Руханият

Балқантаудың Балқаны еді…

Балқан ағаммен 1992 жылдың күзінде танысыппын… Сол жылдың жазында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітіріп, филолог мамандығын алған кезім. Оқу орны арнайы жіберген жерге, тағы да шақырған бір-екі орындарға бармай «жайлы мекен» іздеп жүріп қалған едім. Содан шығармашылық жолға түскім келді де, сол кездегі жастар апталығы – «Замандас» газетіне жұмысқа орналастым. Студенттік шақтан араласып, аздаған жазбаларымды жариялап тұратын жас басылым мені жатырқаған жоқ. Өзім секілді жастармен біте қайнасып, еңбек майданына кірдім де кеттім. Әрине, жер қопарып, тас қалағанымыз жоқ. Мидың күшімен, қаламның ұшымен шығармашылық әлеміне бойладық. Маған жақсы болғаны, «Замандас» газетінің редакциясындағы барлық азаматтармен студент күнімнен таныс едім. Біздің оқу орнына жақын болғандықтан жиі барып тұратынмын. Тек, жігіттердің ішіндегі Балқан Ахметұлы дейтін фототілшімен ғана сол жұмысқа тұрғанда танысудың сәті түсті. Ол уақытта басылымның бас редакторы – Әшімхан Жәмпейісов. Әшекең маған: «Бұл ұжымды бұрыннан білесің, таныстырудың қажеті жоқ шығар. Мына орын сенікі», – деп айта бергенде, «Мен Балқан Көңілімжайтегі Ахметов деген ағаңмын. Танысып қояйық» – деп, есіктен кіріп келген бір жігіт ағасы қолын созды. «Бәке, сізді, сыртыңыздан білемін» – деп, мен де аты-жөнімді айтып өттім. Бәкең бірден: «Әй, інім, жаңа қызметіңді жумайсың ба?» – деді. «Жұмыс бітсін, кешке қарай…» – деп, қалтамда ештеңе болмаған соң, уақытты сырғыттым. Алғашқы күн, бейтаныс қызмет… Бұрын жай мақала жазғаным болмаса, газеттің қым-қуыт тірлігін білмейді екем. Кешке дейін редакцияның іші-сыртын, газет басатын цехтарды аралап, біраз жайды ұққандай болдым. Кешкі алтының шамасында жұмыстан шығып, Бәкең екеуміз, жақын маңда тұратын бір танысымның үйіне соғып, қарызға ақша алдым. Әрі қарай жұмысқа тұрғанымды жуып жіберейін деп, Бәкеңді сыраханаға алып келдім. Сөйтіп, алдымыздағы үстелді жайнатып, әңгімеге кірістік. Екі-үш саптаяқ салқын сырадан кейін «маяктар» жанып, ағамыз әңгімені онан сайын қыздырды. Ол – айтушы, мен – тыңдаушы. Ақкөңіл, бала мінезді Бәкең сонда өзін ұзақ таныстырып еді. Есімде қалғандары: «Менің туып-өскен жерім – Балқан тауы, Егіндібұлақ елі!», «Руым – Қаракесек-Наманай!», «Қаздауысты Қазыбек бабамның, өр Мәдидің ұрпағымын!», «Сирек кездесетін мамандық – фототілшімін, бұл да – өнердің бір түрі», «Бір кезде аты шулы болған Майқұдықта 15 жыл тұрамын», «Өнер адамдарының бәрі менің жолдасым», т.б. Әр әңгімеге тақырып болатындай осы сөз тіркестерін Бәкең кейін де жиі айтып жүретін…

Балқантаудың Балқаны еді...
Фототілші Балқан Ахметұлы

Таныстығымыз «жұмысты жуудан» басталған аға мен інінің арасындағы сыйластық, құрмет пен ізет 30 жылға жуық жалғасқан екен. «Замандас» аймақтық жастар апталығы, «Шипагер» облыстық медициналық газеті, «Азия Транзит» республикалық журналында істеген жылдарымда жазған мақалаларымның бәрінде де Бәкеңнің түсірген фотоларын пайдаландық. Өз кітаптарыма да, жұртпен бірлесіп жарыққа шығарған біршама жинақтарға да Бәкеңнің қолқабысы тиді. Тіпті, үйленген кезімде тойымыздың басы-қасында болып, бәрін фотоға түсіріп, сол тегін фотоларымен той альбомын толтырып беріп еді. Ағамыздың Майқұдықтағы үйінде бірнеше рет дәм татып, қонғаным да бар. Біздің үйге де ол кісі келіп тұрды, жақсы араластық.

Балқан ағам – ақкөңіл, адал азамат еді. Ешкімге қылдай қиянаты жоқ, фото өнеріне берілген кәсіби фотограф болатын. Фото өнеріндегі ол кісінің кәсіби шеберлігі туралы өзімен қызметтес болған, араласқан адамдардың бәрі де жақсы пікірлерін айтады және солардың барлығының үйінде Бәкеңнің фото-ескерткіштері сақталған. Ал, осы Қарағандының бірнеше аудандық газеттерінде, облыстық басылымдарында, басқа да мәдени салаларында, олардың мұрағаттарында ағамыздың қолтаңбасы қалды. Тіпті, республикалық газет-журналдардың да өткен күндерінде фотограф Балқан Ахметтің ізі жатқан секілді.

Мен 1992-1993 жылдары «Замандас» жастар газетінде істегенімде ол кісімен көп араластым. Іссапарларға да бірге шығып жүрдік. Мен – тілші, ол – фототілші болып, қаншама материалдарды бірлесіп дайындадық. Әсіресе, есімде жақсы сақталғаны – 1993 жылдың сәуір айында он күндей Қарқаралы – Егіндібұлақ сапарында болғанымыз. Ол кезде екеуі де жеке-жеке аудан болатын. Екі күнге деп шыққан Бәкең екеуміз сол жолы екі ауданды 10 күндей аралап едік. Менен кінә жоқ, «туған жер – алтын бесігім» деп Бәкең, ой-шұңқырын түгелдеп жүріп алды… Бірақ, жұмыстан бір жұма кешіксек те, еш өкініш болған жоқ. Өз басым, көрмеген жерлерді көріп, ел аралап, біраз жайларға қанықтым. Оларды жазып, түсіріп, жарияладық та. Сол сапарда Егіндібұлақ ауданының басында тұратын Бәкеңнің үлкен үйінде қонып, шешейдің қолынан дәм таттық. Ақындар Кәрім Сауғабай мен Тұрсын Жұмаш ағаларымыздың үйлерінде қонақ болдық. Шайырлармен жақынырақ танысып, сұхбаттастық. Балқан ағамыздың туған-туыстары мен достарының үйлерінде де арнайы мейман болдық. Қысқасы, күнде қонақ, күнде той-думан. Аяғымыз жерге тимей, қалқыдық та жүрдік. Сонда бір байқағаным, Бәкең еліне өте сыйлы, тым қадірлі көрінді. Бәкеңнің арқасында Алаштың алғыр ақыны Тұрсынмен танысып, оның текті жырларын өз үйінде, өз аузынан тыңдап, қайран қалып едім… Қазыбек би мен күйші Тәттімбеттің, Мәди Бәпиұлының мұраларымен, Құнанбай мешітімен, «Салтанат» ән-би ансамблінің мүшелерімен танысқан сәттеріміздің бәрінде Бәкең алда ту ұстап жүрді. Екі ауданның еңбек адамдары да, өнер адамдары да, тіпті биліктегі басшыларына дейін «Бәке, Бәке» деп құрақ ұшқанының куәсі болдым. Осы көріністерді кейіннен Әшімхан ағамызға айтсам, ол кісі: «Біздің Бәкеңнің еліне еңбегі әбден сіңген ғой» – дегені бар.

Балқан ағам қарапайым болғанымен, қазақ десе, жанын жұлып беретін – ұлтшыл азамат еді. Өзін үнемі бұрынғы алашордашылдардың бір мүшесіндей сезінетін. Өйткені, бойында тектіліктің қаны тулап тұрды. Бір күні газеттің тапсырмасымен жаңадан ашылған бір мекемені жазбақшы болдық. Тәуелсіздігімізді енді алып жатқан 1992 жылдың аяғы ғой деймін. Әлгі кәсіпорында басшылардың да, жұмысшылардың да бәрі тек қана орысша сөйлейді. Біз қазақша сөйлейміз. Тәуелсіз елімізді түсіндіріп әлекпіз. Содан ренжіп қайтып келе жатқанда, жолай алдымыздан дәу овчарка итін жетектеген орыстың шалы кездесті. Қарсы келіп қалғанда, иттің аты ит емес пе, алда келе жатқан Бәкеңе тап-тап берді. Қалбалақтаған иесіне ие бермеді. Тым жақын қалды. Сол бір үрейлі сәттегі Бәкеңнің оқыс шешімі – қолындағы фотоаппарат салынған сөмкені алдына тоса қойды. Құтырған ит сөмкені барып қапты. Бәкең шұғыл айласының арқасында аман қалды. Басқа біреулер құсап, итті де, иесін де сотқа сүйреген жоқ. Бар болғаны – иттің иесі, орыс мұжығына Серік Ақсұңқарұлы ағасының «Қасқырдың монологы» деген керемет өлеңін маған оқытқызды.

Қасқыр демекші, Бәкең осынау жыртқыш аңды өте жақсы көретін. Бірге жүрген жігіттер қалжыңдап: «Бәкең – кәрі қасқыр ғой» десе, ағамыз өзін кәріге қимай: «Жо-жоқ, мен – ескі қасқырмын!» деуші еді («Старый волк» деген сөзді өзінше аударып алып).

Балқан ағамыздың тағы бір қыры – өнерге өте жақын, сыршыл жан еді. Өлеңді жазбайтын ақын. Әнді салса – дауысы біршама, бірақ өзін жарнамаламайтын әнші еді. Әсіресе, Ілия Жақанов ағамыздың әні «Балқантаудың бауырындасын» жиі айтатын. Керемет сағынышпен жүректерге жеткізе айтатын.

«Сен – Балқанда, мен – мұнда, ара қашық,

Сағынышым күн сайын барады асып,

Мақпал кештер кетіпті-ау тым алысқа,

Сағым қуған жылдармен араласып… »

Бірде осы ғажап лирикалық әнді досы Бауыржан Тұрсыновқа қайта-қайта айтқызып, өзі ағыл-тегіл жылағанын көргем. Талантты әнші Бауыржан досымыз да ерте қайтыс болды. Ол жігітпен де Бәкең таныстырып еді. Талай игі жақсыларды, өмірдегі де, өнердегі де тұлғаларды танып-білуіме ол кісінің ықпалы болып еді. Оны да айта кеткен жөн болар.

Иә, сонымен, Балқан Ахметұлының азаматтығы, қарапайымдылығы, еңбекқорлығы, кәсіби шеберлігі, туған жері мен елін сүйетін патриоттығын айтып жатқанымыз – кейінгі толқынға үлгі-өнеге болсын дегеніміз. Балқан ағамның образын іздегенде, авторлары есімде жоқ, «Фотограф» дейтін бір керемет ән бар және Тұңғышбай ағамыз айтатын «Ағайын, актер деген – ел боламыз…» деп аталатын әндерді тыңдау керек. Осы екі әннің де өн-бойында Бәкең образы тұнып тұр.

Сол Бәкең, көп араласып, біте қайнасқан есіл ағам былтыр өмірден өтті… Кеш естігендіктен қазада, жаназасында бола алмадым, топырақ сала алмадым. Қырық күндік құдайы астағы Құранға да қатыса алмадым, бір себептермен. Енді, міне, жылы да жақындап қалыпты. Қайран ағама салған бір уыс топырағым – осы кішкене естелігім болсын!

Қош болыңыз, бақұл болыңыз, Балқан аға!

«Сіз – Балқанда, біз – мұнда, ара қашық…»

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button