Мәдениеттер тоғысы
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жамбыл Жабаев: Ақын мұрасы – Қазақстан мен Ресейдің мәдени үндестігі» тақырыбында халықаралық онлайн-кездесу ұйымдастырылды. Бұл тағылымды іс-шара Қазақстан мен Ресей арасындағы рухани және мәдени байланысты нығайту, Жамбыл мұрасын жаңа ғылыми тұрғыда зерделеуге бағытталған маңызды алаңға айналды.

Ресей Ұлттық кітапханасы, Алматыдағы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі, Тараздағы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі онлайн қосылып, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің өкілдері офлайн қатысты.
«XX ғасырдың Гомері» атанған ақынның рухани мұрасын әр қырынан саралап, оның әлем әдебиетіндегі орны мен маңызына тоқталған кездесуде филология ғылымдарының кандидаты Лариса Харитонова Жамбыл поэзиясының жаһандық мәдени кеңістіктегі мәнін айрықша атап өтті.
Жамбыл музейінің экскурсоводы Сара Қуатқызы ақынның жеке заттары мен сирек фотосуреттері арқылы оның өмір жолын кеңінен таныстырды. Ал, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің өкілі Ұлжан Мақсатқызы ақын мұрасын сақтау мен дәріптеу бағытындағы жүйелі жұмыстар туралы баяндады.
Санкт-Петербургтен қосылған Шушана Жабко пікірі болды. Ол Жамбыл есімінің Ресей жұртшылығы үшін, әсіресе, Санкт-Петербург тұрғындары үшін ерекше құрметке ие екенін атап өтті.
– Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңі сұрапыл соғыс жылдарында қоршауда қалған қала тұрғындарына рух беріп, үміт сыйлаған тарихи туынды. Бұл поэзиялық туынды халықтарды біріктірген рухани күш ретінде бүгінге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ, – деді ол.
Одан бөлек, облыстық бейнелеу өнері музейінің бөлім меңгерушісі Снежана Черкасова Жамбыл бейнесінің кескіндеме мен графика өнеріндегі көрінісіне талдау жасап, ақын тұлғасының көркем өнердегі символдық мағынасына тоқталды.
Бұл халықаралық кездесу Жамбыл мұрасының Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени диалогты тереңдететін маңызды рухани көпір екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



