Рухани қазына бастауы

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы мен тағдыры, мәдениеті мен әдебиеті, ділі мен діні – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры һәм тағдыры бесіктен басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет», – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рухани тәуелсіздігін қамтамасыз етпеген елдің болашағы бұлыңғыр. Тілдің жұлдызы жанбай, рухани тәуелсіздік пен халықтың бағы ашылмайды. Тіл – адамдардың өзара түсінісу, қатынас құралы болумен қатар, қоғам мен табиғаттың, адамның рухани айнасы.

Әр ұлт, ұлыс тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін қалай құрметтесе, ана тілін де солай құрметтеуі керек.

Тарихқа үңілсек, хандар мен батырлар да аузынан от шашқан шешендердің сөзіне тоқтаған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөз осыдан туса керек.

Адамдарды ажалдан, екі елді жауласудан құтқарған сөз құдіреті екені даусыз. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын ұғуға басты баспалдақ та ана тіліміз. Оны бүге-шүгесіне дейін біліп, терең иірімдеріне бойлау – әр саналы азаматттың парызы. Сол себепті, төл тілінің байлығын пайдалана алмағандар – пақыр, олар үнемі күлкіге ұшырайды. Абайдың «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл өнегесі дертпен тең», «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» деуіне қалай толғанбайсыз?..

Ұлы Абай сөз кестесін өлеңмен де, қара сөзбен де төге білген. Сөзді қадірлеп, оны қолданудың үлгісін көрсеткен.

«Ақылың болса – сөз тыңда» деген бабалар сөзі ұрпаққа үлгі. Өйткені, қазақ халқы сөз сөйлеуге, нақыл сөздерді ойната білуге өте шебер. Бабаларымыз бір ауыз сөзге тоқтап, бір ауыз сөзге күйініп не сүйініп отырған. Міне, осыған қарап, асыл сөздің оттай ыстық, мұздай суық, қылыштай өткір, мамықтай жұмсақ, өрмекші торындай нәзік, шуақтай жылы екеніне көз жеткіземіз.

Заман өзгергенмен, адамның елі, жері, тілі, діні, тәрбиесі, бесігі өзгермейтін игілік. Қай халықтың болса да басынан өткен дәуірлері, қилы-қилы кезеңдері ана тілінде із қалдырмай өте алмайды. Ана тілі ғасырлар бойы жасалып, тіл диалектикасы жасаған сайын жасара беруі тиіс.

Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің әр саласында кеңінен қолданылуы – ұлтты біріктіруге жетелейтін фактор. Бұл жөнінде Елбасы 2014 жылы 17 қаңтардағы Жолдауында «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деген еді.

Тіл – тәрбие діңгегі, білім-ғылымды игеру көзі, ұлттың жаны. Мемлекеттік тіліміз – мемлекеттіліктің нышаны. Әр мемлекетте өз мемлекеттік тілінің өмір сүруі рухани тұтастыққа қол жеткізеді. Ал, рухани тұтастықтың апарар шегі – шын мәніндегі үлкен алтын әріптермен жазылатын – тәуелсіздік.

Қазақтың тілі –тектіліктің тұғыры, ұлттық намыс пен рухтың қайнар көзі. Өз тілін білмеген ұрпақ, алыстан бақыт тапқанымен, түбінде өз кемшілігі үшін өкінбек. Сол тілді көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – аманат.

Ақмарал ИСМАЙЛОВА,

Айжамал ДЫРЫМБЕТОВА,

№86 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері.