Мәдениет – рухани иммунитет
Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, архив – тарихи жады, кітап – кемел келешектің кілті. Аймақта мәдениетті дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтап, жас ұрпаққа жеткізуде жұмыстар жүйелі. Өңірде 570-ке жуық мәдениет ошағы жұмыс істесе, онда 12 мыңнан астам маман руханиятқа қызмет етеді. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлымен аймақтың мәдени әлеуеті туралы әңгімелестік.

– Біз кейде мәдениет дегенде, таяз ойлап, тар шеңберді шарлап қалатынымыз рас. Мәдениеттанушылар, әлбетте, руханияттың қызғыш құсы емес пе?
– Жалпы, мәдениет – өте ауқымды ұғым. Қарағанды облысында 570-ке жуық мәдениет ошағы жұмыс істейді. Мәдениеттанушылардың негізгі міндеті – ұлттық рухани құндылықтарды сақтау, тарихи жадымызды жаңғырту және қоғамның мәдени деңгейін көтеру. Архивтерде халқымыздың жазба тарихы сақталса, кітапханалар адамды өзін-өзі жетілдіруге бағыттайды, мұражайлар өткенімізді танытады, театрлар эстетикалық талғам мен адамгершілік құндылықтарды қалыптастырады. Мәдениет деген тек әнші мен концерт емес. Бұл – адамның ішкі жан дүниесін байытатын, ұлттық сананы қалыптастыратын, рухани тәрбиелейтін орта. Сондықтан, мәдениеттанушылар – қоғамның рухани иммунитетін қалыптастырушылар.
Адам өмірінде екі маңызды қажеттілік бар: бірі – күнделікті азық, екіншісі – рухани азық. Қалған дүниенің бәрі екінші орында. Рухани құндылықтар – қоғам үшін аса зор мәнге ие. Ұлттық дәстүр, мәдениет және тарихты терең білу – міндет. Ол үшін мұражайларда тарихи жәдігерлер цифрлық технологиялар арқылы таныстырылуы тиіс. Театр қойылымдары классиктердің цитаталарын қолдануы керек. Республикалық іс-шаралар ұлттық мұраны көрсетуі қажет.
Қысқа уақыттық әсер қалдыратын лазерлік немесе дрон шоулардан гөрі кітап оқудың пайдасы орасан. Кітаптың рухани дамуға ықпал ететіні мәлім. «Кітап оқитын ұлт» секілді жобалар ұлттық сананы нығайтуға үлкен үлес қосады.
– Заманауи үрдістер мен ұлттық болмысты қалай үйлестіруге болады?
– Заманауи технологиялар ұлттық болмысқа қарсы емес. Керісінше, оларды ұлттық мәдениетті насихаттауға тиімді пайдалануға болады. Мысалы, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар – тарихи тұлғаларды виртуалды түрде сөйлетіп, мұражай жәдігерлерін интерактивті форматта көрсетуге мүмкіндік. Бұл жастардың қызығушылығын арттырады. Алайда, технология тек көмекші құрал. Ұлттық болмыстың өзегі – тіл, діл, мәдениет және руханият. Осы құндылықтарды сақтап, жаңа технологияларды тиімді етсек, ұлттық мәдениет жаңа деңгейге көтерілері хақ.
– Жастардың өнерге, әдебиетке және тарихи мұраға деген ынтасын күшейту үшін қандай қадамдар қажет?
– Қазіргі жастар өнерге құштар. Десек те, әдебиет пен тарихқа қызығушылықты арттыру үшін заманауи әдістер қажет. Кино, телевидение, әлеуметтік желілер және цифрлық контент – ең тиімді құралдар. Тарихи фильмдер, деректі жобалар, әдеби байқаулар мен кітап оқу марафондары жастардың дүниетанымын кеңейтеді.
Қарағанды облысында кітап оқуды насихаттауда іргелі жұмыстар атқарылуда. Ондаған мың адам кітап оқуға тартылды. Әр ауыл мен аудан орталығында заманауи кітапханалар мен коворкинг орталықтарын дамыту шарт. Бұл жастардың өзін-өзі жетілдіруіне мүмкіндік береді.
Цифрлық дәуір мәдени мұраны сақтауға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Архив құжаттарын, сирек кітаптарды және мұражай қорларын цифрландыру – уақыт талабы. Жасанды интеллект арқылы виртуалды көрмелер ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Бұл, әсіресе, жастардың қызығушылығына әсер етеді. Дегенмен, қайталап айтамын, технология – негізгі құрал емес, көмекші. Ең бастысы – ұлттық тарихымызды, дәстүрімізді және рухани құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу.
– Ұлт мәдениетін жаңғыртуда өңірдің әлеуеті қандай?
– Қарағанды облысының мәдени және туристік әлеуеті өте жоғары. Өңірде Қарқаралы, Балқаш сияқты тарихи және табиғи аймақтар, көптеген археологиялық ескерткіштер бар. 6 маусымда Қарқаралыда «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» атты этнофестиваль өтеді. 12 маусымда археологиялық мұраға арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылады. Ал, 19-20 маусымда Балқашта «Balkhash Tour Fest» фестивалі жоспарлануда. Бұл жобалардың барлығы туризмді, мәдениетті және ғылымды тоғыстырып, өңірдің ұлттық мәдениетті жаңғыртудағы әлеуетін көрсетеді.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



