Сәтбаев

Бәсі биік «Жыланды»

Кеншілердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Қазақмыс» журналистер үшін «Жыланды» кенішіне саяхат ұйымдастырды. Бұл – кен қорына тәуелді кеншілер ғана емес, өмірі осы өндіріспен өзектес аймақ жұртшылығы үлкен үміт артып отырған, бес шахтаның басын біріктірген, келешегі кемел қуатты кәсіпорын.

Кеншілер қаласынан оңтүстік-батысты бетке алып, ертелетіп жолға шығып кеттік. Сүт пісірімдей уақыт өткенде, күре жолдың сол жағынан шағын қалашық көзге түсті.

Кенішпен таныстықты бірнеше ғимараттың арасынан еріксіз өзіне назар аудартып, көк түсті әйнекпен көмкерілген әкімшілік-тұрмыстық кешенінен бастадық. «Мұндай кешеннің баламасы республикада жоқ» деп қойды «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының кеніштегі кәсіпком төрағасы Сәкен Смағұлов. Айтса айтқандай-ақ екен! Былтыр күзде пайдалануға берілген, заманауи жетістіктің соңғы нұсқасына негізделіп салынған онда еңбек адамы үшін жанға жайлы барлық жағдай жасалған.

12 мың шаршы метрден астам аумақты алған әмбебап әкімшілік-тұрмыстық кешенде заманауи бақылау-өткізу бекеті, екі қабатты көпатқарымды тұрмыстық және әкімшілік ғимарат, 200 орындық асхана, маңдайшам беретін орын, денсаулық бекеті, жүз шақты жеңіл автокөлік қоятын орын бар. Тұрмыстық қызметтің барлық түрін басқару толық автоматтандырылған.

Диспетчерлік орталықты бағдарламалық қамтамасыз ету арқасында барлық бақылау қарапайым веб-интерфейсте интерактивті сұлбаның көмегімен жүзеге асырылады. Жұмысқа тұрғанда әрбір адамға әмбебап кілт-карта тапсырылады. Онымен кешен аумағына өтуге, тұрмыстық аймақтағы жеке шкафын ашуына, дәрігерлік бақылаудан өтуіне, асханада тамақ ақысын төлеуіне, жұмыс киімін алуына болады.

Таза және жұмыс киімі жеке-жеке қойылады. Су болған жұмыс киімі келесі ауысымға дейін кеуіп тұруы үшін шкафқа жылы ауа жіберіледі. Кенші кірлеген жұмыс киімін бұрынғыдай үйіне апарып, зайыбына жудырмайды. Онымен «СТ Глобал» компаниясы айналысады, – дейді, жұмыс киімін тазалау кешенінің басқарушысы Жұлдыз Адырбаева.

Заманауи медициналық жабдықтар қойылған дәрігерлік бекетте ультракүлгін сәулемен ем жасайтын фотарий – сәулемен емдеу кабинеті жұмыс істейді. Оның пайдасы – жерасты жағдайында кен өндіретін адамның көңіл-күйін жақсартуға әсер етеді. Дәрігерлік бекет, сондай-ақ, шұғыл жағдайда «Жедел жәрдемге» арналған жеке кірмежолмен және тікұшақ алаңқаймен қамтамасыз етілген.

Екінші қабатта жуынатын орын орналасқан. Ол суды ысырап қылмайтын үнемдеу жүйесі арқылы басқарылатын көрінеді. Мәселен, түймешікті басып қалғанда жарты минут үзіліспен минутына 8 литр су беріліп, сосын ыстық-суық су араластырғыш автоматты түрде тоқтайды екен. Егер жуынып үлгермесеңіз, түймешікті тағы басасыз. Жуынатын орынның қызығын шахтадан шыққан соң өзіміз де көрдік.

Талтүсте «Шығыс Сарыобаға» тартып кеттік. Шахтаға жеткесін арнаулы автобусқа отырып, үш шақырымдай жол жүріп, жер бетінен үш жүз метр тереңдікке түстік.

Жолай журналистерге қосылған шахта бастығының міндетін атқарушы Ерлан Ережепов: «Ай сайын байыту фабрикасына 4000 тоннадан астам шикізат жөнелтеміз. Тоғыз телімде алты жүздей адам еңбек етеді» деді. «Апыр-ай, кеніштегі адамның үштен екі бөлігіне жуығы осында жұмыс істесе, осал шахта болмады!» деп, іштей ойлап қойдым.

Қайтар кезде шахта аралауға шыққан кеніштің бас инженері Сұңғат Үрпішевпен кездестік. «Құтты қойнауын кен кернеген Арқаның құйқалы төскейінде бұдан бес жыл бұрын жаңа кеніш кереге жайды. «Жыландының» жылнамасы 2016 жылы наурызда қатарға қосылған «Сарыоба» шахтасынан басталады. Қазір «Итауыз», «Қарашошақ», «Шығыс Сарыоба» кен беруде. Кезекте «Батыс Сарыоба» мен «Қыпшақбай» тұр. Енді бірер жылда бесеуі жобалық қуатына жеткенде, жылына 8 млн. тонна кен өндірілетін болады» деді ол.

Геологтардың есеп-қисабына, барлау-іздестіру жұмысы қортындысына қарағанда, Жезқазған аймағында кен қорын еселеуге қатысты әлі ашылмаған қуатты көздер бар. Ал, әзірге стратегиялық жоспарға сәйкес қолда бар кен қоры 2054 жылға дейін ырғақты жұмыс істеуге еркін жетеді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Суреттерде: Жыланды» кеніші «Шығыс СарыОба» шахтасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан ЕРЕЖЕПОВ пен №5 ұңғылау телімінің бастығы Думан САРИЕВ.

Суреттерді түсірген автор.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button