Балқаш

“ӘУЕЗ-АЙ” әні қалай “ҚАМАЖАЙ” аталды?

Бұл әнді естімеген, тыңдамаған қазақ жоқ десек болады. Әуені тойларда жиі ойналатындықтан, құлаққа әбден сіңген. Содан да болар, тойға арналған қуаныш-думанның әні деп ойлайтындар бар. Тіпті, осы әннің әуеніне қазақтың ұлттық биін билеу де дәстүрге айналып кеткен. Оның авторының кім екенін осы күнге дейін бірде-бір өнер немесе музыка зерттеушісі анықтап, жарыққа шығарған емес. Оған тиісті мәліметтер мен деректердің қолдарына тимеуі де себеп шығар. Осы ән туралы арнайы хабар дайындап жүргізгенде де, бұрынғысынша «халық әні» деген тоқтамға келіп, бұл тақырыпты одан әрі қозғауға, зерттеуге талпынғандар болмады. Ән әлі де «халық әні» деп хабарланып, айтылып келеді.

ӘЛҚИССА

Біз сөз етіп отырған «Қамажай» әнінің алғашқы атауы «Әуез-ай» болғанын, ол Құлеке батырдың әні екенін және қазіргі айтылып жүрген сөзі автордың өзінікі емес деген әңгімені алғаш рет 2009 жылы Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, 1973 жылы ауданда жаңадан құрылған «Жамшы» совхозының бірінші директоры болып тағайындалып, аталған шаруашылықты 1991 жылдың көктеміне дейін басқарған Қауаз Мұқажановтан естідім. Осыдан кейін Қауаз аға ән авторы жөнінде аудандық «Тоқырауын тынысы» басылымына газеттің бір бетін толықтай алған үлкен мақала берді. «Батыр бабалар туралы қысқаша деректер» деп аталатын сол мақала газеттің 2010 жылдың 29 қаңтарындағы номерінде жарияланды. Онда Кенесары-Наурызбай бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан ұлт батырлары – ән авторы Құлеке Қармысұлы мен оның ағасы Бабеке батыр туралы көптеген деректер берілді.

Құлеке батырдың музыкалық мұралары жайында да біраз мәліметтер келтірілді. Құлеке батыр – Қаракесек ішінде Сарымның Өтемісінен туатын Құлықтың шөпшегі. Құлықтан екеу туған: Соқыр Жалаңтөс батыр және Таңат. Таңаттың Бәйсеуінен Қармыс, одан Бабеке, Құлеке, Тілменбет туған.

Құлеке батырдың «Қамажай» әні бір уақытта Ақтоғай, Балқаш өңіріне кеңінен тараған ән болған. Бірақ, ән тарихы туралы еш жерде ештеңе жарияланбаған. Ән авторының есімінің аталмай, халық жадынан ұмыттырылуына алғашында «Әуез-ай» деген атпен танымал болған ән авторы Құлеке Қармысұлы батырдың Кенесары көтерілісіне қатысуы және патшалық Ресейдің саясатына қарсы шыққан қауіпті саяси тұлға ретінде есімін атауға, ол туралы жазуға тыйым салынуы себеп болған. Әннің атын «Қамажай» деп өзгерткен, қалыңдығына өлең жазып, осы әннің әуеніне салып, оны қалыңдығы Қамилаға шырқатқызған Қызылбай Жандеркеұлының аты-жөні де ашық айтылмады. Өйткені, ол Алашорда қайраткері Жақып Ақбаевтың әкесімен бірге туған ағайыны болатын. Жергілікті халық ән авторларын білсе де, осындай себептермен олардың аттарын айта алмай, құпияда сақтады.

Бұл ән халық музыкасы мұраларын зерттеушілердің жинақтаған қорларында бар. 2021 жылы өнертанушы Келгенбай Төлеутаевтың 1973-1974 жылдары магниттік таспаға (10-нан аса таспа) жазып алған дыбыстық жазбаларын цифрлық форматқа көшіргенімде, осы әннің бір нұсқасы шықты. Келгенбай аға Балқаш өңірінің ән мұраларын жинап жүріп, «Қамажай» әнін магнитофон таспасына жазып алған екен. Әнді 1973 жылы 11 желтоқсанда Балқаш қаласында тұрған, сол уақытта жасы 61-дегі өнерпаз Рысбек Жакенов «Қамажай» деп қазіргі сөзімен орындап берген. Алайда, ол кісі орындап берген ән әуенінде қазіргі нұсқадан ауытқыған азғантай өзгешелік бар. Осыдан кейін ән әуенінің алғашқы нұсқасы солай болды ма екен деген ой да қылаң береді.

2019 жылы Қауаз ағамен екі рет кездесіп, әңгімелестім. Үш-төрт рет өзі телефон шалып, осы ән төңірегінде сөз қозғап, жинақтаған деректерімен бөліскен болатын. Сол уақытта әңгімелерін ұялы телефонның диктофонына жазып алып отырдым. Биыл қаңтар айында Жанғазы Қауазұлы хабарласып, Қамар, Жанар әпкелерімен үшеуі әкесінің қолжазбаларын жинақтағандарын және кітап шығаруды жоспарлап жатқандарын, сондай-ақ, теріп-жинақтаған материалдарды редакциялау және оны баспаға беру үшін беттеу керектігін айтты. Кітапты беттеп дайындап берген соң, үшеуі өздері демеуші болып, «Жадымдағы жазбалар» деген атаумен жақында баспадан шығарды. Қарағанды қаласында кітаптың тұсаукесер рәсімін және таныстырылымын ұйымдастырды.

Осы кітапқа енген Қауаз ағаның қолжазбаларында «Қамажай» әніне және оның авторы, өзінің үшінші бабасы Құлеке Қармысұлы батырға қатысты бірнеше әңгімелер бар, солардың төртеуінде «Қамажай» әні сөз болады. Қауаз аға оларды дәлелді деректермен нақтылай отырып жазыпты.

«Бұл әннің әуені Құлеке Қармысұлы батырдікі (Кенесары-Наурызбай қозғалысына басынан соңына дейін қатысқан), сөзі: Қызылбай Жандеркеұлыныкі (туған ағасы Ақбайдан Алашорда жетекшілерінің бірі Жақып туады)», – деп, Қауаз Мұқажанұлы алдымен ән тарихына қысқаша тоқталып өтеді.

«2018 жылы 16 ақпан күні, – депті Қауаз аға қолжазбасын да, – «Қазақстан» телеарнасында Ақан Әбдуәлі кезекті «Телқоңыр» бағдарламасында «Қамажай» әні кімдікі?» деген тақырыпта сұхбат жүргізіп, оған Құдайберген Бекіш, Ардақ Исатаева, Социал Жұмабаев, Нұргүл Әлқожа қатысып, сұхбат қорытындысында «ән – халықтікі» деген тоқтамға келді. Маған ән тарихы белгілі болса да, қолыма Сымаханның (Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың туған інісі) архиві түспеген соң, тікелей эфирге шығуды орынсыз санадым. Енді қаншама жыл әрекеттенсем де, Сымахан архиві қолыма түспей, ештеңе шығара алмайтынымды ескеріп, қолдағы материалдарым бойынша жазып кетуді жөн санап отырмын», – дейді де, өзі білетін төрт әңгімені баяндайды. Соның үшеуін көпшілікке ұсынып отырмын.

БІРІНШІ ӘҢГІМЕ

1944 жылдың наурыз айы. Ол кезде аудан көлемінде автомобиль немесе басқадай транспорт жоқ, тек қана ат, өгіз, түйе көліктері пайдаланылады. Оның өзінде бір елді мекеннен екінші елді мекенге жеткізіліп, одан келесі елді мекенге алдыңғы елді мекеннің күш-көлігімен жеткізу дәстүрі қалыптасқан. Яғни, әр елді мекеннен көлік лаулайтын. Сол уақытта НКВД қызметкері Қайырбек Байсеркин аудандық партия комитетінің «Қызылжар» колхозының басқармасына «өзін Қарқаралыға жеткізуді тапсырған» хатын алып, бір көлікпен Қарқаралыға шығады. Жолда «Қызылжар» колхозына соғып, басқарма төрағасы Күзембай Спанбетовке хатты табыс етіп, көлігін кері қайтарады. Түнде Күзембайдың үйіне соғып, әңгімелесіп, демалады. Жөн сұрасып, танысып, біліскен соң Күзекең Қайрекеңе: «Біз – сіздердің елдеріңізбіз, ежелден құдандалы, жекжат елміз. Біз – Қаракесек Шордың ішінде Киікбай деген үлкен елміз. Киікбай ішінде Жандеркеден Ақбай, Сырлыбай, Қызылбай туады. Ақбайдан атақты Жақып (Алашорда басшыларының бірі, заңгер) туады. Қызылбай Петербургте оқыған, өзі ақын болыпты. Оған Сарым елі ішінде Шабанбай тармағынан Бекпенбеттің Досымбегінің Қамила деген қызын айттырып, қалың малын төлепті. Қызылбай ұрын барып, қалыңдығын көріп, көңілі толыпты. Қамила өте әнші кісі екен. Қамиланың салған әндері қатты ұнапты, әсіресе, бұрын естімеген Құлеке батырдың «Әуез-ай» әні ерекше әсер етіп, Қамиланы еркелетіп «Қамажайым» деп риза болып, «Әуез-ай» әнінің музыкасына «Қамажай» деген өлең шығарыпты. Оқуын бітірген соң Қарқаралыға ояз қарамағына (ол уақытта Қарқаралы уезд орталығы болып, қазақтар ояз атаған) қызметке тұрып, үйленбекші болады. Сол қызметке тұрар кезінде ел ішіндегі көреалмайтын адамдар Қызылбайды уландырып, Қызылбай 25 жасында қаза болады. Сонда Жандерке «Шордың (ру аты) арбасы дөңгелексіз қалды-ау» деп қайғырыпты. Киікбай елі ақылдаса келе сол елден шыққан, тағы бір тысқары жерден (Ресейден) оқып келген Тоқбергеннің Түсіпбегіне Қамиланы әмеңгерлік жолымен қосады. Одан туған Мұқамеджан Ақтоғай ауданында көп жылдар мұғалім болды.

Енді Жандеркенің Сырлыбайына келейік. Сырлыбайдан Қасенхан және Муня, Әркен, Дәркен деген қыздар туады. Қасенхан да оқыған, жақсы азамат болыпты. 1970-1980 жылдар аралығында қайтыс болды. «Біз бәріміз Киікбай болғанмен, арамыз 7 атадан алыс ағайындармыз. Заман – бұрынғыдай емес, 1920 жылдардың аяғындағы аласапыран уақыт. Мен тақыр кедейден шыққан, ел ісіне араласа бастаған белсенді кезім. Содан еліміздің шонжар байының бірі Сырлыбайдың қызы Муняға үйлендім», – деп Күзембай әңгімесін аяқтапты.

Бұл әңгімені 2014 жылы маған Қайырбек Байсеркин ағамыз айтып еді. Сол Күзембай мен Мунядан Дәкен туады, Ақтоғай ауданының құрметті мұғалімі, Меккеге қажылыққа барған кісі. Жолдасы Мәдениет Сәтеков – Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы. Көп жылдар білім саласында, комсомол, партия, шаруашылық қызметтерін атқарған, жиырма жылдай аудандық еңбек ардагерлері кеңесін басқарған азамат.

ЕКІНШІ ӘҢГІМЕ

Қасымхан Қаленұлы – Сарым елі, Шабанбайдың Құржық тармағынан, Қамиланың (Қамажай) аталас туысы.

Қасымхан – Ақтоғай ауданы жастарының ішінде 1950-жылдардың басында алғашқы жоғары білім алған лектің бірі. Көп жылдар ағарту саласында, аудандық газетте қызметтер атқарды. Айтыскер ақын, өлкетанушы, өнер зерттеуші, жан-жақты азамат еді.

«1960-1970-жылдары «Еңбек» колхозында (кейін «Қызыларай» совхозының бір бөлімшесі) мектеп директоры болған Мұқамеджан Түсіпбековтің шешесі, Бекпенбеттің Досымбегінің қызы Қамила деген апамыз Құлық Қармысұлы Құлекенің көп әндерін білуші еді», – деп әңгімелейтін. Оның ішінде «Бурылтай», «Бір бала», «Қамажай» әндері де Құлекенікі екенін айтатын. Қасымхан ақсақалдың айтуынша («Арқа еңбеккері» газеті, №109- 110 (6145), 11 қыркүйек, 1991 жыл, Қ.Қаленов, «Бабеке батыр» – 4-6 беттер), ол әннің шығу тарихы былай: «Құлеке ән шығарып, бозбала болып, ойын-тойға қатысып жүргенінде, бірде көктемде Қоңыртаудан (жер аты) Тоқырауынды бетке алып, ауылынан шығады. Жолда өзен, өзектер жүріп кетіп, Бегазыдан басталатын Монша сайы қатты толып, бурыл тайлы Құлекеге өткел бермей, уәделі күнге жете алмайды. Содан «Бурылтай» әнін шығарыпты», – дейтін.

ҮШІНШІ ӘҢГІМЕ

1966 жылдың тамыз айы. Жұмыс бабымен Балқаш қаласына барған едім. Ол кезде Сәуле елді мекенінде аудандық «селхозтехниканың» басшысы қызметіндемін. Балқаш қаласында екінші бір базамыз бар. Сонда Балқаш азаматтарынан біздің елдің аса сыйлы ақсақалы Сымахан Нұрмұхаммедұлының (Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың туған інісі) ауыр халде жатқанын естіп, қасыма Боранбайдың Ғынаятын (Сидней Олимпиадасына жүрейін деп тұрған кезде кісі қолынан қаза болған Мейрамның әкесі), Сайлау Ешкеевті, Ерліс Танабаевты (Астанадағы әнші Нұрай Танабаевтың әкесі), тағы екі жігіт бардық. Ол кезде 20-30-дың арасындағы кезіміз. Сымекең ауласы кең, шатырланған 4 бөлмелі үйде тұрады екен. Жатқан бөлмесінің ар жағында тағы бір бөлме бар. Пештің түбіне қалыңдатып төсек салып, үстінде кең ақ көйлек, ақ шалбары, басында тақиясы бар, демалып жатыр екен. Біз сәлем беріп кірдік. Төргі бөлмеден шешеміз шықты. Мен өзімді таныстырдым. Аты-жөнімді, әкемді, үлкен әкемді айттым. Сәлемімізді алды. Қасымдағы жігіттерді таныстырып, Ғынаяттың Қожағұл екенін, Сайлаудың Кіші Жүз – Алшын екенін, Ерлістің Майлық – Қожамберлі екенін айттым. Сәлемдесіп бітісімен маған жолдастарымның көзінше «адам емес екенсің» – деді. Мен сөзден қате жібердім бе деп қысылып қалдым. Сосын «әкең де адам емес екен» – деді. Тағы да «тіпті, тұқымыңнан бір ұл тумаған ба?» – деп жіберді.

Менің қасымдағы жігіттер бәріміз қатарлас болғанмен, қызметте менің қарауымдағы адамдар, маған қиын болып қалды. Әсіресе, өзімді емес, әкемді айтқаны ауыр тиді. «Ата, сізге не жаздық, неге олай дейсіз?» – дедім.

Сымекең: «Мені дұрыс түсінбей қалдың-ау, сенің үшінші әкең Құлеке батырдың көзін көріп, ол кісіге еркелік жасаған кезім болған еді. Құлеке Кенесары-Наурызбайдың батыры болуымен бірге, біздің бұл төңіректе сол соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан ағасы Бабеке екеуі ғана еді. Құлеке көп ән, күй шығарған адам, оның күйлерін, әндерінің атын өзгертіп, «біреуін – халықтікі, біреулерін басқа адамдардікі» деп радиодан беріп жатады. Адам болсаңдар, ұл болсаңдар, неге айтпайсыңдар? Ондай қателіктерді тоқтату керек, мен саған соны айтып жатырмын», – деді.

Мен: «Ата, біз ол екі кісінің ұрпағы екенімізді де айтпаймыз, біз қорқамыз. Бізді солай үйреткен және ол кісінің әндері мен күйлерін ел ішінде ешкім орындамайды. Тек, күйлерін өзіңіз қатарлы Өмірбек Исаұлы деген әкеміздің тартқанын бір рет естідім», – дедім.

«Онда қазір қандай ән, күй екенін айтайын, Мәрия (менің анамның туыстас апасы), қағаздарымды әкелші», – деді. Бәйбішесі төр үйден бір қап әкеліп, Сымекеңнің қасына қойды. Сымекең қолын салып еді, бірінен кейін бірі конверттегі хаттар ілікті, бірі – академиянікі, бірі – Мұқтар Әуезовтікі, бірі – Сәбит Мұқановтікі, ылғи, атақты адамдардікі. Енді әңгіме Мұқаңның сұрағына жазған жауабына ауысты. Мұқаңның әңгімесі Құнекең, Абай жөнінде екен, содан ұзақ әңгіме басталды. Біз жұмыстағы адамдармыз, оның үстіне ол кезде әңгіме түсінетіндей, қызықтайтындай уақытымыз емес, оның қадірін кейін ғана түсіндік қой. Көп әңгіме айтылды, оны жазса, тіпті басқа дүние болар.

Қорытындысында, «Сендердің оқып жүрген Абайларың 40 жастан бергі Абай, оған дейінгі Абай басқаша Абай, мен мұны Мұқтарға айтып баққанмын», – деді. Әңгіме өрби түсті. Арасында Құлекеге жасаған еркелігін айтты. Абайдың 40 жасқа дейінгі қылықтарын әңгімеледі. Біз бір демалған кезін пайдаланып, жылыстап шығып кеттік. Кейін білу қажет болғанда кіші қызы Сәуле апайдан Сымекеңнің жазғандарын сұрадым. «Ол кісінің негізгі қағаздары біздің қолымызда болып еді, әкей қайтыс болысымен, «мен көзі тірі досы едім» деп жазушы Сапарғали Бегалин келіп, түк қалдырмай алып кетті, ал, бауырым Балабаршындағы қағаздарын Сұлтанхан Аққұлұлы алыпты», – деді. Содан кейін Астана қаласында Әлихан жөнінде ғылыми конференция болғанда, біздің ауылдың әкімі Самат Әділбаев шақырылып еді, соған арнайы тапсырдым.

«Конференцияға Әлиханның туысы Райымжанның Сырымы, ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы қатысар, менің жөнімді айтып, бабам Құлеке туралы Сымекеңнің архивінен іздеп тауып берсін, телефон номерлерін ала кел», – дедім. Сырым: «өзі хабарлассын», Сұлтанхан: «менде ештеме жоқ», – депті. Кейін бір жылдан соң телефон арқылы Сырыммен сөйлестім, ол кісі ауырып жатқанын айтып, тәуір болған соң қыркүйекте хабарласуымды сұрады. Сырымға «Сапарғали алып кеткен Сымекеңнің қағаздарын қайтарып алу керек, Сапекең де қайтыс болды ғой», – дедім. Амал не, мен телефонмен байланыс жасаймын деп жоспарлаған уақытымда – қараша айында Сырым қайтыс болып кетті. Сұлтанханмен 2016 жылы Әлиханның бабаларының қорымында және қыстағының басында болғанда сұрап едім, «мен ол кісінің қағаздарын алған емеспін», – деді. «Сіз алмасаңыз, 2003 жылы «Жұлдыз» журналына Сымахан жазған Төрелердің шежіресін қайдан алдыңыз?» – дегенімде, ойланып, «кейін бір хабарласармыз» деген еді. Ендігі сөз, «Қамажайдың» толық дәлелі – сол Сымекеңнің қағаздарының ішінде, мен өзім көрген, естігендерімді ғана қағазға түсірдім. Бұл әңгімелерден шығатын қорытынды: әннің бұрынғы аты – «Әуез-ай, әнім менің», сөзі де, әні де Құлеке батырдікі, қалыңдығы Ташкент жақтағы Арғын-Алтайдың қызы екен, сол кісіге арнап шығарған екен.

Кейін елге келгенде Досымбектің Қамиласы үйреніп, айтып жүретін болыпты. Бұл әнді атастырған күйеу жігіті Жандеркенің Қызылбайы қатты ұнатып, оқуында жүріп Қамажайына өлеңмен хат жазғанда, өлеңнің аты «Қамажай» аталып, тарап кетіпті. Сөйтіп, бұрынғы сөзі де, Құлекенің аты да, Қызылбайдың аты да ұмытылыпты. Құлекенің атының ұмытылуы заңды, өйткені, ол Кенесары ханның жауынгері.

Кейін Ақбайдың Жақыбы шыққан соң, Қызылбайдың да атының аталмауы заңды емес пе?». «Қамажай» әніне қатысты Қауаз Мұқажанұлының қолжазбасындағы деректердің негізгілері осылар.

* * *

Биыл ақпан-наурыз айларында Досымбектің Қамиласы (Қамажай) мен Тоқбергеннің Түсіпбегінің немерелерін іздестірдім. Олар өзім тұрып жатқан Балқаш қаласынан табылды. Түсіпбек пен Қамиланың немересі Тоты Мұхаметжанқызы әжесі мен атасының фотосуреттерін және атасы туралы әпкесі, Мұхаметжанқызы Қарлығаштың жазып қалдырған аздаған деректерін берді.

Тоты апайдың айтуынша, үлкен бабалары Тоқберген Жұмағұлұлы өз заманында ел билеген адам болыпты. Тілеукен Еңсебаев пен Жанат Қоңыров құрастырып шығарған «Қаракесек шежіресінің» ІІ томындағы мәліметтерге назар аударар болсақ, Ақбай, Қызылбайдың әкесі Жандерке мен Тоқбергеннің әкесі Жұмағұл – ағайынды кісілер, екеуі де Құдабайдан туады. Ақбай Жандеркеұлы 1884-1886, 1892-1895, 1895-1905 жылдар аралығында Берікқара болысының басқарушысы болған. Ал, Тоқберген Жұмағұлов 1898 жылдан 1916 жылға дейін, арасында аз ғана үзіліспен бірнеше рет осы болыстың №4 ауылының биі (халық соты) қызметіне сайланған.

Тоқбергеннен Түсіпбек туған. Ол кісі шамаман 1887 жылы дүниеге келіп, 50 жасында, 1937 жылы өмірден озған. Томбы қаласында оқып жүргенде ауырып, оқудан шығып елге қайтып келген. Өте сауатты, білімді адам болған. Қабірі Қарқаралы ауданындағы Милыбұлақ деген жерде. Ал, Қамажай – Қамила Досымбекқызы 1969 жылы дүние салған, зираты Ақтоғай ауданындағы Қараменде би ауылдық округінің бұрынғы «Еңбек» бөлімшесінде. Жергілікті халық ол жерді «Ескі Еңбек» деп атайды.

Түсіпбек пен Қамажайдың баласы Мұхаметжан Түсіпбеков пен оның жұбайы Раушан Сыздықова – Ақтоғай өңіріне танымал болған ұстаздар. Мұхаметжан Түсіпбеков бірнеше жыл мектеп директоры болып қызмет жасаған. Раушан Сыздықованың мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Талай шәкірттің білімге жолын ашқан аяулы ұстаздардың отбасында Қарлығаш, Төлеужан (Толик), Тоты, Өсербай, Шәрбан, Амантай, Роза, Есентай, Саятбек, Мұратбек деген он бала дүниеге келді. Атасы туралы мәліметтердің біразын Қарлығаш жинақтап кеткен екен. Тоты, Өсербай, Саятбек – қазір Балқаш қаласының тұрғындары. Амантай Қарағандыда, Шәрбан мен Мұратбек Қарқаралыда тұрып жатыр. «Қамажай» әнінің кейіпкері болған Қамила Досымбекқызы мен ол кісінің жұбайы Түсіпбек Тоқбергенұлының фотосуретін көздің қарашығындай сақтап, оның көшірмесін қолымызға табыс еткен Тоты апайға шынайы ризашылығымды білдіремін.

СУРЕТТЕ: (алдыңғы қатарда солдан оңға қарай) Түсіпбек ТОҚБЕРГЕНҰЛЫ, әйгілі «Қамажай» әнінің кейіпкері Қамила (Қамажай) ДОСЫМБЕКҚЫЗЫ.

Қуандық СӘДЕНОВ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button