Қарағанды кардиоорталығында операциялық блок салынады
Қарағанды облыстық көпсалалы кардиологиялық орталығында жаңа рентген-операциялық блок салынып, заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылады. Сонымен қатар жүрек пен қан тамырларына, соның ішінде аз инвазивті әдістермен күрделі операциялар жасауға мүмкіндік беретін қосымша ангиографиялық қондырғылар сатып алу жоспарланып отыр.

Кардиологиялық орталықтың жұмысымен, медициналық мүмкіндіктерімен және даму жоспарларымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты.
Бүгінде орталықта жыл сайын жүрек пен қан тамырларына 3 мыңға дейін ота жасалады. Алайда қазіргі уақытта рентген-операциялық блок бейімделген үй-жайда орналасқан. Соған қарамастан, бөлімше пациенттердің үлкен ағынына қызмет көрсетіп келеді.

Қазір бөлімшеде төрт ангиографиялық қондырғы жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын тағы үшеуге арттыру көзделген. Жаңа жабдықтар операциялар санын көбейтіп қана қоймай, өңірде әзірге қолжетімсіз жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.
– Біз тағы үш заманауи ангиографиялық қондырғы сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл операциялар тізімін кеңейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, біз жүрек қақпақшаларын қан тамырлары арқылы ауыстыруды, митралды қақпақшаның жетіспеушілігін емдеуді, сондай-ақ жүрек ырғағының бұзылуын хирургиялық емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуді жүргізе аламыз, – деді кардиоорталықтың директоры Ержан Нұрлыбаев.
Сапар барысында облыс әкіміне орталықтың өзге де бөлімшелері таныстырылды. Солардың бірі – жаңадан ашылған госпитальдық фармация бөлімшесі.

Мұнда медициналық орталықтың барлық бөлімшесіне қажетті дәрі-дәрмектер дайындалады. Бұған дейін медбикелер препараттарды тікелей өз бөлімшелерінде әзірлейтін. Енді олар дәрігерлердің тағайындауларына сәйкес дайын дәрі-дәрмек жиынтығын алады. Бұл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үдерісін жүйелеуге, медицина қызметкерлерінің жүктемесін азайтуға және пациенттерге күтім жасауға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Рентген-операциялық блок құрылысымен қатар, кардиоорталықта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Кешенді жоспарға үй-жайларды қайта жоспарлау және күрделі жөндеу, төсек-орын қорын 200 орынға дейін ұлғайту, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерін кеңейту кіреді. Сонымен бірге заманауи ультрадыбыстық диагностика бөлімшесін ашу және орталық инфрақұрылымын жаңарту жоспарланған.

Жаңғырту нәтижесінде орталықтың жылдық өткізу қабілетін 5 мыңнан 8 мың пациентке дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл облыс тұрғындарына жоғары технологиялық кардиологиялық көмекті қолжетімді етіп, тексеру мен емделуді күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
– Кардиологиялық орталықты дамыту – өңірдің денсаулық сақтау жүйесін нығайтудағы маңызды қадам. Бұл жоғары технологиялық медициналық көмекті облыс тұрғындарына қолжетімді етуге және адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Кардиологиялық орталықты жаңғырту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттермен үндеседі. Президент әлеуметтік және азаматтық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын.

Орталық ғимаратын аралап көргеннен кейін Ермағанбет Бөлекпаев медицина қызметкерлерімен және бөлімше басшыларымен кездесті.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



