Қарағандыда 5 айлық баланың жүрегіне ота жасалуда
Қарағанды өңірінде балалар кардиохирургиясын дамыту мақсатында үлкен игі іс басталды. «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «JÜREK» туа біткен жүрек ақаулары бойынша емделушілерге білім беру жобасы аясында елордалық білікті мамандар кеншілер өлкесіне арнайы келіп, күрделі жүрек кінәраты бар сәбиге ота жасап, жергілікті дәрігерлермен тәжірибе бөлісті.

«University Medical Center» корпоративтік қорының балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Дмитрий Горбунов бұл сапардың басты мақсатын түсіндіріп өтті.
– Біз бүгін «Heart Center Foundation» қоры ұйымдастырған іс-шара аясында келіп отырмыз. Мұндағы басты мақсатымыз – дәрігерлер мен пациенттердің ата-аналары арасында тікелей байланыс орнату, сондай-ақ, жергілікті әріптестерімізбен бірлесіп, күрделі оталар жасау, – дейді Дмитрий Валерьевич.
Дмитрий Валерьевич – халықаралық деңгейде білім алған жоғары білікті маман. Ол кезінде «Болашақ» бағдарламасымен Германияның Батыс бөлігіндегі Фрайбург университетін тәмамдаған. Көптеген жылдар бойы елордадағы үлкен клиникада балалар кардиохирургиясы саласын дамытып келеді. Оның айтуынша, бұған дейін де астаналық дәрігерлер Қарағандыда ота жасаған, бірақ дәл осы жолғы кінәрат бойынша ота өңірде алғаш рет.

Жедел хирургиялық ота Теміртау қаласынан келген небәрі 5 айлық Максим есімді сәбиге жасалды. Кішкентай Максимге қойылған диагноз – атриовентрикулярлық септальді ақау.
Дмитрий Валерьевичтің айтуынша, бұл – күрделі отаның бірі. Өмірде жиі кездескенімен, әр баланың жүрек анатомиясы әр түрлі. Сондықтан, әр науқасқа ерекше тәсіл қолданылып, жеке емдеу шаралары жүргізіледі.
Қазіргі уақытта мұндай диагнозы бар балалардың ата-аналары ота жасату үшін Астана немесе Алматы қалаларына баруға мәжбүр. Ал, алдағы уақытта бұл оталар Қарағандының өзінде-ақ жасала бастайды. Осылайша науқас және олардың жақындары басқа қалаларға атарылтпай, өз өңірінде ем алатын болады.
Астаналық әріптестерімен иық тіресе ота жасаған жергілікті мамандардың бірі Қарағанды қаласындағы №2 көпсалалы аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғанибек Асқарұлы.
Дәрігердің айтуынша, кішкентай Максимнің отасы ауыр санатқа жатады. Себебі 5 айлық сәбидің жүрек ақауынан бөлек, өкпе гипертензиясы мазалайды. Хирургтар бұл жолы екі жамау салып, пластика жасау әдісін қолданады. Ота барысында митральді және трикуспидальді клапандар қалпына келтіріледі.
– Мұндай ашық оталар орташа есеппен 4-5 сағатқа созылады. Ал егер эндоваскулярлық, яғни жабық тәсілмен жасалатын оталар болса, олар әлдеқайда тез, шамамен 1-2 сағат ішінде аяқталады. Бірақ әр баланың жағдайы, кінәраттың ауырлығы әртүрлі болғандықтан, әр науқасқа ерекше, жеке тәсіл қолданылады, – деп түсіндірді бөлімше меңгерушісі Ғанибек Асқарұлы.
Статистикаға сүйенсек, мұндай кінәраттың кездесу жиілігі орташа есеппен 10 жағдайдың төртеуінде байқалады. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Дегенмен, Ғанибек Асқарұлы Қарағанды облысында функционалдық диагностика жақсы дамығанын және ауруды ерте анықтау деңгейі тиісті дәрежеде екенін жеткізді.
Өңірдегі балалар кардиохирургиясының негізін қалаған Ғазиз Қабылтайұлы екенін құрметпен атап өтті. Бүгінгі таңда Қарағандыда балалар кардиохирургиясы саласында айтарлықтай өсім бар. Мұнда жылына орташа есеппен 60-тан 80-ге дейін күрделі ота жасалады. Дәрігерлер тек кеуде қуысын ашып қана қоймай, заманауи эндоваскулярлық тәсілмен де балалардың өмірін арашалап жүр.
Елордалық және қарағандылық хирургтардың бұл бірлескен жұмысы аймақтағы медицинаның әлеуетін арттырып, жүрегінде кінәраты бар талай бүлдіршіннің толыққанды өмір сүруіне жол ашпақ.
Айжан БЕЙБІТ,
ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



