын күтіп ұстаушы еді. Машинасының есігінде тұрақты түрде бірнеше жұлдыздың суреті болушы еді. Олар бұл машина бәленше уақыт капиталдық жөндеусіз жүріп келеді дегенді көрсететін символ болатын. 1957 жылы қолына ақталу қағазы түскен соң біздің отбасымыз әкемнің туған еліне (Егіндібұлақ, қазір Қарқаралы ауданының К.Маркс колхозы) көшті. Ол кейінде «Қоянды» совхозы деп аталды. Оның орталығы тарихқа белгілі Қоянды жәрмеңкесі еді. Совхоз орталығын салып, оның экономикасын қалыптастыруда сол кезде совхоз гаражының меңгерушісі болып істейтін Жәмел Нұрмақовтың және ұлдары Зейнұр, Мұқан, немересі Құралдың да елеулі еңбектері бар. Әкемнің аудан, совхоз басшылары және тұрғындар, әсіресе шопырлар арасындағы беделі өте жоғары болды.

Әкемнің жеке басының мен байқаған өзіне тән ерекшеліктері болды. Ол өте мейрімді, кішпейіл, өзінен үлкенге де, кішіге де «сіз» деп сөйлеуші еді. Осы себептен басшылар әкемді «Жәкең біздің жұмысшы интеллигентіміз» деп атайтын. 1975 жылы зейнет демалысына шықты. Бірақ, оған қарамай совхоз жұмысынан қол айырған жоқ. Жұмыссыз көңілі орнына түспейтін ол, жалақы алмай-ақ совхоз шаруашылығына араласып, қолынан келген көмекті көрсетіп жүрді.

Әкемнің өмірі сол еңбек жолында үзілді. 1976 жылы қараша айында, әлі күз айы болса да күн өте суық, аязды және қарлы, боранды болды. Сонда совхоздың біраз малы жоғалды. Әкем бастаған ауыл ақсақалдары іздеу салып, бірнеше күн жер-жерді аралады. Сол сапарында суық тиіп, кенеттен дүние салды.

Артында қалған балалары, марқұм шешеміздің арқасында өсіп-өнді, отбасын құрды, әкеміздің жолымен еңбек етіп, оның атына кір келтірмей, даңқын арттырып келеді. Қазір әкем мен шешеміздің ұрпақтары еліміздің әр түкпірінде, әр салада енбек етуде. Олардың арасында мұғалім, дәрігер, заң қызметкерлері, ғалым, әкем сияқты қарапайым жұмысшылар да бар.

Аман Нұрмақов,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР профилактиқалық медицина академиясының академигі, С.Ж.Асфендияров атындағы Ұлттық медициа университетінің құрметті профессоры, КСРО және ҚР денсаулық сақтау қызметінің үздігі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.