АймақБас тақырыпРуханият

Қарағандылық жастар жазушы-публицист Бигелді Ғабдуллинмен кездесті

Е. Бөкетов атындағы ұлттық зерттеу университетінде белгілі публицист, жазушы және қоғам қайраткері Бигелді Ғабдуллинмен шығармашылық кездесу өтті. Тағылымы мол кездесуде қаламгер өзінің журналистикаға келу жолы, кәсіби тәжірибесі, қаламгерлік ізденістері мен қоғамдық қызметі туралы студенттер мен оқытушы құрамға әңгімелеп берді. Сондай-ақ журналист мамандығының жауапкершілігі, сөз бостандығы, шығармашылық еркіндік және қоғам алдындағы азаматтық ұстаным мәселелеріне тоқталды.

Суреттер университеттің баспасөз қызметінен

Бигелді Ғабдуллин – қазақ журналистикасы мен әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер. Оның публицистикалық еңбектері мен шығармашылық ізденістері қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерін зерделеуге, оқырманды ойландыруға бағытталған. Журналистика мен әдебиетті қатар алып жүрген қаламгердің шығармашылығы сөз өнерінің мүмкіндіктерін, қалам иесінің қоғам алдындағы жауапкершілігін және шынайы ойдың маңызын танытады.

Ол 1955 жылы 31 шілдеде Ақмола облысы, Макинка ауданы, Қыстау Қарағай ауылында туған.1980–1983 жылдары «Ленинская смена» (қазіргі «ЭкспрессК») газетінде тілші қызметін атқарып, әдеби бірлестікті басқарды. Сонымен қатар, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті жанындағы республикалық жастар шығармашылығы бірлестігі төрағасының орынбасары болды. 1983–1985 жылдары «Казахстанская правда» газетінде тілші болып еңбек етті. 1985–1989 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Ал, 1997 жылдан бастап жарық көре бастаған «ХХІ век» газетінің бас редакторы болды.

«Өмірді түсінуге құштарлық», «Жанымыздан тазалық арылмасын», «Ғасырларға санамыз саяхаттап», «Тәубеге келу», «Тарих пен тарихилық», т.б. еңбектері жарық көрді.

Ғ. Мүсірепов, Ә. Әбішев, Т. Кәкішев және С. Бердіқұловтың бірқатар мақалалары мен әңгімелерін, сондай-ақ Х.Рақымовтың «Сеңгір сырлары» трилогиясының екі кітабын, Т. Жұртбаевтың «Алып тұлға» деректі повесін және Қ. Жұмаділовтің «Атамекен» романын орыс тіліне тәржімалады. Бұдан бөлек, «Режим и сопротивление» (2001) және «Серьезный разговор» (2008) атты кітаптарын жарыққа шығарды. 2001–2004 жылдары оның мақалалары АҚШ-тағы беделді «The Washington Post» және «The Washington Times» басылымдарында жарияланды.

«Құрмет» ордені мен Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығының иегері.

Кездесу аясында қатысушылар автордың кітаптарымен танысып, шығармаларының мазмұны мен негізгі идеялары туралы пікір алмасты. Әдеби туындылардың астарындағы ой, қаламгердің өмірлік ұстанымы мен қоғамдық құбылыстарға көзқарасы талқыланып, журналистика мен әдебиеттің өзара сабақтастығы жөнінде тағылымды ойлар ортаға салынды.

Басқосу барысында университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қаламгерге көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Әңгіме журналистің кәсіби жауапкершілігі, ақпараттың шынайылығы, шығармашылық ізденістің мәні, сөз бостандығы және өмірлік құндылықтар төңірегінде өрбіді. Сонымен қатар, Бигелді Ғабдуллин студенттерге авторлық кітаптарының мазмұнымен, жазылу тарихымен таныстырды.

Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button