Руханият

Театрлар салтанаты

Театр өнерін сүйетін көрерменнің назары Қарағандыға аумақ. Кеншілер шаһарында 4-7 маусым күндері I Халықаралық шағын театр формалары фестивалі өтеді. Шығармашылық іс-шара Музыкалық комедия театры мен «Буратино» студиясының алаңдарында ұйымдастырылады. Көрермен эксперименталды театр мен камералық өнердің ерекше атмосферасын тамашалай алады. Фестивальге Қазақстан, Ресей мен Қырғызстан және Өзбекстанның театр ұжымдары қатысады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Шағын театр формасы – әрбір деталь, әр қимыл мен сөз зор маңызға ие болатын жанр. Мұндай қойылымдарда көрерменнің назары пластика мен эмоцияға шоғырланады. Бұл – театр өнерін ықшам, бірақ өте әсерлі форматта көруге мүмкіндік бермек.

Бағдарламада сегіз спектакль бар. Ертегі мен драмадан бастап, моноопера мен стендапқа дейін қамтылған.
Атап айтқанда, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры фестивальде екі қойылым ұсынады. 4 маусымда қуыршақтармен қойылатын «Махаббат туралы аңыз» (16+) пластикалық спектаклін көрсетеді. Ал, 7 маусымда «Жалғыз» (14+) моноспектаклінің премьерасымен түйінделеді.

Ресейдің Жуковский қаласынан келетін «Стрела» драма театры стендап-ретрит жанрындағы «Жалаңаш» (18+) спектаклін алып келеді. Қойылым Үндістандағы буддистік монас­тырьға материал іздеп барған журналист қыздың оқиғасына негізделген.

Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдің қуыршақ театрлары балаларға арналған «Қоңыз, өрмекші және көбелек», «Алтын бұлбұл», «Элджернонға арналған гүлдер» спектакльдерін сахналайды. Бұлардың барлығы – әлемдік деңгейде классика деп мойындалған шығармалар.

Франсис Пуленктің «Адам дауысы» және Джан Карло Меноттидің «Телефон» моноопераларын Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры қояды. 16 жастан асқан көрермендерге арналған қойылым жаппай телефондандыру мен адамдардың гаджетке тәуелділігі мәселесін қозғайды.

Владимир Набоковтың романы желісімен қойылған «Король. Дама. Валет» (14+) психология­лық драмасын Қырғызстаннан келген театр ұжымы көрсетеді.
Фестиваль аясындағы барлық спектакльдерге кіру тегін.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button