Қарағанды облысында медициналық көмекке қолжетімділік артады
Қарағандыда алғашқы медициналық-санитариялық көмекті (МСАК) дамытуға бағытталған инвестициялық басымдықтар талқыланды. «Денсаулық сақтау саласына инвестициялар» тақырыбындағы дөңгелек үстелге Денсаулық сақтау министрлігінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, «Turar Healthcare» КЕАҚ-ның, Қарағанды облысы әкімдігінің және денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.

Қарағандыда жағдай қалай?
Кездесудің негізгі өзегі – медициналық нысандарды көбейту ғана емес, оларды халықтың нақты қажеттілігіне қарай жоспарлау. Себебі, тұрғын саны, демографиялық ахуал, сырқаттанушылық, көші-қон, аумақтың қашықтығы мен кадр тапшылығы секілді факторлар ескерілмесе, салынған нысанның өзі медициналық көмектің қолжетімділігін толық қамтамасыз ете алмайды.
Бүгінде облыста 1,1 миллионнан астам адам тұрады. Өңірдегі МСАК (медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету) ұйымдарының желісі 409 нысанды қамтиды. Алайда, олардың барлығы бірдей талапқа сай емес. Мәселен, 185 нысан немесе жалпы желінің 45,2 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, 180 нысанның тозу деңгейі 50 пайыздан жоғары. Ал, 70 елдімекенде МСАК нысаны мүлдем жоқ. Бұл шамамен 7,6 мың тұрғынның медициналық көмекке қолжетімділігіне әсер етеді. Мәселе, мұнымен шектелмейді. Өңірде 131,25 дәрігерлік штат бірлігі көлемінде тапшылық бар. Оның 34,25 штат бірлігі ауылдық және аудандық МСАК нысандарына тиесілі. Әсіресе, Ақтоғай мен Қарқаралы аудандарында, сондай-ақ, Приозерск қаласында маман тапшылығы жоғары.

Халық санының өсуі де қолданыстағы медициналық ұйымдарға түсетін салмақты арттырып отыр. 2020-2025 жылдары облыс халқы 6,7 пайызға өскен. Қарағанды қаласындағы емханаларда жүктеме белгіленген нормадан 20-25 пайызға жоғары. Кейбір 12 елдімекенде нақты жүктеме жобалық қуаттан 1,5 еседен астам асып кеткен. Алыс ауылдар үшін тағы бір өзекті мәселе – көлік қолжетімділігі. Облыстағы 174 елдімекенде тәулік бойы автокөлік қатынасы жоқ. Бұл әсіресе, шалғай елдімекен тұрғындары үшін медициналық көмекке уақытылы жетуді қиындатады.

Сұраныс өзгерсе, жүйе де өзгеруі керек
Ұсынылған деректерге сүйенсек, 2035 жылға қарай облыс халқы 1,08 миллион адамға дейін азаюы мүмкін. Бұл – қазіргі көрсеткіштен 4,5 пайызға төмен. Ауыл халқының 27,7 пайызға дейін қысқаруы ықтимал.
Бір қарағанда халық саны азайса, медициналық ұйымдарға деген қажеттілік те төмендейтіндей көрінеді. Алайда, жағдай бұдан күрделірек. Болжам бойынша, 2035 жылға қарай сырқаттанушылық деңгейі 100 мың адамға шаққанда 66 мың жағдайға дейін өсуі мүмкін. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 9,7 пайыздық өсім. Ал, медициналық ұйымдарға келушілер саны жылына шамамен 11,8 миллионға жетуі ықтимал. Бұл қазіргі көрсеткіштен 22 пайызға көп. Демек, мәселе халық санының азаюында ғана емес. Халықтың жас құрылымы, ауру түрлерінің өзгеруі, урбанизация, көші-қон және медициналық қызметтерге сұраныстың артуы да ескерілуі керек. Осыған байланысты жаңа жоспарлау жүйесінде бірнеше фактор қатар қарастырылады. Олар – халық саны мен оның болжамы, демографиялық ахуал, сырқаттанушылық, аумақтық қолжетімділік, халықтың нақты келу көрсеткіші және медициналық көмектің жаңа түрлері. Оның ішінде, телемедицина мен мобильді медициналық бригадалардың мүмкіндігі де ескеріледі.
Жаңа тәсіл бойынша медициналық нысанды салу немесе жаңғырту туралы шешім жеке қабылданбайды. Алдымен сол аумақта медициналық көмекке қаншалықты қажеттілік бар екені анықталады. Одан кейін қолданыстағы нысандардың қуаттылығы, тозу деңгейі, халыққа дейінгі қашықтығы, дәрігерлер мен орта буын мамандарының жеткіліктілігі сараланады. Инвестициялық жобаларды іріктеу кезінде де бірнеше өлшем ескеріледі. Оның ішінде демографиялық қажеттілікке 25 пайыз, эпидемиологиялық тәуекелге 15 пайыз, аумақтық қолжетімділікке 15 пайыз, инфрақұрылымның жағдайына 15 пайыз, әлеуметтік-экономикалық тиімділікке 15 пайыз, кадрлық қамтамасыз етуге 10 пайыз және нысанның маңыздылығына 5 пайыз салмақ беріледі.

Осылайша, қаржы алдымен медициналық көмекке қажеттілігі жоғары, инфрақұрылымдық алшақтығы мен тәуекелі көп аумақтарға бағытталмақ.
– Жақында бізге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен «Turar Healthcare» өкілдері келіп, ауданымызда кездесу өткізді. Біз оларға медициналық ұйымымыздың инфрақұрылымын көрсетіп, жұмыс барысымен таныстырдық. Кездесу барысында ДДСҰ мен «Turar Healthcare» тарапынан денсаулық сақтау жүйесіне инвестиция салу жоспарланып отырғаны айтылды. Бұл инвестициялар жергілікті деңгейде шешу қиын болып отырған, соның ішінде қаржыландыру тапшылығына байланысты жүзеге аспай келе жатқан мәселелерді шешуге бағытталмақ. Екінші маңызды мәселе – инфрақұрылымды дамыту. Бізде медициналық ғимараттарға, оларды жөндеуге қатысты белгілі бір қажеттілік бар. Бұл мәселе де инвестициялық жобалар аясында қарастырылып, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға қолдау көрсетіледі, – деді Бұқар жырау аудандық ауруханасының директоры Қуандық Мұстафин.
2035 жылға жоспар батыл
Қарағанды облысы бойынша 2035 жылға дейінгі болжамды қажеттілік те есептелген. Оған сәйкес, өңірде 43 жаңа МСАК нысанын салу қажет. Тағы 47 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 138 нысанды жаңғырту немесе оңтайландыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 217 медициналық ұйымды қосымша жабдықтау қажеттілігі анықталған.
Алдын ала есеп бойынша, 43 жаңа нысанның құрылысына 7,16 млрд теңге, күрделі жөндеу мен жаңғыртуға 5,75 млрд теңге қажет. Жалпы болжамды инвестиция көлемі 12,92 млрд теңгені құрайды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 2035 жылға қарай 200 мыңнан астам адамның медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру көзделген. Сонымен бірге қолданыстағы нысандарға түсетін жүктеме азайып, медициналық ұйымдар арасындағы халық ағынын тиімді бөлуге мүмкіндік туады.
Жалпы, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту енді тек жаңа ғимараттар салумен өлшенбейді. Басты мәселе – қай жерде, қандай нысан қажет екенін дәл анықтау. Халық саны өзгеріп, медициналық сұраныс артқан жағдайда жүйе де соған бейімделуі тиіс. Сондықтан, «алдымен қажеттілік – кейін инфрақұрылым» қағидаты өңірлік медицинаны жоспарлаудың негізгі ұстанымына айналмақ. Бұл тәсіл қаржыны тиімді жұмсаумен қатар, медициналық көмекті халыққа барынша жақындатуға бағытталған. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоспар тек жалпы қажеттілікті анықтаумен шектелмейді. «Turar Healthcare» КЕАҚ мамандары Қарағанды облысының әр ауданы бойынша инвестициялық портфель қалыптастырып, нақты нысандар мен олардың қаржылық қажеттілігін де есептеген.

Стратегиялық жоспарға сәйкес, облыста МСАК-ты дамыту бойынша 90 инвестициялық позиция қарастырылған. 2033 жылға дейінгі жалпы жобалық қажеттілік 12,92 млрд теңге көлемінде бағаланған. Оның ішінде 43 жаңа нысан салу және 47 нысанға күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Инвестициялық портфельге Бұқар жырау, Осакаров, Нұра, Ақтоғай, Қарқаралы, Абай аудандары, сондай-ақ, Теміртау, Балқаш және Шахтинск қалаларындағы нысандар енгізілген.
Қаржыландыру да бірнеше кезеңге бөлінген. 2024-2026 жылдары шамамен 1,26 млрд теңге көлеміндегі бастапқы және дайындық жұмыстары жүргізілсе, негізгі инвестициялық кезең 2027-2029 жылдарға тиесілі. Бұл аралықта қажеттілік 6,55 млрд теңгені құрайды. 2030-2033 жылдары тағы 5,11 млрд теңге көлеміндегі жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Мұндай жоспарлау тәсілі қаржыны бір мезетте жұмсаудан гөрі, жобаларды алдын ала дайындап, олардың құжаттамасын, сараптамасын, техникалық жағдайын және жер мәселесін уақытында шешуге мүмкіндік береді. Өйткені, құрылыс басталғанға дейінгі дайындық сапасы кейінгі жұмыстың мерзімі мен құнына тікелей әсер етеді.

Инфрақұрылым да, кадрда қажет
Медицинадағы технологиялар мен қызмет көрсету тәсілдері өзгерген сайын медициналық ғимараттарға қойылатын талаптар да соған бейімделуі тиіс. Осы бағытта «Turar Healthcare» нормативтік-техникалық базаны жаңарту бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Қолданыстағы құрылыс нормаларының бір бөлігі 2014 жылдан бері айтарлықтай өзгермеген. Ал, бүгінгі медицинада МРТ, ПЭТ-КТ секілді күрделі диагностикалық жабдықтар, триаж жүйесі, ана мен баланың бірге болуына арналған палаталар, инфекциялық ағындарды оқшаулайтын фильтр-бокстар сияқты жаңа шешімдер кеңінен қолданылуда. Сондықтан, медициналық нысанды жобалау кезінде оның тек шаршы метрі емес, ішкі құрылымы мен медициналық технологияға сәйкестігі де маңызды.

Жаңа талаптардың тағы бір бағыты – артық шығынды қысқарту. Медициналық нысандарды жобалау барысында бұрыннан келе жатқан, қазіргі технологиялық процестерге сәйкес келмейтін кейбір талаптарды алып тастау арқылы қажетсіз алаңды азайтуға болады. Бұл құрылысқа ғана емес, кейінгі ғимаратты күтіп ұстауға жұмсалатын шығынға да әсер етеді. Сонымен қатар, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімді орта қалыптастыру, инфекциялық қауіпсіздікті күшейту, медициналық және басқа да ағындарды дұрыс бөлу мәселелері ескерілмек.
Медициналық инфрақұрылым туралы сөз болғанда ғимарат пен жабдық қатарында кадр мәселесі де бірінші орында тұрады. Өйткені, жаңа емхана немесе амбулатория салынғанымен, онда жұмыс істейтін маман болмаса, нысанның толық қуатында жұмыс істеуі мүмкін емес. Талдамалық есепте МСАК-тағы штаттық нормативтерді қайта қарау қажеттігі де көтерілген. Қазір мамандар санына қатысты талаптар бірнеше нормативтік-құқықтық актіде әртүрлі белгіленген. Бұл өз кезегінде белгілі бір қайшылықтар мен түсініксіздіктерге әкеледі. Сондықтан, мамандар кадр қажеттілігін бірыңғай әрі икемді жүйе арқылы есептеуді ұсынады. Мұнда тек бекітілген халық саны емес, тұрғындардың жасы мен жынысы, сырқаттанушылық деңгейі, аумақтың ерекшелігі және медициналық қызметке сұраныс ескерілуі тиіс. Бұл ретте кадр мәселесін ғимарат жобаланып болғаннан кейін емес, бастапқы кезеңнен шешу маңызды. Себебі, мамандар құрамы қандай болатыны медициналық кабинеттердің санын, олардың көлемін, жабдықталуын және нысанның жалпы құрылымын анықтайды.

Цифрлық жоспарлау – келесі қадам
Жаңа жүйеде цифрландыруға да ерекше мән берілмек. Қарағанды облысының денсаулық сақтау инфрақұрылымы бойынша геоақпараттық цифрлық карта жасалып, медициналық нысандар туралы мәліметтерді бір жүйеге біріктіру көзделген. Бұл карта арқылы нысанның орналасқан жерін, халықтың оған дейінгі қашықтығын, оның жағдайын, қуаттылығын және айналасындағы медициналық ұйымдармен байланысын бағалауға мүмкіндік туады.
Кадр қажеттілігін де цифрлық форматқа көшіру ұсынылып отыр. Жүйеге бекітілген халықтың жасы мен жынысы, сырқаттанушылық, аумақтың ерекшелігі және нысанның түрі енгізілген кезде, штат саны автоматты түрде есептелетін модель қалыптастыру көзделеді. Бұл өз кезегінде адам факторына тәуелділікті азайтып, медициналық ұйымның кадрлық қажеттілігін, еңбекақы қорын және ықтимал тәуекелдерді алдын ала бағалауға жол ашады.
Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»



