Сәтбаев

Әлеуметтік әділдік – маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын тікелей эфирден тыңдап, ел дамуы үшін маңызды құжатта көптеген оң бастама қамтылғанына көз жеткіздім. Соның ішінде өзімнің ерекше назарымды аудартқаны Президенттің әлеуметтік саясатқа қатысты ұстанымы болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктері ең алдымен әділдік қағидаттарына негізделуі керегін анық аңғартты.

«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда, қоғамда әлеуметтік масылдық көрінісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар  аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осы сияқты жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр» деген Президент сөзі әлеуметтік салаға қатысты бағдарламалар мен құжаттардың әлі де нақтылайтын тұстары бар екенін көрсетеді.

Сонымен бірге, мемлекеттің әлеуметтік қолдауы қоғамда масылдық сананың қалыптасуына өзек болмауы керек. Мемлекет басшысы бұл туралы да: «Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне, қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек» деп, болашақта мұндай жат қылықтың жағымсыз тенденцияға айналып кетпеуін ескертті.

Жолдауда басқа салаларға қатысты да қоғамның қолдауына лайық мәселелер айтылды. Жер қатынастарын реттеу, қаржыны үнемдеп жұмсау, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын кезең-кезеңмен көтеру сынды Президент тапсырмалары әлеуметтің әлеуетін арттырып, қоғамда әділдік орнатарына сенімім мол.

Мұса ТІЛЕУОВ,

СӘТБАЕВ  қаласының Құрметті азаматы, ақын.

СӘТБАЕВ қаласы.

 

Басқа материалдар

Back to top button