Жаңалықтар

Менің арыстарым – бойтұмарым

Өмірде қорған, отбасында сыншы бола білген әкеме тағзым

Марқұм әкем Ахмет Бейсембеков

Ахмет Бейсембекұлы әкемнің арғы тегі XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығы кезінде Орта жүз, Арғын тайпасы, Шор руынан шыққан, түменбасы, Қарқаралы өңірін жаулардан азат ету жолында қазақтың қалың қосынын Тоғалақ, Матақ, Мәнжі батырлармен бірге басқарған атақты қолбасшы Қожан батырдан (1686-1777 ж.ж.) бастау алады.

Бейсембек атамыз – тұқым қуған тектілігін сақтай отырып, ерте жастан діни сауатын ашқан, намазын қаза қылмаған, көзі қарақты, көңілі сарай, ағайын-туыс десе, ішкен асын жерге қоятын, қазағыма тірек бола білген азамат.

Алпыстың алдын тосқан шағында маңдайы торсықтай ұлы дүние есігін ашқан екен, азан шақырып қойылған есімі – Ахмет. Жастайынан діни білім мен салиқалы тәрбиеден нәр алған әкеміз орта бойлы, ашаң жүзді, сөзге шешен, ширақ, еңбекқор болды.

Оған дәлел, әкем 1905 жылы 25 жасында атақты Қоянды жәрмеңкесіне бірнеше адам болып қой айдап, бес биенің сабасында қымыз апарған екен.

Анам 45 жасқа, әкем 72 жасқа келгенде дүние есігін іңгәләп ашқан мен құдды ата-әженің мейіріміне бөленіп, «айналып кетейін», «құлыным» деген сөздерді естіп қимылым еркін, бауырмал, ағайыншыл болып өстім.

Сонымен қатар, тәртіпті, адал, кішіпейіл, қайырымды болу адамға қажет қасиеттер екенін әкем Ахмет Бейсембекұлы мен анам Жауһария Абдулхаюмқызы маған әрдайым ескертіп, артық кетсем, «тентекті тезге салып отырды».

Әкеміздің «Атам қазақ «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп бекер айтпаған. Сендер Абылай заманында ел сыртын жаудан, ел ішін даудан қорғаған, бір-бірімен тату болған Ер, Тоғалақ, Қожан, Матақ бабалардың ұрпағысыңдар» деген сөздерді біздер, ойын баласы, көкейімізге қондырып, мақтаныш сезіміне бөленіп өстік.

Жақсы адам болу, адал өмір сүру мақсатың болса, Алла Тағаланың кеңшілік-мейірімімен ата-баба рухы қорғап, қолдап жүреді деген пайымға шынайы иланамын.

Мейіріммен сусындатқан анамнан, қамқорлық танытқан ағамнан айналдым

Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құнанбай Өскенбайұлы 1851 жылы осы шаһарда мешіт салдырып, өз пәрменімен Алла үйінің алғашқы имамы лауазымына Саратов (Сарытау) жерінің тумасы, Қазаннан келген қари Сайфуллаұлы Хасан ахунды тағайындаған.

Атпал азамат сол мерзімнен бастап Құнанбай мешітінде 18 жыл имам болып қызмет атқарған.

Менің нағашы атам тақуа, қари, дәрігер Мұстафаұлы Абдулхаюм мен Хасан ахун қызы Бибі-Фарида 1894 жылы шаңырақ көтереді. Олардың отбасында сегіз ұрпақ дүниеге келген. Олар – Шаяғзам, Әлиағзам, Шәукен, Шайхслам, Мәруария, Жауһария, Шаймансұр, Лағалия есімді ұл, қыздар.

Марқұмдар: Кәрібай аға мен Зейнеп жеңгем

Бибі-Фарида дүние салғаннан кейін Абдулхаюм екінші рет үйленеді. Екінші әйелінен Махмет пен Күзембай есімді ұлдар өмірге келеді.

«Тектіден текті туады» дегендей, есімі аталған әр ұрпақ өзіндік тағдыры, қасиеті, қарым-қабілетімен ерекшеленеді.

Осы ұрпақтың бірі және бірегейі асыл анам, Хасан имамның жиен немересі Жауһария Абдулхаюмқызы 1907 жылдың күзінде туған. Өмірін ойын қызғалдағы болып бастаса да, жеті жасында сырғалы қыз атанып анасының қолғанаты болады.

Он үште отау иесі демекші, анамыз зерек, инабатты, ісмер бойжеткен болып өседі. 1923 жылы 16 жасында анамыз ақылы асса, аға болатындай, адами қасиеті ерекше Қағазбай Аңқауов есімді азаматпен отау құрады.

Он екі жылдан кейін асыға күткен тұңғышы Мейірқайыр өмірге келеді. Алайда, тыныш өмірдің шырқын 1937 жылғы зобалаң бұзып жібереді…

Анамның екі ағасына «халық жауы» деген айып тағылып, қамауға алынады. Шайхслам ағасы ату жазасына кесілді, үкім орындалды. Шаяғзам ағасы 10 жылға сотталып кетеді.

Ол аздай 1938 жылы анамның жеңгесі Қалқажан Есенқұлқызы «халық жауының» әйелі деп танылып 5 жылға лагерьге айдалады. Олардың ұрпағы менің нағашым Михаил 5 жасқа толмаған, інісі Нұрмаил 2-де, ал, менің ағам Мейірқайыр 3 жаста болған.

30 жасқа енді толса да, туысқандық парызына берік жас ана Жауһария оларды өз қамқорлығына алады. Қиын-қыстау заманда жоқтық-жетіспеушіліктің ащы дәмін татса да, анам үш ұлды бес жыл бойы бір үйдің баласындай тәрбиелеп, өзінде барын үстілеріне жауып, жылы-жұмсағын ауыздарына тосады.

1943 жылы жазалау мерзімін өтеп оралған Қалқажан жеңгесінің қолына екі нағашымды аман-есен тапсырады.

Анамның сағына күткен ағасы Шаяғзам 10 жыл бойы лагерьдің бейнетін көріп, туған жеріне 1947 жылы бір аяқтан мүгедек болып оралады. Бұл әулетке берген тағдырдың тәлкегі осылай болған!

Екі нағашым да анамның адами қасиетіне риза болып, сағынышпен еске алып отырған сәттердің талай рет куәсі болдым.

Анамның ақылшысы, сұрапыл 30-шы жылдары жұртқа тірек бола білген Шаеке ағасы әулетінің бір қанатын қазіргі таңда елінің елеулісі, халқының қалаулысы Михаил аға мен адал жар, асыл ана Күләнда тәтеден өрбіген Жанат, Зинат, Рауан, Руслан есімді азаматтардың үрім-бұтағы абыроймен жалғастырып жатыр.

Екінші қанатын ағайын-туысқа бауырмал болған марқұм Нұрмаил нағашым мен инабатты Бәтима тәтеден Айдар, Раман, Жамал, Аблан, Біржан есімді ұрпағы, қаны бір, жаны бір екі бұтақтың күйеу балалары, келіндері, кейінгі жас буын ата мен әженің аманатына адалдық танытып үкілі үмітін ақтауда.

«Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген нақыл сөздің астарында ана сүті мен асыл қасиеті айшықталып тұрғаны сөзсіз.

Соғыс жылдарындағы тағдыр

Анамның өмірінде басына түскен тағы бір сынақ туралы айтпақпын. Ата-ана мейіріміне әлі қанбаған Мейірқайыр ағам алты жасқа келгенде Ұлы Отан соғысы басталып, асқар тау әке Қағазбай әскер қатарына шақырылады.

Отағасынан қол үзіп қалған отбасының ендігі қамқоршысы, анамның серігі бола білген Мейірқайыр ерте есейіп, еңбек жолын 8 жасында жазда қырманда қосақталған тайларды қуалап бидай бастырудан бастайды.

«Томар» колхозында 1948 жылға дейін жұмыс істейді. Сол заманда өзімен бірге өскен достары бала болып, асық ойнамаса да, жеңіске өз үлестерін қосып, елең-алаңнан тұрып, түннің бір уақытына дейін жұмыс істеп, қолдары босай қалса концерт қойып үлкендердің алғысын алып отырған.

Олардың еңбектері еленіп тыл ардагерлері атанды. Анам колхоз жұмысына бір кісідей араласып жан аямай еңбек етеді.

Қарағаш ауылында тұрып ағамның оқуын қадағалап, оқушыларды бағып-қағып интернатта тәрбиеші болып, мұғалімдер мен оқушылардың ыстық ықыласына бөленеді.

Ілім-білімге құштарлығы бар жас ұландар, оның ішінде Мейірқайыр ағам бар, 10-сыныпты Қарқаралыдағы №1 қазақ орта мектебінде тәмамдайды.

Анамның батасын алған жас түлек 1952 жылы Алматыдағы тау-кен институтына түсіп, осы оқу орнын 1957 жылы «Түсті металлургия» мамандығы бойынша бітіріп, жолдамамен Өскемен қаласындағы қорғасын-мырыш комбинатында қызметке орналасады, цех бастығы дәрежесіне дейін көтеріліп, табысты еңбек етеді…

1941 жылы соғысқа аттанған Қағазбайдан хат-хабар болмайды. Мейірқайыр аға әкесін сан жылдар бойы іздестіреді, алайда, Мәскеудегі Қорғаныс Министрлігі мұрағатынан «хабар-ошарсыз кетті» деген бір сарынды жауап келіп отырады.

Ағамның 60 жыл бойы ыждаһаттылықпен іздестірген жұмысы, анамның жұбайына деген адал махаббаты мен үкілі үміті, шынайы сенімі мен сезімі ақталып, Ресей үкіметінің пәрменімен, «Память народа» ақпараттық жобаның көмегімен ерлікті айғақтайтын мұрағат мәліметтерден бұлтартпас дәлелдер табылып 1943 жылы ерлікпен қаза тапқан Қағазбай Аңқауов есімі 2014 жылы маусым айында Ресейдің Белгород облысы, Яковлев ауданы, Смородино селосындағы бауырластар зиратындағы №89 гвардиялық атқыштар полкі жауынгерлерінің қатарында «Ер есімі – ел есінде» атты мәңгілік естелік тақтасына қашалып жазылды.

1941-1945 жылдар аралығында Қарқаралы ауданынан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып қаза тапқан 1227 әке, аталарымыздың, 227 боздағымыздың хабарсыз кеткені, арасында 22 азамат Томар ауылынан екені анықталып отыр.

Мыңнан аса әскермен бірге 12 жауынгер жерлесіміз Воронеж облысы, Терновое селосын әскери көмек келгенше ерлікпен қорғап ауыр шайқаста жан тапсырған.

Оған дәлел: Мейірқайыр Қағазбайұлының 5 жыл бойы Мәскеу, Алматы, Қарағанды қалаларында мұрағаттық деректерді саралап, ақиқатқа көз жеткізіп, Томар ерлерінің есімдерін аталмыш селодағы бауырластар зиратының тақтасына жаздырып, азаматтық борышын орындауы («Ortalyq Qazaqstan». 26.12.2020).

1948-1949 жылдары «Томар» колхозының азаматтары Мұздыбай Рысқұлов, Жайсаңбай Құлкин, Жақсылық Бәсімбеков, Байбосын Бекбаев аталарымызға ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сабыр Ахметов ата Ленин орденімен марапатталды.

Мейірқайыр ағамның ізденіс-зерттеу жұмыстары өз нәтижесін берді. 1958 жылы Шығыс Қазақстан облысы өнеркәсіп саласында ерекше жетістіктері үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алған Бәкір Ыбыраев атамыздың 1905 жылы Темірші өңірінде, қазіргі Томар ауылында дүниеге келіп 20 жасына дейін туған топырағында мал алатын шағында аққан жұлдыздай өмірден өтті. Жарқын бейнесі көзден кетсе де, көңілден кетпес!

Аға деген жігітті жаным десе болмас па?

Ахмет әкемнің алғашқы қосағынан 1938 жылы Кәрібай ағам өмірге келеді.

Кіші ағам 13 жасынан Кеңөлкеде өмірге араласып, Тоқылдақта, одан кейін Томардың өз басында зейнеткерлікке шыққанға дейін тракторист, комбайнер, механик, су құбырына жауапты маман болып аянбай еңбек етті, елдің алғысына бөленді.

Марқұм болғандар: Жауһария анам, Мейірқайыр ағам, Асқар мен Дәулет бауырларым

Әкемізден біраз қасиет дарыған кіші ағам сонымен бірге, аттың әбзелдерін жасайтын шебер атанды. Ол сабырлы, байсалды, жанұясына және достарына адалдық танытқан азамат болды.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға қошемет көрсете білу қасиетін ағам Кәрібай мен ақылына көркі сай, үйдің, сырттың шаруасын тындырып тастайтын, ісмер, текті отбасынан шыққан жеңгем Зейнеп Өмірбайқызынан үйрендім десем артық болмас.

Менің бес жасымда хат танып, алты жасымда көрші болған көнекөз қарияларға білте шамның жарығымен «Батырлар жырын» оқып беріп отыру қабілетімнің қалыптасуына біріншіден, ағам мен жеңгемнің үйдегі шағын кітапханасы себепші болса, екіншіден, аяулы жандарымның кітап оқуға деген құмарлығы мен маған «кітапты досыңдай таңда» деген ақыл-кеңесінің нәтижесі шығар.

Марқұм Мейірқайыр ағам Ресейде бауырластар зиратында жерленген

Мектепке барғанда олар менің оқуым мен тәртібімді қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырды.

Қазағым «ағасы бардың жағасы бар» деп текке айтпаған ғой…

Кәрібай мен Зейнеп 32 жыл тату-тәтті өмір сүріп, 4 ұл, 4 қызға асқартау әке, аяулы ана бола білді.

Бүгінгі таңда ағам мен жеңгем арамызда болмаса да артында оларды ұмытпайтын, сағынатын ұрпағы бар. Олардың ішінде адалдықты, адамгершілікті ту етіп ұстаған жанның бірі Серік мезгілсіз қайтыс болған. Серіктің ұлы Айдын да аққан жұлдыздай өмірден өтті.

Арттарында қалған Зейне мен Әсемге сабырлық, жүрек тыныштығын тілейміз. Інжу мен Айнамкөз өмірлеріне мән сыйлап жарығы үзілмесін!

Рымбай, Рымкүл, Айгүл, Ержан, Сәуле, Назгүл, Ерлан есімді ұл-қыздары, немере, шөберелері сапалы білім, салиқалы тәрбиенің негізінде әулет сабақтастығына дәнекер болып, ел қатарлы адал еңбек етіп өмір сүріп жатыр.

Әулет аманаты

Қамқоршы атасының қолдауымен немерелер жоғары білім алып, өз мамандықтары бойынша табысты еңбек етуде.

Болашағы үмітке толы, Мекеңнің жаны жайсаң екінші ұлы Дәулеттің де ғұмыры ұзақ болмады. Иманы мәңгілік жолдас болсын!

Жаңбырбай есімді мен – Мейірқайырдың бауырымын. Жан ағам 10 жасымнан бастап маған әрі аға, кейін әке орнында болды. Оқытты, тоқытты, тәрбиеледі.

Адал жарым Айманмен шаңырақ көтергенде демеушім болып, батасын беріп еді. Айман білім беру саласында 40 жылдай еңбек етіп, ұлағатты ұстаз атанып 2012 жылы құрметті демалысқа шықты.

Мен 50 жылдай ғұмырымды жоғары білім беру саласына арнап келемін. Ұлымыз Данияр, қызымыз Риза бір-бір отау құрып, қызметтерін істеп қуаныш сыйласа, сүйікті немерелеріміз өмірімізге мән, тұрмысымызға сән беруде.

Өмірден өтер алдында Мейірқайыр атасы оларға батасын беріп, разылығын білдіріп кетті.

«Тектілердің тұяғы, Таңдайды құз-қияны» дегендей Мейірқайыр ағам 2015 жылы Меккеге барып бес парыздың бірін орындап келді.

Сексеннің сеңгіріне келгенде қажылық ағама Жаратушының сүйікті құлына берген сыйы болар!

Алла берген адами қасиеті елден ерек, әулеттің тірегі болған Мейірқайыр Қағазбаев 86 жасында дүниеден өтті.

Үлкен жауапкершілікті талап ететін лауазымды қызметтер атқарып ауданның, Қарағайлы кентінің экономикасы, әлеуметтік-мәдени саласының дамуына 30 жылдай саналы ғұмырын сарп еткен бейбіт өмірдің батыры ретінде халқының жадында қалды.

Ата-анадан қалған аманат

6-13 жас аралығында біздей ауыл баласы ат жалын тартып мініп, жылқыны суарып келуге, омбы қарда ат жарыстырып, құлын байласып, бие сауғызып, малды айдап табынға қосуға, өрістен қайтқан малдың алдынан шығып, түгендеп, айдап келіп қораға кіргізуге, қозы-лақ көгендеуге көмектесіп, мал төлдегенде, қырықтық науқанында немесе қой тоғытқанда, мал жайғағанда, ат әбзелдерін жасағанда әке-шешеміздің жанынан табылатын едік.

Ерте тұрып, әкемізбен отын жинауға барып, мая үюға қолғабыс етіп, ағаш жарып, самаурын, Аблан, Біржан есімді ұрпағы, қаны бір, жаны бір екі бұтақтың күйеу балалары, келіндері, кейінгі жас буын ата мен әженің аманатына адалдық танытып үкілі үмітін ақтауда.

…Әкем 14 жасымда өмірден озғанда жарты дүние бос қалғандай күй кештім. Өмір сынағы мендей жасөспірімді есейтіп «әке аманаты – ұрпаққа борыш» екенін түсініп, анама қамқоршы болу қарызымды орындау қажет екенін сезіндім.

Ата-анамыз біздің рухымызды еңбекпен шыңдап, өз нанымызды, нәпақамызды адал жолмен табуға тәрбиелепті. Олар бізге әрдайым ерінбей тірлік жасап, ешкімге жалынбай, сұраншақ болмай саналы өмір сүрудің ең адами жолын үйреткенге саяды.

Сондықтан, қайырымды ұрпақ ретінде ата-анамызды көкке көтеріп аяласақ, біз де қара жерде құр қалмаспыз.

Ата-анамыз Алланың бізге берген нығметі ғой…

Тағзым

2026 жылы әкем Ахмет Бейсембекұлының өмірден озғанына – 60 жыл, анам Жауһария Абдулхаюмқызының қайтыс болғанына – 25 жыл, Мейірқайыр Қағазбайұлының дүниеден өткеніне – 5 жыл, Кәрібай Ахметұлының жарық дүниемен қоштасқанына – 33 жыл, Зейнеп Өмірбайқызының бақилық болғанына – 24 жыл толып отыр.

Мақалада есімдері аталған о дүниелік болған арыстарымның, замандас, замырларын тамызық дайындауға, пеш жағып, күл шығаруға, үйдің тас еденін сулап сыпырып шығу, құрақ көрпелерді қағып-сілкіп келу, уақытында бір шәугім су қайнатып, дүкеннен қант-шай, мәмпәси алып келуге, қажет болса көрші-қолаңның шаруасына қолғабыс етуге, ата-әжелерге барып, сәлем бере отыра, олардың хал-жағдайын біліп, шайға шақыруға, бұлақтан шелекпен, кәткелі шанамен су тасуға, қора тазалауға, малға жем-су беріп, шөп салуға жарап, қолғанат болған екенбіз.

Томар ауылымның азаматтарының жаны жәннатта, тәні рахатта болсын! Нұры пейіште шалқысын!

Жоғарыда әңгіме өзегі болған әулеттердің жер басып жүрген ұрпағының, бізге тілеулес, тілеуқор игі жақсылардың ғұмыры ұзақ болғай!

Жаңбырбай ҚАҒАЗБАЕВ,

”Құрмет” орденінің иегері, академик Е.Бөкетоватындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің еңбек сіңірген қызметкері

Суреттер автордан

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button