Руханият

Әдебиет әлеміндегі ұлағатты ұстаз

Әдебиеттің сырын терең танып, табиғатын жан-жақты зерттейтін маңызды ғылым саласы – әдебиеттану. Осы саланың білгір маманы Жандос Қожахметұлы Смағұлов ағамыз биыл 70-ке толып отыр.  Ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалымның ғажайып ғұмыры, жүріп келе жатқан жолы, қалыптастырған мектебі жайында сөз қозғасақ, бір адамның жалынды жастық шағы, өмірдің орта белесіндегі өнімді кезі және кемелденген  керемет тұсы көз алдымызға келеді. Әрі ұстаз, әрі ғалым Жандос Қожахметұлы білім мен ғылым теңізіндегі айсбергке ұқсайды. Уақытпен бірге алға жылжыған айсберг-аға – бәріміздің де ұстазымыз, бағыт-бағдар беретін бағдаршамымыз. Ғалым-ұстаздың шәкірттері ретінде ол кісіден тек білім ғана алғанымыз жоқ, сонымен қатар адамдықтың, адамгершіліктің де әліппесін алдық, үйрендік.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біз алғаш университетке келгеннен бастап оқу бітіргенше ағайдың сабақтарынан әдебиетке қатысты көп нәрсені білдік. Оқу бітірер кезде біздің жазған дипломымызға ғылыми жетекші болды. Ағайдың ақыл-кеңесі мен бағыт-бағдарының арқасында ғылыми жұмысымызды әрі қарай магистратурада жалғастырдық. Екі ғылыми жұмысты да үздік бағаға қорғадық. Сол үшін де ағайға алғысымыз шексіз. Кейде ағай қыздарға: «Қазір оқып алыңдар, ертең біреудің нәскиін жуып жүріп, қолдарың тимей кетеді…» – деп айтатын. Кейін ойлап қарасақ, сол кезде қыздарды да қайрап, білім-ғылымға деген намысты оятқаны екен. «Ізденсін, ғылымға көңіл бөлсін» деген ниеттен туындаған жаңашырлық лебізі екен.
Жандос Қожахметұлының ғылыми әлеуетін танытатын  еңбектеріне назар аударсақ,  алдымыздан үлкен тізімнің шығары сөзсіз. Соның ішінде ең негізгілерін  айтсақ, «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы»,  «Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолдары», «Ұлттық әдебиеттану әлемі», «Бата сөздерінің тағылымдық табиғаты», «Әдебиеттану ғылымынан ғылыми зерттеуді ұйымдастыру жолдары», «Әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері», «ХХ  ғасырдағы қазақ әдебиеттану ғылымы », «Әдебиеттану әдіснамасы», «Тағылымға тағзым», «Абыз дала, аңыз дала – Ақтоғай», «Тұрсынбек Кәкішұлы», «Ғылымдағы ғұмыр» тәрізді толағай еңбектер зерделі ғалымның өмір бойғы ізденісі мен шалқар шабытының жемісі, нәтижесі деп білеміз. Жандос ағайдың қаншама жылғы еселі еңбегін  таразыға тартып, түк қалдырмай айтып шығу,  не тәптіштеп толық келтіруге көлемді уақыт қажет. Бір анығы, еңбекқор жанның мезгілдің әр кезеңінде тыным таппай ізденіп жүргенін, ғылым тереңіне бойлап немесе ғылым қиясына көтеріліп бара жатқанын көресің. Кез келген шәкіртке ақыл-кеңесін аямай, ізгілікті іс-әрекетпен еңбек еткені – кейінгі толқынға үлгі-өнеге дер едік. Хакім Абайдың: «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз…» – дейтін өлеңіндегі біз іздеген ғажап ғалым осы Жандос ағайымыз ғой. Біз әрқашан ол кісіні құрметтеп-сыйлап,   ақылшы аға, тәжірибелі тәлімгер, өнегелі ұстаз ретінде жоғары бағалаймыз.  Ағайдың берген сабағы  өте қызықты болып өтетін.  Әр сабағында тақтаның алдында қолы аппақ бор болып, тақырыпты жаны қалмай түсіндіріп жататын… Кейде үстіндегі киіміне жұққан бордың аппақ ізіне де көңіл бөлмейтін. Сырт қараған адамға біртүрлі көрінгенімен, бұл қылықтар ұстаздың болмысына әбден жарасатын. Ол да ұстаздың өзіне ғана тән әдісі мен өзіндік ұстанымы еді. Әр тақырыптың ішіне кіріп кетіп, «студенттерге толық жетсе екен» деген тілегі мен ниеті болар.
Ал ғылымдағы жолына келер болсақ, жалпы ғылым туралы академик Серік Қирабаевтың:

«Ғылыми ізденіс дегеніміз – ғылыми әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, белгілі бір объект жөнінде жаңа білім қалыптастырумен аяқталатын жүйелі және арнайы мақсатқа көзделген объектілермен танысу. Оның негізінде адам әрекетінің ең қиын түрі – ғалымның таным қызметі.
Ғылымда әуелден дәстүр, сабақтастық, жауапкершілік бірінші орында тұрады» –

дейтін парасатты пікірі бар екен. Біздің ұстазымыз да осынау қиын да күрделі жолды таңдап, өткен мен бүгіннің дәнекері болып, жауапкершілік жүгін арқасына артып, алға қарай болашаққа беттеп барады.
Ғалымның зерттеулеріндегі басты ерекшелік – әдебиеттану тарихын ұлттық таным тұрғысынан қарастыруы. Қазақ әдебиеті мен әдебиеттануының туу, қалыптасу жолдарын зерттей отырып, ол әдеби мұраның тарихи мәнін, ғылыми ойдың сабақтастығын, ұлттық әдеби сынның даму ерекшеліктерін айқындауға жол ашқан.

Қай кезде де әдеби сын – қаламгер шығармашылығына баға берумен ғана шектелмейтін күрделі сала. Ол әдебиеттің даму бағытын анықтап, көркемдік ізденістерге алып барады. Осы тұрғыдан алғанда, Жандос Қожахметұлының әдеби сынға қатысты ізденістері де қазақ әдебиетінің көркемдік табиғатын тануға қызмет етеді. Ғалым әр туындыны тарихи кезеңмен, қоғамдық ой және ұлттық дүниетаныммен сабақтастыра қарастыруға мән береді. Жандос ағайдың ғылыми еңбектерінен әдебиетке деген құрметпен қатар, ұлт тарихына, ұлттық руханиятқа деген жауапкершілік анық байқалады. Ол әдеби мұраны тек өткеннің ескерткіші ретінде емес, бүгінгі ұрпақтың рухани қалыптасуына ықпал ететін тірі құндылық ретінде бағалайды. Ғалымның зерттеу аясының кеңдігін оның түрлі әдеби-ғылыми мәселелерге арналған мақалаларынан да аңғаруға болады. Мәселен, қазақ әдебиеттануындағы көркемдік әдіс мәселелеріне, әдеби сын тарихына, ұлттық әдебиеттанудың ғылыми мектептеріне қатысты зерттеулерінде әдеби үдерістің күрделі табиғатын пайымдауға ұмтылыс бар.
Жандос Қожахметұлы қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым ғана емес, ұстаз ретінде де ерекше сый-құрметке ие. Ұстаздық – оның ғылыми жолының ажырамас бөлігі. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде 1982 жылдан бері еңбек етіп, студенттер мен жас зерттеушілерге әдебиет пен әдебиеттанудың қыр-сырын үйретіп келеді. Ғалымның шәкірттері үшін оның дәрісі – тек ғылыми мәлімет беретін сабақ емес, ұлттық әдебиетті танудың, әдеби ойлаудың және ғылыми ізденістің мектебі. 
Ұстаздық еңбектің басты нәтижесі – шәкірт. Жақсы ұстаз өзінен кейін білімін ғана емес, ғылымға деген адалдықты, еңбекке деген жауапкершілікті, ұлт руханиятына деген құрметті қалдырады. Жандос Қожахметұлының ұзақ жылғы педагогикалық және ғылыми қызметінің мәні де осында жатыр.

Әрине, жетпіс жас – адам өміріндегі үлкен белес, айбынды асу! Бұл – өткен жолға көз салып, атқарылған еңбекті бағамдайтын, кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұраға үңілетін мерейлі кезең.
Жандос ағайдың өмір жолы – ғылымға адал болудың, ұлттық әдебиетті құрметтеудің, ұстаздық міндетті абыроймен атқарудың өнегесі. Ғалымның еңбектері қазақ әдебиеттануының тарихын жүйелеуге, әдеби сынның даму жолдарын саралауға, ұлттық ғылыми ойдың қалыптасу кезеңдерін тереңірек тануға өзіндік үлес қосып келеді. Әлі де талай еңбек дүниеге келер деген үмітіміз бар.
Осы орайда, Жандос Қожахметұлын мерейлі 70 жасқа толуымен шын жүректен құттықтаймыз! Қазақ әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбегі, ұстаздық жолдағы өнегесі, ұлттық әдебиет пен әдеби сынның дамуына қосқан үлесі ұрпақ жадында сақтала берсін.        

Бағира РАХИМБАЕВА
Алмагүл
 АМЕТОВА
 Е.А.Бөкетов атындағы  ҚарҰЗУ,
Қазақ тілі практикалық курсы кафедрасының аға оқытушылары

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button