Тұлға

Мәкеңнің мәңгілік мұрасы

Мәкен ТӨРЕГЕЛДИН атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің үш гектар аумақты алып жатқан ашық аспан астындағы алаңында, 604 шаршы метрге орналасқан 8 залдағы екшелген экспозиция мен керемет көрмеде 19 099 жәдігер сақталған. Оның 15 735-і — түпнұсқа. Музейде жылына бес мыңға жуық адам болады. Музей 1988 жылы 21 желтоқсанда Қазақстан Үкіметінің №285-р Қаулысымен ұйымдастырылды. Ресми түрде 1994 жылы 15 маусымда ашылды. 2015 жылы 16 ақпанда ҚР Үкіметінің №61 қаулысымен музейге оның негізін қалаушы, өлкетанушы Мәкен Төрегелдиннің есімі берілді. 1988-2006 жылдары музей тізгінін ұстаған Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Құрметті профессоры, Ұлытау ауданы мен Түркістан қаласының Құрметті азаматы Мәкен Төрегелдиннің қызмет кабинеті мемориалдық мұра ретінде музей экспозициясының құрамына енгізілді. Оған жеке мүлкі, киім-кешегі, кітаптары, мемлекеттік марапаттары қойылды. 2007 жылы бейнесі бедерленген тақта орнатылды. Жезқазған-Ұлытау өңіріне жұмыс сапарында музейдің тыныс-тіршілігімен танысқан облыс басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК мұндай мұражайдың Орта Азияда баламасы жоқ екендігіне назар аударды. Ұлытау ауданының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ болашақта оны туристік бағытқа қосу жоспарланып отырғанын айтады.

M2081S-1028

1. ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

Бұрынғы Жезді ауданында ұзақ жыл ел басқарған, 1970 жылдан зейнеткерлікке шыққанша аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы болған Мәкен Төрегелдиннің барлық саналы ғұмыры халқына адал қызмет қылуға арналды. Ол «Мәңгілік мұра» атты кітабының алғысөзінде былай деп жазыпты: «Адамның қадір-қасиеті қанша жыл ғұмыр кешкенінде емес (жылдар тарих үшін қасқағым ғана сәт), артында қандай із қалдырғанында» («Полиграфия» баспаханасы, Қарағанды, 1998 ж.).

Мәкең осы ұстанымынан өмір бойы айнымағанына ұлан-ғайыр еңбегінің арқасында артына қалдырған айшықты ісі куә. Мен бұл жерде мақаланың өзегіне айналған музей туралы ғана айтып отырған жоқпын, мыңғыртып мал өсірген Жезді ауданын шырайлы шаруашылыққа айналдыру жолында қалай толассыз тер төккені көпшіліктің көз алдында. Күні бүгінге дейін жыр қылып айтып отырады. Бірақ, сондай танымал тұлғаға айналған Мәкеңнің балалық шақта бастан өткерген қиын-қыстау кезеңін екінің бірі біле бермесі анық. Әсіресе, кейінгі буын. Әкесі бақилық болғанда ол «отау иесі» атанатын жасқа жаңа жеткен жеткіншек еді. Отбасында атасынан басқа арқасүйер ешкім болмай, тарпаң тағдыр ерте есейтті. Жазғы каникулда ауылдастарының сиыры мен қой-ешкісін бағып, азын-аулақ қаражат тапты. Алайда, тұралаған тұрмыстың тегеуріні ақыры 1939 жылы қоңыр күзде Қарсақбай мыс қорыту комбинатындағы геологиялық-барлау кеңсесінің басшысы Қаныш Сәтбаевтың алдынан бір-ақ шығарды.

Қаныш Имантайұлы жасы он төртке енді толған қаршадай баланың әңгімесін зер салып, мұқият тыңдады. Бос орын болмаса да, жағдайын түсініп, қатардағы кіші қызметкер қылып қабылдады. Мектептегі оқуын тастап кетпеуін қадағалады. Зертханашы және коллектор мамандығын меңгеруіне жәрдемдесті. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанғанға дейін әкелік қамқорлық көрсетті. Ағаның аялы алақанын аңсаған, ұжымның тәрбиелік қуатын түйсінген ол Қарсақбайға қайтып оралды.

Мәкең сол сәтті былай есіне алады: «Өмірде мәңгі естен кетпейтін, тіпті, бүкіл тағдырыңа ұстын болатын кезеңдер болатыны мәлім. Бұғанам қатпай еңбекке араласқанда мені алғаш қанатының астына алған бүкіл қазақтың мақтаны Қаныш Сәтбаев болатын. Жұмыс кабинетінде бір өзі бір төбе сияқты көрініп, отырғандарды мысымен басып тұратын. Сонысына қарамастан жүзі жарқын, үні жұмсақ, кісіні өзіне тарта сөйлейтін. Ол кісі мені тұңғыш қабылдағанын, бірге жұмыс істегенімді, өмірлік ұстазым екенін мақтан етемін. Қанекең мені өзімсініп, іштартып «ұзынсирақ» дейтін» («Бақыты ер жігіттің ел ішінде», «Орталық Қазақстан», 24 шілде 2006 жыл).

Өндірістен қол үзбей кешкі мектепте оқуын жалғастырған Мәкен қосымша мамандық меңгеру мақсатында жазда геологиялық партиямен дала кезді, қыста зертханада істеді. Сөйтіп, коллекторлық пен зертханашылықты тәп-тәуір үйреніп алды. Қарап жүрмей, Жезқазған-Ұлытау өңірінің тарихынан тамыр тартқан дәйекті деректі қағазға түсіруді, кездескен көне жәдігерді жинауды әдетке айналдырды. «Зейнет жасына келіп демалысқа шыққанда тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайын ұйымдастыруға бірден кірістім. Мұның өзі көптен көңілде жүрген, академик Қ.Сәтбаевтың алдындағы борышым деп санаған қадамым еді» (жоғарыдағы мақалада — авт.) дейді ол.

Мұражайды ұйымдастыру кезінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков: «Аға, музей ашуға бел буған екенсіз, тақырыбы жағынан Қазақстанда баламасы жоқ дүние жасаңыз» деп, мақсаты мен мазмұнына қатысты тың идея тастады. Академиктер Әбілқас Сағынов, Айтжан Абдуллин, Манаш Қозыбаев, археолог Кемел Ақышев құнды кеңес берді. Қарағанды металлургия, Жезқазған мен Балқаш кен-металлургия, Қаражал, Ақшатау, Жәйрем кен-байыту комбинаттары қолдан келген көмегін көрсетті.

Бүгінде мұражай экспозициясы аулаға кіргеннен-ақ ашық аспан астынан басталады. Санаулы сағатта көне дәуірден ғарыш заманына дейінгі тарихты тамашалап, Сарыарқаны мекендеген ата-бабаның тыныс-тіршілігін тебірене түйсінуге толық мүмкіндік бар. Аумағы атшаптырым аулаға небір механизмнің бірегей үлгісі, кен өндіру мен тасымалдау техникасы, Орталық Қазақстаннан табылған полиметалл кендерінің үлгісі қойылған. Адамның назарын бірден аударатын нағыз раритет – 1914 жылғы саусақ тәріздес скрепер мен 1911 жылғы ағылшындық темір жону қондырғысы. Мыс құятын шөміш, өткен ғасырдың соңғы ширегіне дейін қолданылған түйіспелі тепловоз бен паровоз, ғарыш кемесінің бөлшегі де бейжай қалдырмайды.

1994 жылы 3 қарашада мұражай болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің дәуірге дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықта сақтар мыс қорытқан пешпен танысып, ата-баба қолданған технологиямен ежелгі Милықұдық пешінде алынған балқымадан балғаның басын құйып, музейге бағалы жәдігер сыйлады. Құрметті қонақтар кітабына: «Музей ұйымдастырған азаматтардың еңбегі өте зор. Оларға таудай рахметімді айтамын» деп, қолтаңба қалдырды. Әңгіме орайында, Президенттің мәдени орталығында мұражайларды таныстыру шеруін осы музей бастағанын, ал 2001 жылы Лондонда өткен «Британ-Қазақстан байланыстары» халықаралық көрмесінде әлемге аты аян мәдениет мекемелерімен қатар жезділік жәдігерлер де мақтауға іліккенін айта кеткен артық болмас.

2000 жылы музей ауласының кіреберісіне Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері Ұлы Жеңістің 55 жылдығы құрметіне қасиетті Ұлытау орманынан 55 түп қайың ағашын әкеліп отырғызды. Келесі жылы ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы құрметіне «Көкшетау» ұлттық паркі Хан ордасы – Абылайхан алаңынан 10 түп қарағай көшетін сыйға тартты. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығында ардагерлер аллеясына ақ қайың отырғызғандар есімі тас тақтаға жазылды. Бүгінде бұл жер мұражайдың интерактивті алаңы ретінде пайдаланылады. «Жанды жәдігерде» жыл сайын мамырда дәстүрлі «Ұрпақтар кездесуі» өтеді.

2. АҒАНЫҢ АЙТҚАНЫ – АМАНАТ

Бүгінде мұражайды Зейпін Қазанбаева басқарады. Қаламы қарымды журналист. Бұдан отыз жыл бұрын аудандық «Октябрь туында» басталған таныстық көзқарас қабысып, мақсат-мүдденің бірегейлігінен болар, рухани қарым-қатынасқа ұласты. Биязы мінезінен мін таппайсың. Әсіресе, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа беріктігін айтсай! Жөн-жоба мен жоралғы жағынан жығылғанын көрмеппін. Қандай ортада жүрсе де тектілігі төбе көрсетіп тұрады.

Зейпін – Мәкен ағаның зайыбы. Екеуінің жас айырмасы тым алшақ еді. «Бірақ, осындай табиғи сәйкессіздік арақатынас та, тіпті, былайғы жұртқа да байқалмайтын. Ол отырған жерде адамның жасы, жастық пен қарттық жөнінде әңгіме қозғалмайтын. Өйткені, оған себеп жоқ. Бар құпия сырбаз да бекзат жанның уақыт пен кеңістіктен тыс өмір сүргенінде болар» дейді, Зейпіннің өзі. мен жоралғы жағынан жығылғанын көрмеппін. Қандай ортада жүрсе де тектілігі төбе көрсетіп тұрады. Зейпін – Мәкен ағаның зайыбы. Екеуінің жас айырмасы тым алшақ еді. «Бірақ, осындай табиғи сәйкессіздік арақатынас та, тіпті, былайғы жұртқа да байқалмайтын. Ол отырған жерде адамның жасы, жастық пен қарттық жөнінде әңгіме қозғалмайтын. Өйткені, оған себеп жоқ. Бар құпия сырбаз да бекзат жанның уақыт пен кеңістіктен тыс өмір сүргенінде болар» дейді, Зейпіннің өзі.

Жұбайын «Аға» деп атады. Екеуі бір шаңырақтың астында небары сегіз-ақ жыл ғұмыр кешті. «Осындай қайталанбас тұлғаға жар болудың жауапкершілігі ерен. Бірақ, ол менің мәңгілік мұңым болып қалды. Мұң болғанда да, таңдайыңда еріп үлгермей, жан-дүниеңе толық дарымай қалып қойған тәтті мұң! Онымен бірге көкте әлде жерде, өңімде әлде түсімде, бәлкім, өте қысқа ертегіде өмір сүрдім. Әйтеуір, қиялдан туған кітаптың кейіпкеріндей бекзат жанмен кездестім. Оны жақсы көрмеу қиянат болар еді» дейді ол.

Алғашқы қадасын қаққаннан, жиырма жылға жуық жетекшілік жасаған Мәкең музейді тәрбие мен таным ордасына, ғылыми-зерттеу орталығына айналдырып кетті. «Ол Қазақстан мен Орта Азияда теңдесі жоқ музей ұйымдастыруға отыз жыл ғұмырын арнады. Жарықтық: «Менің барлық жиған-тергенім, күш-қуатым, арман-мақсатым – осы мұражай» деп отыратын. Ағаның аузынан шыққан әр сөз – мен үшін аманат» дейді, музей туралы толғанудан тынбайтын білікті басшы. Кейде оны «дыбысты энциклопедия» ма деп те қаласың.

Жезқазғанның ежелгі дәуірдегі кен жүлгесі аса ауқымды. Геолог С.Болдың есебіне сүйенсек, бұл аймақта 1 млн. тоннадан астам кен аршылып, 10 мың тонна таза мыс алынған. Ал, академик Г.Щерба Орталық Қазақстанда ХІХ ғасырға дейін, демек өлкеде кен өндіру өнеркәсіптік жолға қойылғанша 10 млн. тонна кен аршылып, одан 450 мың тонна таза мыс өндірілгенін айтады. Бұл — Египетте фараондар дәуірінде өндірілген мыстан жүздеген есе артық.

Археологиялық қазбаның негізін қалаушы Н.Валукинскийдің пайымдауынша, кейбір кен жүлгесі бір шақырымға дейін созылған. Оны ашық әдіспен өндіру негізінен қола дәуіріне тән, ал орта ғасырда шахта, көлбеу ұңғыма, кенжарда өндірілген. Еңбек құралы ретінде тас балға, қайла, тас үккіш, тас келсап, сына, тас келі, тас төс, тағы басқа (кремний, кварцит, порфир, габбро секілді тау жынысынан өңделіп жасалған) түрлері пайдаланылған. Бір ғана «Кресто-Орталықтан» 70 балға мен 150 кен ұнтақтау құралы табылған.

Жезқазғанның ежелгі металлургия орталықтары Жезді өзенінің аңғарында орналасқан Милықұдық, Сорқұдық, Айнакөл қонысының төңірегіне топтасқан. Мәселен, жалпы аумағы 10 гектарды алып жатқан Милыбұлақтан ауданы 40 шаршы метрлік, тереңдігі 2-3 метр 140 шұңқыр, яғни, металлургиялық пештің орны табылған. Академик Әлкей Марғұланның зерттеуіне қарағанда, Мибұлақтағыдай 80 балқыту пешінің орны белгілі: оның 30-ы – Жезқазғанда, 25-і – Қарқаралыда, 10-ы – Сарысу бассейнінде, қалғаны – Ұлытаудың етегінде.

Ағылшындардың арқасында іргетасы қаланып, кейін ел игілігіне айналған қарашаңырақ Қарсақбайдағы металлургиялық зауыт пен Жезқазған шахталары, Байқоңыр көмір бассейні мен отарбаның үні кең даланы дүбірге бөлеген тар табанды теміржол, ел басына қатер төнгенде 38 күнде қатарға қосылып, қорғаныс қуатын бронь «аштығынан» сақтап қалған Жезді марганец кеніші мен отызыншы жылдары тұсауы кесіліп, кейін қуатты компанияға айналған Жезқазған кен-металлургия комбинаты туралы дәйекті деректер жинақталған.

Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі өндіріс ошағымен шектеліп қалмай, Балқаш кен-металлургия және Жәйрем кен-байыту комбинаттары, Қарағанды металлургия комбинаты мен көмір бассейні, Жосалы-Қарсақбай тар табанды теміржолы мен Жәйрем кен-байыту комбинаты, Ақтас кварц және Қаражал темір-марганец кен орындары мен Балқаш кен-металлургия комбинаты, академик Қаныш Сәтбаевтың Қазақстандағы геологиялық қызметі, қазақтың Қанышы «Орталық Қазақстанның інжу-маржаны» деп бағалаған Жезқазған өңірінің минералдары туралы толыққанды мол мағлұмат алуға болады.

Мұнда небір тарихи оқиғаға қатысты тақырып та табылады. Мәселен, 1916 жылы Сарысу өзенінің бойында, Жезқазғаннан 50 шақырымдағы Қаражар қыратында болған шайқасты бейнелейтін экспозициядағы диораманың сюжеті осы оқиғаға қатысушы Т.Құлжановтың естелігіне негізделген. Елтану әліппесіндей әсер қалдыратын атриумге (бас бөлме) немесе сирек жәдігерлер залына бас сұқсаңыз, өзінің көркемдік-тарихи маңызы жағынан әлемдік деңгейдегі қасиетті ескерткіш Таңбалымен пара-пар Байқоңыр петроглифтерін тамашаласаңыз, бір рухани байып қаласыз.

Сегіз залда терең талғаммен орналастырылған экспозициялардағы жауһар жәдігерлерді тамашалап, ықылым замандағы өндіріс пен тұрмыстың тыныс-тіршілігін түйсінген, көзбен көріп, көңілге тоқыған, сезім сүзгісінен өткізіп, жан-дүниеңмен қабылдаған абзал. Онда Сарыарқаны ежелден қоныстанған елдің материалдық және индустриялық мәдениеті, оның ішінде тау-кен ісі мен металл қорыту кәсібінің тарихы хронологиялық жүйемен сипатталады.

СУРЕТТЕРДЕ:

      1. Итальяндық археологтар мұражайда.

      2. Елбасы Н.Назарбаев балғаның басын құюда.

      3. Мәкен Төрегелдин.

      4. Мыс балқыту технологиясы.

Суреттер мұражай архивінен алынған және автор түсірген.

Басқа материалдар

Back to top button