Руханият

Қазақтың «Керей ханы»

Қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма теат­рының актері Қайрат Кемаловтың дүниеден озғанына бір жыл толуына орай өнер иесінің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылып, жарқын бейнесін ұлық­тау­ға арналған тағылымды шара өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова мәдениет және өнер саласының өкілдері, әріптестері мен шәкірттері қатысып, сахна саңлағы туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, Қайрат Кемаловтың өнердегі және өмірдегі болмысына тоқталды.

– Бүгінгі тағылымды шара – Қайрат ағамыздың саналы ғұмырында атқарған еңбегіне, өнер жолындағы өлшеусіз қызметіне көрсетілген зор құрмет пен тағзым. Мен үшін Қайрат Кемалов өнер әлемінің есігін ашқан тұлға, өмірлік ұстазым болды. 10-сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет Сәкен театры сахнасында сомдаған рөлін көріп, ерекше әсер алдым. Кейін мектебімізге арнайы шақырып, жастармен кездесулер ұйымдастырдық. Сол сәттен бастап екі жыл бойы тәлімін алып, жанында жүру бақыты бұйырды. Уақыт зымырап өтсе де, Қайрат ағамыздың жарқын бейнесі, адамгершілік қасиеті мен өнерге адалдығы жүрегімізде сақталып қалды. Соңында өшпес із, мол рухани мұра қалдырды. Оның сахнада сомдаған бейнелері мен шығармашылық жолы әлі талай буын өнерпазға өнеге болып, рухани азық беретініне сенемін. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! – деді Әлібек Үсенұлы.

Сонымен қатар, Рымбала Омарбекова да сөз алып, Қайрат Кемаловтың азаматтық болмысы мен шығармашылық тұлғасына ерекше тоқталды. Терең білімге құштарлығы жайында сөз қозғап, кейінгі буынға қамқорлығын тебіреніспен еске алды.

– Қайраттың актерлік шеберлігі өз алдына бір төбе. Ол өнерімен ғана емес, терең білімімен, ізденімпаздығымен де дараланды. Кейінгі буынның кәсіби қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Қайратты тыңдап отырып, оны сырттай бақылаған сайын: «Бір адамның бойына осыншама талант қалай сыйған?» деген ой еріксіз келетін. Оның болмысында өзгеге ұқсамайтын ерекше келбет, жүзінен төгілген табиғи жылылық бар еді. Ал, қоңыр да әсерлі үні, анық дикциясы – оның актерлік қолтаңбасына айналды, – деді Рымбала Кенжебалақызы.

Адамның ғұмыры мен еңбегіне берілетін ең үлкен баға – халықтың құрметі. Өнерімен ел жүрегінен орын алған Қайрат Кемаловтың да ғибратты ғұмыры, өнегелі жолы бүгінде ізгі естелікке айналды. Марқұмның әулеті атынан сөз сөйлеген Асылхан Сейдімбек бауырымен бірге өткен балалық, жастық шақтағы естелігімен бөлісті. Әрі көрсетіліп жатқан құрмет үшін ұйымдастырушылар мен театр ұжымына ризашылығын білдірді.

Өнерге адалдықтың, өз ісіне деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісін көрсеткен талантты актердің есімі кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Ал, сахнада сомдаған жарқын бейнесі мен өнердегі өнегелі жолы, адамгершілік қасиеті ел жадында мәңгі сақтаулы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button