Руханият

Әнші мерейі

Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық ән байқауының бас жүлдегері, Мәди Бәпиұлы атындағы, Манарбек Ержанов атындағы, Қасым Аманжолов атындағы республикалық ән байқауларының лауреаты, Арқаның ардақты әншісі Құрмаш Ыбышев 60 жасқа толды. Мерейтойға орай Кеншілер мәдениет сарайында әншінің «Әніме ұйып тына бер…» атты ән кеші өтті.

Сурет Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің баспасөз қызметінен

Мерейтой иесі әннің көшін Біржан салдың «Жалғыз аршасымен» бастап, дауысын аңсап келген тыңдарманын қиқулаттырды. Ақан серінің «Жамал қызымен» бір тербеп алды. Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін шырқап, «ән!» деп келген көңілді әуелетті. Балуан шолақтың «Ғалия­сын», «Сейтжан салдың «Қанатталдысын», Манарбек Ержановтың «Паравозын» шырқады.

Мәдениет саласының үздігі Сырым Хордин мен республикалық байқаулардың лауреаты Гүлмира Тапай және Нұрлытаң Саятқызы есімді Арқаның талантты әншілері қазақтың классикалық әндерін әуелетті.
Құрмаш әкенің өнер-өмірінің жалғасы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ІV курс студенті Әлия Құрмашқызы Евгений Тростянскийдің «Кадриль» туындысын шырқады.

Әншінің туған өлкесі Қарқаралыдан аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ілияш елдің сәлемін арқалап келді.

– Құрмаш Ыбышев – сонау Темірші тауынан түлеп ұшқан тастүлек. Бүгінде 60 жасқа толып, қастерлі халқына есеп беріп жатыр. Осындай талантты ұлын халқы қадірлейді. Өнерді аялайтын, оған адал Құрмаш Ыбышевтай қазақтың дарындары көп болсын деп тілейміз! – деді Нұржан Ілияш.

Талантты перзентіне Қарқаралының халқы ат мінгізіп, иығына шапан жапты.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button