Ресми

ӘРТАРАПТЫ ЭКОНОМИКА: бұдан басқа жол жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында әртараптандырылған жаңа технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес екенін көрсетіп, бұдан басқа жол жоқ екенін де айтты. Осы орайда өнеркәсіптік әлеуетті толық дамыту аса маңызды міндет екенін жеткізген. Бұл қажеттілік, әсіресе індет салдарынан бірқатар кәсіпорындар дағдарысқа төтеп бере алмай, шатқаяқтап қалғанынан кейін маңызды бола түсті. Ал, мақсатқа қол жеткізу үшін еліміздің әр өңірінің экономикалық әлеуетін саралап, ішкі нарықтың мүмкіндіктерін толығымен пайдалану қажет. Қарағандыдағы іссапар барысында ҚР парламенті Сенатының депутаттары индустриялық аймақтың проблемаларын талқылап, жетістіктерімен жақынырақ танысты.

 

ҚАРАҒАНДЫНЫҢ ӨРІСІ КЕҢ

Себебі, Қарағанды облысы – өңдеу өнеркәсібінің үлкен көлемі шоғырланған, дамыған аймақтардың бірі. Тек, 9 айдың ішінде өңірге 400 млрд. инвестиция салынса, өндіріс көлемі 1,8 трлн. теңгеден асқан. Осының өзіақ облыстың ел экономикасында орнын ойып тұрып көрсетеді. Биыл ғана ашылған Steel Manufacturing оқ-дәрі зауыты, жарамсыз қалған автокөліктерді өңдейтін еліміздегі жалғыз кәсіпорын – «Recycling Company» ЖШС, «YDD Corporation» ферроқорытпа зауыты тәрізді ірі кәсіпорындар осының айғағы.

Қарағанды кәсіпорындарындағы жоғары технологияларды көздерімен көріп, оң бағаларын берген Сенат депутаттары бұл – тек, артықшылық қана емес, сондай-ақ, қазақстандық мазмұндағы экспортқа бағытталған өнім деңгейіне шығу үшін үлкен мүмкіндік екенін айтады.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамыту, елдің шикізатқа тәуелділігінен арылу, шағын және орта бизнесті дамыту өзекті мәселелердің қатарында атап өтілді. Сондай-ақ, Президент Парламентке өнеркәсіптік саясат туралы заңды мүмкіндігінше тезірек қабылдау туралы өтініш білдірді. Қарағанды облысы – ең дамыған өңірлердің бірі, – деген депутат Сүйіндік Алдашев Қарағандыда өңдеу өнеркәсібіне ерекше назар аударылатынына көз жеткізгендіктерін айтты.

Сенаторлар алдымен биыл ғана ашылған Steel Manufacturing оқ-дәрі зауытында болды. Жылына тапанша мен автоматтарға арналған 30 миллион оқдәрі өндіретін кәсіпорын қазіргі таңда импорттық шикізатпен жұмыс жасап жатқанымен, болашақта қазақстандық өндіріс материалдарына барынша көшуді мақсат еткен. Зауыт директоры Бағлан Тәненовтың айтуынша, 2023 жылға қарай отандық шикізаттың 98%ын пайдалану жоспарда бар.

Оқ-дәрі зауытының өзге ұқсас кәсіпорындардан ерекшелігі – оқтарының болаттан емес, мыстан жасалатындығында. Бұл өз кезегінде автомат ұңғысының ресурсын арттыра түседі. Яғни, болаттан жасалған оқтың 10 мың данасы атылғаннан кейін, ұңғы қызып кетіп, тазалау керек болса, мыстан жасалатын оқтың бір дегенде 15 мың данасын атуға болады. Сәйкесінше, автоматтың ұңғысы тозбайды әрі жиі тазалауды қажет етпейді.

– Кәсіпорын үшін ең маңыздысы – тапсырыстың болғаны. Қорғаныс министрлігінің алғашқы тапсырысы дайындық үстінде. Оқ-дәріні шетелден алатын күштік құрылымдар да бізге тапсырыс беретін болса, тиімді болар еді. Мемлекеттің қаражаты мемлекетте қалуы керек емес пе?! – дейді Бағлан Тәненов.

Қазір «Steel Manufacturing» ЖШСде 56 адам еңбек етеді. 2023 жылға қарай жұмысшылар саны 160-қа дейін артады. Орташа жалақы – 200 мың теңге.

Сенат депутаттары «Recycling Company» ЖШС-де болды. Қазақстанда жарамсыз болып қалған автомобильдерді өңдейтін жалғыз кәсіпорын жылына 50 мың машинаға дейін өңдеуге қабілетті. Бүгінге дейін өңдеуге қабылданған 134159 автокөліктен 83621 тонна қара металл сынықтары мен 3508 тонна алюминий сынықтары алынған. Кәсіпорын тапсырыс берушілерден кенде емес. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Кастинг» ЖШС және металдан бұйымдар жасайтын басқа да зауыттар осы жерден қайта өңделген өнімдерді сатып алады.

Депутаттар, сондай-ақ, YDD Corporation ферроқорытпа зауыты мен «Сарыарқа-НАН» нан зауытының, «Бёмер Арматура» ЖШС-нің жұмыстарымен де танысты.

ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Депутаттар шағын және орта бизнес өкілдерімен де кездесті. Global City көтерме-бөлшек сауда орталығында шағын және орта бизнес нысандарының қызметіне қатысты мәселелерді талқылап, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.

Кәсіпкерлердің бірқатары карантин кезеңіндегі қолдау шаралары жөніндегі ұсыныстарын айтса, бірнешеуі қатаң санитарлық талаптар үшін салынған айыппұлдарға шағымданды.

– Біз қазір бизнес үшін ең оңай кезең емес екенін түсінеміз және кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетеміз. Шектеулер біртіндеп алынып тасталады, жекелеген санаттар үшін несиелер бойынша кейінге қалдырулар ұзартылады. Қазір жаңа салық заңнамасы әзірленіп жатыр және біз бизнесмендердің өздерінен оны барынша ыңғайлы етіп қалай жасау керектігі туралы пікірлерін сұраймыз, – деп түсіндіреді Парламент Сенатының депутаты Еділ Мамытбеков.

«Адамзат коронавирусқа байланысты дағдарысқа тап болды. Бұл бірінші кезекте шағын және орта бизнес өкілдерінің табысына әсер етті» деп сөзін жалғаған Еділ Құламқадырұлы осы сала өздерінің нақты өнімін шығаруға бет бұруы керек екенін айтады. Қарапайым заттар экономикасын құрайтын өнім өндіру үшін елімізде шикізат қоры жеткілікті. Ал, індет және шектеу шаралары кезінде импорт тауарларды қайта сататын бизнес өкілдеріне қарағанда өндірісін тоқтатпаған да осы қарапайым зат өндірушілер.

Шағын және орта бизнеске мемлекеттің көмегі туралы айта келе, Еділ Мамытбеков кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына тоқталып, биыл жаңа Салық кодексі қабылданатынын, онда кәсіпкерлердің барлық ұсыныстары көрініс табатынын атап өтті. Депутат Парламенттің халық үшін ашық екенін, электрондық поштаға келген хаттар қаралып, оқылатынын, ескерілетінін атап айтты.

БИЗНЕС ҚОЛДАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері – Дәурен Әділбеков, Ерік Сұлтанов, Сүйіндік Алдашев, Әлімжан Құртаев, Сағындық Лұқпанов, Еділ Мамытбеков, Ләззат Тұрысбекова облыс әкімдігінде аймақ басшысы Жеңіс Қасымбекпен және өңір кәсіпкерлерімен кездесу өткізді.

Облыс әкімі кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы мәлімдеді. Мәселен, осы жылдың қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 трлн. 852 млрд. теңгені құраған.

– Індет кезінде бірқатар салалар құлдырауға ұшырағанда жүйе құрушы кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеді. Сонымен қатар, нарықта өнім құнының артқанын да көруге болады. Демек, жақын болашақта түсті және қара металдың құны тұрақты болады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Одан бөлек, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 425 млрд. теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда инвестициялардың 83%-ы – жеке меншік. Өнеркәсіп секторындағы, өңдеу саласындағы инвестициялар да айтарлықтай өсуде. Осы жылдың соңына дейін тағы 12 инвестициялық жоба іске қосылуы тиіс.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 88 мың. Бұл кәсіпорындарда өңірдің экономикалық белсенді халқының 34%-ы еңбек етеді. Пандемияға қарамастан, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы біз оларды сақтай алдық, – деген Жеңіс Махмұдұлы жаңа компаниялар құрылғанына қарамастан, бірқатар салаларда төмендеу бар екенін айтты.

Облыс басшылығы электрондық сауданы және қолма-қол ақшасыз төлемдер жүйесін дамытудың өзектілігін атап айтты. Мәселен, сегіз ай ішінде онлайн тапсырыстар мен жеткізу екі есеге өскен, қолма-қол ақшасыз төлемдерге сенім артқан әрі бес есеге дейін өскен.

– Бизнесті одан әрі қалпына келтіру «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» бағдарламасы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы», шағын және орта бизнес өкілдерін жеңілдікпен кредиттеу сияқты бағдарламалары арқылы жүргізіледі. 4,5 мың кәсіпкерге қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бұл 8 мыңға жуық жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік беруі керек. Айта кетейік, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 13 мың жұмыс орны құрылды. Оны болашақта да жалғастырамыз деген үміттемін, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыста құрылыс та қарқынды. Өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобалар есебінен тұрғын үй құрылысы тоқтаған жоқ. Одан бөлек, пайдалануға берілетін тұрғын үйдің өсімі кемінде 25%-ға артады.

Облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров облыста экспортқа бағдарланған және импортты алмастыратын жаңа өнім түрлері құрылғанын айтты. «Өңдеу өнеркәсібі озық қарқынмен өсуде, шикізаттық емес экспорт көлемі 2,1 млрд. АҚШ долларынан асты. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында 9 жоба іске асырылу сатысында» деген облыс әкімінің орынбасары бұл экономиканы дамытудың қосымша катализаторы болатынына сенімді.

Кездесу барысында газдандыру мәселесі де қозғалды. Облыс әкімі биыл 2800 үй газ тұтынуды бастайтынын мәлімдеді. Жалпы құрылысмонтаждау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Облыс басшылығы 2030 жылға дейін 1 миллионнан астам адам газбен қамтылады деп күтілуде.

Суреттерді түсірген Руслан ҚА­ЛИЕВ.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button