«Теректінің текті қымызы» дүйім жұртты сүйсіндіруде
Фестиваль алаңында көпшіліктің көңілінен шыққан өнімдердің бірі – «Теректінің текті қымызы». Қарқаралы ауданына қарасты Теректі ауылы, Сарықияқ қыстағынан келген Гүлбақыт Мағрұпованың қымызы дүйім жұртты сүйсіндіріп, байқауда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Қымыз баптау – жай ғана сусын дайындау емес, үлкен еңбек пен төзімді, талғам мен тәжірибені қажет ететін іс. Әсіресе, табиғаты бөлек, шөбі шүйгін Теректі өңірінің қымызы өзіндік дәмімен ерекшеленеді. Гүлбақыт Мағрұпованың айтуынша, фестивальге дайындық ерте басталған. Қымыздың бабын келтіріп, дәмін сақтап, көпшілікке лайықты ұсыну үшін барынша тыңғылықты әзірлік жүргізілген.

– Байқауға жақсы дайындықпен келдік. Ең бастысы – ақтың дәмі халыққа ұнаса болғаны. Қымызымызды ішкен жұрт жылы пікірін айтып, ризашылығын білдіріп жатыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Үмітіміз ақталып, еңбегіміз еленсе, одан артық не керек?! Ата-бабадан қалған ақ адал өнерді жалғастырып, қымыздың қадірін арттыруды мақсат тұтамыз, – дейді Гүлбақыт Мағрұпова.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz



