Жаңалықтар

Алтын Орда аристократтарына гендік тұрғыдан кім жақын?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы ретінде насихаттап, Жошы ханның есімін ұлықтауды қолға алу қажеттігін айтқан еді. Осыдан тура 750 жыл бұрын Талас өзені бойында Шағатай, Үгедей мен Жошы әулетінің ханзада-нояндары жиналып, ұлы құрылтай өткізген. Тарихта оны “Талас құрылтайы” деп атайды. Үгедейдің немересі – Қайду ханның шақыруымен өткен үлкен жиынға Жошы ұрпақтары Беркечар мен Мөңке-темір, сондай-ақ Шағатай ұлысынан Барақ қатысты.

Құрылтайда Шыңғыс қағанның дәстүрлерін сақтай отырып, көшпелілер мүддесін қорғаған маңызды шешімдер қабылданды. Ал ең бастысы, әрбір ұлыс жеке мемлекет болып жарияланды. Талас құрылтайы шешімімен үш ұлыстың шекарасы айқындалды. Мауереннаһрдың үштен екісін Барақ алды, үштен бірі Қайду мен Мөңке-темірге тиесілі болды. Қайдудың Бұхараның төңірегіне де билігі жүрді. Шыңғыс ханның ортақ мұрасы жолында бірлескен хандар бұдан былай қалаларға емес, таулар мен далаларға, жазық жерлерге қоныстанатын болып уағдаласты.

Бағынышты халықтардан салық жинау тәртібі реттелді. Осылайша, Талас құрылтайында Шыңғыс хан құрған ұлы империя ыдырап, оның орнына дербес үш мемлекет – Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы және Моғолстан бой көтерді. Құрылтайдан кейін Жошы ұлысының әміршісі Мөңке-темір өзін хан деп атап, өз атынан теңге бастырды. Бұл дербес мемлекеттің белгісі еді.

Сондықтан Талас құрылтайы Алтын Орданың (Жошы ұлысы, Ұлық ұлысы) ресми түрде бөлек мемлекет болып қалыптасуына негіз болды.

Шыңғыс хан қайтыс болар алдында өз иелігіндегі жерлерді төрт ұлына бөліп берді. Жошының үлкен ұлдары Бату мен Орда-Еженнің еншісіне моңғол иеліктерінің қиыр батысында жатқан оңтүстік Ресей мен Қазақстанның жерлері тиді.

Бату Алтын Орданы билесе, Орда-Ежен Ақ Орданы басқарды. 1235 жылы Бату қолбасшы Сүбедей баһадурдың көмегімен батысқа қарай жаңа жорық бастап, алдымен башқұрттарды, бір жылдан кейін Еділ Бұлғариясын жаулап алады.

Ал 1237 жылы Украинаның оңтүстік даласын бағындырып, ондағы құмандарды батысқа қарай ығыстырады. Содан солтүстікке қарай бұрылады да, Руське басып кіреді.

Сөйтіп, үш жыл бойы орыс княздықтарын жаулаумен болады. Бату құмандардың батысқа қашып, Мажарстан королінің жерін паналап отырғанын желеу етіп, Шайбан, Орда-Ежен, Байдар және Мөңке сияқты Шыңғыс әулеті мен өз бауырларымен бірге батысқа жорық жасайды.

Легница және Мухи маңында неміс-поляк рыцарларынан жиналған әскерді талқандайды. Бірақ Үгедей ханның қайтыс болғанын естіп, енді ғана қоршап-қамай бастаған Венаны тастап, елге қайтып кетеді. Моңғол әскерінің батыс бағытындағы жорығы осымен тоқтайды.

Бату 1242 жылы Мажарстан арқылы қайтып, жолшыбай Пешт қаласын, Болгарияны бағындырады. Алтын Орда астанасы Сарай-Бату, ал кейінірек Сарай-Берке қаласы болды.

Түрік деректерінде Бату ханның әскерлері “қыпшақтар” деп аталды. Себебі ұлан-ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болатын.

Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі – қыпшақ. Алтын Орда мемлекеті тарихи әдебиетте “Қыпшақ ұлысы” деп те аталды.

Алтын Орда қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказ жерінде орналасқан. Ал шарықтау дәуірінде Алтын Орда Шығыс Еуропаның Орал тауларынан Днепр өзенінің оң жақ жағалауына дейінгі жерлерді алып, Сібірге терең бойлап еніп жатты.

Оңтүстігінде Орданың жері Қара теңізбен, Кавказ тауларымен және моңғол Хулагу мемлекетінің қол астындағы Персиямен шектесті. Алтын Орда Өзбек пен Жәнібек хандар тұсында едәуір көтерілді.

Мәселен, Өзбек ханның кезінде мұсылман діні мемлекеттік дін болып жарияланды. Алғашқыда көне ұйғыр жазуы негізгі жазу болып қалыптасса, кейіннен ислам діні ықпалының күшеюіне байланысты араб жазуы да қатар қолданылды.

ХІV ғасырдың ІІ жартысы – Алтын Орданың тәуелсіз иеліктерге бөлінген кезі. Ал 1359-1379 жылдар “Ұлы дүрбелең” кезеңі деп аталады.

Артынан Тоқтамыс хан Алтын Ордадағы билігін соғыстағы жеңістермен бекіте түспек болып, 1382 жылы Мәскеуді өртеді. Ақсақ Темірдің басқыншылық жоспарларына солтүстік-батыста орналасқан Алтын Орда кедергі жасады. Содан ол өз жорықтарын бастайды. Әмір Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы шешуші шайқас 1395 жылы болды. Ол жайында Сыпыра жырау жырлап өтті. Әмір Темір Алтын Ордаға жойқын соққы жасап, астанасын қиратып кетеді.

Қырым сауда қалаларын тонайды, ең шебер қолөнершілерін өз астанасы Самарқандқа айдап әкетеді. 1440-шы жылдары Ордада тағы бір азамат соғысы бұрқ ете түсті.

Осыдан кейін ол бірнеше хандыққа бөлшектеніп кетеді. Олар – Қасым хандығы, Қазан хандығы, Астархан хандығы, Қазақ хандығы, Өзбек хандығы және Қырым хандығы.

Ресейлік антрополог Л.ТЯблонский 30 жыл бойы Алтын Орда көшпенділерінің бассүйегін, қаңқасын зерттей келе, ортағасырлық бұл жасампаз жұрттың бет-пішініне, қазіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды деген қорытынды жасаған.

Сондай-ақ, палеогенетикалық зерттемелер нәтижесі Алтын Орда аристократтарына гендік, қандық тұрғыдан қазақтар ғана жақын деген шешім шығарыпты.

Әсел САЙРАМОВА,

№4 ЖББМ тарих және құқық пәнінің мұғалімі

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button