Мұхтар мұнарасы
Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтон төрінде қазақ руханиятының заңғар тұлғасы, абыз жазушы, зерттеуші-ғалым Мұхтар Мағауиннің құрметіне арналған тарихи һәм тағылымды іс-шара өтті. Алыс құрлықта қазақ сөзінің алтын діңгегін қадаған қаламгердің бейітіне құлпытас қойылып, оның есімімен аталатын Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығы ресми түрде есігін айқара ашты.

Құлпытас орнату рәсімі Вашингтон түбіндегі «Парклон Мемориал» (Parklawn Memorial) пантеонында өтті. Жазушының ұлы, белгілі қаламгер Едіге Мағауиннің айтуынша, ескерткіштің әрбір сызығы мен бедерінде тұтас бір ұлттың шежіресі мен Мұхтар Мағауиннің ғұмырлық мұраты тоғысқан. Құлпытастың тау бейнесінде жасалуы – қазақтың өткен тарихы мен ата-бабаларымыздың асқарлы жолын нышандайды. Ескерткіштің артқы бетінде жазушы өмірінің соңында толық тәмамдап кеткен көне түркі жазулары мен таңбалары қашалса, бергі бетінде Шыңғыс хан дәуірінен Қазақ Ордасына дейінгі айбынды кезең бейнеленген.
– Құлпытас композициясы әкемнің шығармашылығының басты символдарымен байытылған. Оның астыңғы бөлігінен «Аласапыран» роман-эпопеясындағы көк күймелі көштің сұлбасын, ал, жоғарғы жағынан арыстан үстіндегі айбынды жырау бейнесін көруге болады. Бұл бейне – әкемнің әдебиетке қайта әкелген «Алдаспан» жыраулар поэзиясының рухы. Ескерткіште бейнеленген қалам мен алдаспан – көркем әдебиет пен ғылыми ізденістің, өткен мен болашақтың алтын көпірі. Ерекше айта кетерлігі, құлпытастың жоғарғы бөлігі Күлтегін ескерткішінің үлгісінде жасалып, төбесіне қазақтың киелі шаңырағы орнатылған, – деді Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының жетекшісі әрі жазушының ұлы Едіге Мағауин.
Сондай-ақ, жазушының өз аудармасындағы Құран аяттары мен қанатты сөздері қашалған «ашық кітап» мүсіні зиярат етушілерді ұлы суреткермен сырласқандай күйге бөлейді.
Осы айтулы іс-шараның қисынды жалғасы ретінде Вашингтон іргесіндегі Күміс Бұлақ (Silver Spring) кентінде орналасқан жазушының мұражай-үйінде «Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының» ресми таныстырылымы өтті. Kazakh American Association өкілі Сапарбек Нағашыбектің айтуынша, бұл орын бүгінде алыс шет елдегі қазақтардың басы түйісетін, ұлттық мүдде мен мәдениет насихатталатын киелі шаңыраққа айналып үлгерген.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



