Өңірде Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған мерекелік безендіру жұмыстары басталды
Қарағанды облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай дайындық жұмыстары басталды. Мерейлі дата қарсаңында өңірдің қала мен аудандарында мерекелік мазмұндағы тақырыптық көрнекі материалдар орналастырылуда.

Атап айтқанда, LED-экрандар мен медиабордтарда Тәуелсіздік мерекесіне арналған бейнероликтер көрсетіліп, қоғамдық көлік аялдамалары безендірілуде. Көрнекі материалдарда ел егемендігі, халық бірлігі, ұлттық тұтастық пен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері кеңінен насихатталмақ.

Мерекелік безендірудің негізгі мақсаты – Тәуелсіздіктің ел мемлекеттілігінің берік негізі, ал егемендік пен бірліктің барша қазақстандықтарға ортақ құндылық екенін айшықтау. Осы арқылы азаттықтың қадірін ұғындырып, өскелең ұрпақтың ел тарихына деген құрметін арттыру көзделген. Қазіргі таңда өңірде мерейтойға арналған көрнекі материалдарды орналастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.

Айта кетейік, 16 желтоқсанда Қазақстан халқы Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Биыл еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанына 35 жыл толады.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ



