Өжет қыздың өнері

Мейрамгүл!
Мейрамның гүлі, мерекенің нұры…
Адам баласының азан шақырып қойған есімі тағдырына әсер етеді дегенге сенбейтін едім. Шынымен, солай екен.
Менің бүгінгі кейіпкерім, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің конфераньсесі Мейрамгүл Кәріпжанова 9 мамыр мерекесі қарсаңында өмірге келіпті. Есімін атасының бауыры, соғыс ардагері Кәрімхан ақсақал: «Ұлы Жеңістің жаңғырығындай жарқылдап ғұмыр кешсін! Есімі Мейрамгүл болсын», – деп, ырымдап қойған екен. Сол Мейрамгүл жиырма жылға уақыттан бері базары тарқамаған Арқа жұртының алқалы жиынында тізгін ұстап, мейрамның гүлі болып келеді. Ал, бойындағы өжеттігі ардагер ата ырымының қырын кетпегенін аңғартады.
…Мейрамгүлдің өнерге өгей болуға һақысы жоқ. Туған жері – Ақсораңы ән болып асқақтап, Тоқырауыны әуен болып тербелген ән бесігі Ақтоғай, өскен жері – Мәдидің асқақ үні қалықтаған қасиетті Қарқаралы. Ол аз десеңіз, нағашы жұрты – «Аспанның аясында ән шалқытқан» дүлдүл Әсет Найманбаевтың елі.
Һәкім Абайдан қалған «Өнерпаз болсаң, арқалан» деген тәмсілде батпандай ауыр жүк, асқан жауапкершілік жатыр. Сол бір рухани жауапкершілікті Мейрамгүлдің жұдырықтай ғана жұмыр жүрегі бала кезінде-ақ сезінген. Туған нағашысы Қайрат Қаппасов аспап атаулының бәрін кәсіби деңгейде меңгерген бесаспап өнерпаз еді. Сол Қайрекең қолына сырнайын алса, өзінің колготкиін басына киіп алып, екі балағын бұрым ретінде желкілдетіп ән айта жөнелетін бала Мейрамгүлдің бал қылығына барлығы сүйсініп, үлкендер батасын беріп жататын. Дуалы ауыздан шыққан бата қабыл болып, сол Мейрамгүл сахнаның сандуғашына айналды.
Ол заманның теледидарында екі-ақ арна болатын еді ғой. Бірі – одақтың, екіншісі – Қазақстанның арнасы. Сол екі арнадан көрсетілетін концерттердің ешқайсысын мүлт жібермей көретін Мейрамгүлдің «Әнші боламын!» деген ақ қанатты арманы сол кезде оянды. Әуезді үні, әдемі даусы бардың барлығы әнші болып, киелі сахнада жүрген жоқ. Бұралаңы көп өнер жолында мақсатыңа жету үшін нәзік бола тұрып, өжет болуың керек. Жарлы болсаң да, арлы болу – шарт. Жұлдыз болуың мүмкін, қарапайым бола алмасаң, өнерге өгейсің. Талабың таудай болса да, табанды болмасаң, еңбегің – зая. Яғни, өмір мен өнердің талабын тең ұстамасаң, ауыздықпен алысқан асау тұлпардай аласұрған тағдыр толқындары жағаға шығарып тастаған күні өкінішке ұрынасың…
Осынша күрделі жолды таңдағанда, Мейрамгүл көп ойланды. Жаны нәзік, жолы ауыр қыз баланың алдындағы мың сан міндет, қастерлі парыз ойланбасқа қоймады. Қыз бала ең әуелі жар құшып, перзент сүйіп, Ана атануы керек. Ал, үйдегісінен түздегісі көп өнер жолы бұл мақсатқа сүріндірмей жеткізе ме? Оның үстіне, сол дәуірдің адамдарында «Әртістің бәрінде ар болмайды. Олар үшін жеке өмір түк емес» деген қалыптасып қалған. Әлгінде айтып өткен өмір талабының өрнегіне айналған ізгі қасиеттердің барлығы оқумен келіп, қолмен жасалатын дүние емес. Өжеттік те, арлылық та, қарапайымдылық та, парасаттылық та – адам бойына қанмен, тәрбиемен келетін құндылықтар. Әуелде тығырыққа тірелген Мейрамгүлді бойына атаның күшімен, ананың сүтімен, отбасындағы тәрбиемен сіңген осы құндылықтар құтқарып қалды. Тәуекел етіп, өнер жолын таңдады.
Пендешілігінен имандылығы басым тұрды. Нәзіктігі мен өжеттігін, талабы мен табандылығын құс қанатындай қатар сермеп, қандай жағдайда да бағына емес, арына жүгінді. Өнерге іңкәр жүрек арманына айдындағы аққудай әсем қалқып, жақындай түсті.
Ажарлы ару Мейрамгүлді Арқа жұрты келісті келбет, сырлы сымбатынан емес, сандуғаштай сайраған үнінен танитын болды. Иә, біраз жылдан бері ән айтпай жүр. Оңашада, шағын ортада, ағайын-туыс, дос-жаранның той-қызығында сағындырған сандуғаш үнімен бір шырқағаны болмаса… Киелі сахнаға тек жүргізуші ретінде шыққанының өзі Мейрамгүлдің бұлбұл үнін сағынған көптің қанағатына қазық болып жүр.
Мейрамгүл дайын сценарийді сыдыртып оқып шығатын жүргізуші емес. Ол – амандасуының өзімен-ақ көрерменді баурап алатын кәсіби маман.
– Мен әрбір салтанатты шараны жүргізуге ұйықтамай дайындаламын. Тақырыпқа сай кітаптар ақтарып, дайын сценарийді ару тіккен кестедей әсемдеп, әрлеуге ұмтыламын. Құнарлы сөз құлақтан гөрі жүрекке сіңімді болады ғой. Әрбір жүргізген концертім немесе салтанатты шарам ел көңілінен шығып жатса, ол – менің талғампаздығымнан болар деп ойлаймын, – дейді өзі.
Шынымен де, Мейрамгүлдің әуезді үні мен жоғары мәнері келесі орындалар әннің ырғағымен үндес шығып жататынына талай рет көз жеткіздік. Әннің табиғатын таныған талғам, әншінің талантын бағалаған жүргізуші ғана кешті солай тізгіндесе керек.
…Мейрамгүл – Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі. Алтынбек Қоразбаевқа 5-сынып оқып жүргенде бірнеше рет хат жазып, хатына жауап келмей, күдерін үзе бастаған шақта Алтынбек ағасы Қарағандыға гастрольдік сапармен келеді. Ол кезде Алтынбектің шәкірті, қазіргі қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мейрамбек Беспаев «Бозторғай» әнімен танымал болып, ән айтуға икемі бар бүкіл қазақ баласы «Бозторғайды» шырқап жүрген. Мейрамгүл де айтады. Алтынбек Қоразбаевтың Қарағандыдағы концертіне өзі бара алмаса да, қалада тұратын нағашы әпкесі арқылы тағы да хат жолдайды. Содан кейін көп күттірген жауап та келді.
«Мейрамгүл, сәлеметсің бе?
Сенің бірнеше хатыңды алдым. Жауап жазуға уақыт болмады. Ол үшін кешірім сұраймын!
Менің әндерімді орындайды екенсің. Қазақстанның түпкір-түпкірінде менің әндерімді орындайтын барлық талапты жас – менің шәкірттерім. Сен де – менің шәкіртімсің! Өзің де, өнерің де менің назарымда болады. Сәтін салса, кездесерміз. Өзім тауып аламын.
Сәлеммен Алтынбек ағаң», – деген хат келген сәттегі Мейрамгүлдің қуанышында шек болмайды. Көктен бесінші кітап түскендей қуанған бала Мейрамгүлдің бар аңсары Алматыға ауады. Ол арманы да алдаған жоқ. Бір күні Қарағайлы кентіне Алтынбек ағасы шәкірттерімен келе қалып, Мейрамгүлдің көктен тілегенін жерден берді. Қазақ өнерінің бүгінгі абызы Алтынбек ағаның Қарқаралы, Қарағайлыға жасаған бұл сапары шалғайдағы ауыл баласы Мейрамгүлдің маңдайдағы бағын жағып, Арқадан Алатауға жол шығарды. Бір жыл қазақ әнінің ақтаңкері Жәнібек Кәрменовтің сыныбында оқып, қайран Жәкең қаршадай қыздың ұстазына ғана емес, сырласына айналды. Дәріс кезінде әр әннің тарихына кеңінен тоқталып, адамгершілік, өнер адамының болмысы жайында ұзақ сырласатын еді.
8-сынып бітіріп, каникулда жүрген кезінде Жәнібек ұстазы өмірден озды. Сол сәтте Мейрамгүлдің өнер жолындағы сапары тұйықталып, уақыт тоқтап қалғандай болған.
– Жәнібек ағаны сағыну арқылы күнделік жазуды үйрендім. Каникулдан келген бетте Жәнібек ағаның үйіне барып, Тұрар апайға көңіл айттым. Екеуміз қосыла егіліп, Жәнібек ағаны жоқтадық. Ұстазымның қазасы мені бір сәтте есейтіп жіберген еді, – деп мұңаяды Мейрамгүл өнердегі ұстазын еске алған сәттерінде.
Иә, жақсы адамдарды, өміріңе шуақ сыйлап, жүрегіңе мейірім нұрын сепкен жандарды сағына білу – кемел кісіліктің белгісі. Мейрамгүл сағына біледі. Оның жүрегіндегі мейірімді тұңғиық жанарына қонақтай қалған мөлдір мұң арқылы сезінуге болады. Бірақ, ол көп мұңаймайды. Өйткені, ол – өжет қыз. Өжеттік – өнердің қорғаны. Сонда да, Мейрамгүлдің мейірімді жүрегі сағыныштың бесігіне айналып кеткен. Ол сахнадан түсіп бара жатып, қайтадан сахнаны сағынады. Оның өмірі, оның тағдыры сахнаға бекініп алған.
Сіздер де Мейрамгүлдің ән айтқанын сағынып жүрген боларсыздар… Сабыр етіңіздер, Мейрамгүл оралады.
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»



