Ерлан Қарин: Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру тәртібіне үлкен өзгеріс енгізіледі
Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы Мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның төрағасы Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2026 жылғы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған туындылардың ешқайсысы комиссия мүшелерінің айқын басым дауысын иеленбеді. Дауыс беру қорытындысында жұмыстарды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болды.
Осы ретте Ерлан Қарин мемлекеттік сыйлықтың жеке тұлғаға емес, нақты шығармашылық туындыға берілуі керектігін атап өтті. Оның пікірінше, үміткердің танымалдығы, мерейтойы немесе материалдық жағдайы марапаттау кезінде негізгі өлшем болмауы тиіс.
«Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс», – деп жазды комиссия төрағасы.
Ол конкурс нәтижесін дұрыс қабылдау қажеттігін де еске салды. Мысал ретінде 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласында лайықты жұмыстар болмағандықтан, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлықтың берілмегенін атады.
Комиссия отырысының қорытындысында Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру жүйесіне тұтастай реформа жасау мәселесі көтерілген. Ерлан Қариннің атап өтуінше, қазіргі талаптар мен марапаттау тәртібі уақыт талабына сай қайта қаралуы керек.
«Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек. Мысалы, әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін беріледі», – деді ол.
Комиссия төрағасы алдағы уақытта мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі мен ережесіне ауқымды өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ Ерлан Қарин 2000 жылдардан бері Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың 60-қа жуық адамға берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен сыйлық иегерлеріне төленетін қаражат көлемі де артқан. Сондықтан марапатқа ұсынылатын шығармалардың деңгейі мен сапасы осы мәртебеге сай болуы қажет.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



