Біздің сұхбат

Мейрамхан ЖӘПЕК: «Әйелдерді аялаңыздар дегім келеді»

Қазақ әйелі – тектілігі, мейрімділігі һәм рухтылығымен қашанда бөлек. Әріге бармай-ақ, Тәуелсіздік алғалы бері елдігімізді сақтап, жеріміздің тұтастығын қамтамасыз етуде, ұлттың рухын көтеруде туа біткен қайсарлығымен талмай еңбек етіп келе жатқан аяулы аруларымыз баршылық. Көктемнің алғашқы күндерінде солардың бірі һәм бірегейі, белгілі журналист, қоғам қайраткері, қазақ рухының қызғыш құсы Мейрамхан ЖӘПЕК апайымызбен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Мейрамхан Сағынқызы, Қарағанды университетінде журналистика кафедрасы ашылған тұста сол ұйымның іргелі істерге мұрындық болуының басында сіз де тұрдыңыз. Талай шәкірт тәрбиеледіңіздер. Қазір Қарағанды журналистика кафедрасынан шыққан журналистердің арасынан елге танымалы да аз емес. Сіз журналистиканы ғылыммен ұштастырдыңыз. Қарағандыдан Нұр-Сұлтанға ауысқанда ғылымнан алыстап кеткен жоқсыз ба? Қазір қайда жүрсіз?

Қарағандыдан Нұр-Сұлтанға дегеннен гөрі, Алматыға кетті деген дұрыс болар. Иә, 2011 жылы Мәскеуден тағылымдамадан келген кезде еліміздегі ғылыми кеңес жабылып қалды. Енді дайын тұрған кандидаттық жұмысты қорғау керек. Университет басшылығы көрші Қырғызстанға барып қорғау немесе магистратураға түсіп, сонда қорғау туралы ұсыныс айтты. Мен өз елімнен басқа елге барып қорғаудан бас тарттым да, өзім бір кездері білім алған қазақ журналистикасының қара шаңырағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетінің магистратурасына оқуға түстім. Университетке түскеннен соң маған 17 жылдық тәжірибесі бар маманға қосымша жұмыс іздеу керек болды. Сөйтіп, конкурс арқылы «Қазақстан» РТРК АҚ толықтай қазақ тілінде хабар тарататын болды. Мен интернет жобалар бөлімінің басшысы лауазымына құжаттарымды тапсырдым. Оған дейін Қарағандыда еліміздегі қазақ тілінде шыққан алғашқы сайттардың бірі, журналистерге арналған тұңғыш «Арқа ақпарат» сайтының басшысы болған едім. Азды-көпті тәжірибем сеп болып, конкурстан аман-есен өтіп, қызметті бастадым. Маған оқумен қатар жұмысты да қатар алып жүруге тура келді. Келесі жылы 2012 жылы Ұлттық арнаның біршама қызметкерлерін елордаға дисокациялау туралы Елбасының қаулысы жарияланды. Сол лекпен мен басқаратын Интернет жобалар бөлімі де Астанаға қоныс аудардық. Бұл жерге келгеннен соң Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінде студенттерге қосымша дәрістер оқыдым. Ұлттық арнаның Интернет редакциясының басында тұрдым, Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Біліктілік орталығының сайтын басқардым, А.Бараев атындағы ғылыми институттың сайтын басқардым, қазіргі таңда ҚР мәдениет және спорт министрлігі сайтының жетекшісімін. Ара-тұра ғылыми мақалаларды оқып беріп, рецензия жазамын. Былайша айтқанда, мен журналистикадан, сонымен қатар, оқытушылықтан алшақ кеткенім жоқ.

Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұловты зерттегеніңізді білеміз. Осындай қазақтың арыстарын біздің қоғам қаншалықты дәріптей алды? Әлі де айтылмай, ашылмай қалған ақтаңдақтар бар ма?

Қазақ қоғамы ұлтқа қызмет еткен, ұлағатты ұлдарын баяу да болса ұлықтап жатыр. Бұл сауапты істі бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Қаншама арыстарымыздың рухани мұрасы шаң басқан архив сөрелерінен алынып, ғылыми айналымға түсіп жатыр. Десек те, әлі де талай тұлғаларымыздың игілікті істерінен халық толықтай хабардар емес. Мысалы, өзіміздің жерлесіміз, ұстаз, публицист, меценат Мұстақым Малдыбаев туралы еліміз енді-енді білді. Сол сияқты, Барлыбек Сыртанов, Ешмұхамед Абылайханов, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Отыншы Әлжанов, Қалдыбай Абдуллин, Әбілқасым Ділебаев сынды тұлғалар туралы арнайы зерттеушілер болмаса, былайғы жұрт тым аз білетіні жасырын емес. Бұлардың әрқайсысы ұлтқа шексіз махаббатпен қызмет еткен арыстарымыз. Мұстафа Шоқай публицистикасы – диплом жұмысымның тақырыбы. Ал, кандидаттық жұмысым Тұрар Рысқұловтың публицистикасына арналды. Мұстафа Шоқай публицистикасына арналған ғылыми мақалаларым ғылыми журналдарда жарық көрді. Негізі, Мұстафа Шоқай менің бала күнімнен есімін таныған кумирлерімнің бірі. Біздің ауылда менің апам мен атамның өкіл баласы Бәкір деген ата кезінде Түркістан легионында болған азамат еді. Сол кісі біздің үйге келгенде «Мұстафа Шоқай – халық жауы емес, ол халықтың жоғын түгендеген ардақты тұлға» деп үнемі айтатын. Оқуға түскен 1989 жылдары Алаш арыстарының есімі аталғанда М.Шоқай тізімнің бас жағында тұратын. Біз ол замандарда I курстан бастап, диплом жұмысына тақырып алып, материалдар жинаумен айналысатынбыз. Мен ұстаздарыма Мұстафа Шоқай туралы жазсам деген ұсыныс айттым. Олар менің ізденіс, талпынысымды көріп, меселімді қайтарғысы келмесе керек. Себебі, Мұстафа Шоқай қуғын-сүргін көргендердің ең соңында, 1997 жылы мен диплом жұмысын қорғап болғаннан кейін 3 жылдан соң ақталды. Біздің Үкімет көрші елдерге жалтақтап, Алаш арысы Мұстафа Шоқайды ақтауға асықпады. Мен оның ақталуына барымды салып титтей де болса үлес қостым дей аламын. Тіпті, оқу бітіргеннен кейін де мен Мұстафа Шоқай туралы ізденістерімді тоқтатпадым. Қазірдің өзінде, Мұстафа мен Тұрар туралы құнды ақпараттарды құр жібермеймін. «Тұрар Рысқұлов публицистикасы» атты монографиям Алматыдағы «Дәуір» баспасынын 2013 жылы жарық көрді.

Сізді ғалым, журналист деп қана емес, қоғамдағы өзгерістерге, жайттарға жайбарақат қарай алмайтын қоғам қайраткері ретінде де танимыз. Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?

Мен қатардағы қарапайым адаммын. Қазақ қоғамында болып жатқан жайттардың бәріне ешқашан самарқау қараған емеспін. Ешқашан да «өзіме болсын» деген адам емеспін. Еліміз тыныш, жеріміз бүтін болса, көңілім тоқ. Мәшһүр Жүсіп бабамыздың «Қара месінен» мынадай ғақлияны санама түйдім. Ол айтады: «Өткен іске өкінбе, Өнбес істі қума, Көзіңмен көрмей сенбе» деп, сол сияқты менің өмірлік ұстанымым: Аққа Құдай жақ. Демім таусылғанша, әділдік туының астында жүру.

Жас журналистер интернет тіліне көшіп алды. Фельетон, эссе, очерк сынды жанрларға бара алмай жүр. Сонда бізде осыны үйрететін мектеп жоқ па?

Мектеп бар, тек үйренушіні мектепке отырғызу қиын болып тұр. Бұл жанрлардың элементтері мақалаға кірігіп кеткен.

8 наурыз мерекесі қарсаңында сұхбат құрып отырмыз. Осы арада сіздің гендерлік саясат туралы пікіріңізді білгіміз келеді…

Кезінде заңғар жазушы М.Әуезов «Қазақ ел боламын десең, бесігіңді түзе және «әйелге еркіндік бер» деп, сонау 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде жарық көрген «Адамдық негізі – әйел» мақаласында жазған. Одан бері бір ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл тақырып әлі де өзекті. Негізінде, елімізде гендерлік саясаттың негізгі принциптері ерлер мен әйелдер үшін Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдендірілген тең құқықты және бостандықты орнатады. Гендерлік теңдік саясаты қай кезде жүзеге асады? Біз оның алға жылжуы үшін әйелдерге саяси, экономикалық және қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік беруіміз қажет. Демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекетті бекітуде қазақ әйелдерінің рөлі зор. Балалардың тууы, олардың тәрбиесі әйелдердің мойнында. Мемлекеттік басқару жүйесінің көп бөлігі әйелдер еншісінде. Әйел отбасы құндылықтарының мүддесін қорғайды. Әйел өз отбасының жайлылығын жасау, жайлы жағдай және амандық – бұлардың барлығы әрбір әйел үшін ардақты міндет. Сондықтан, әйелдерді аялаңыздар дегім келеді.

Егер сізді журналист десек, сізге журналистиканың қай саласы жақын?

Жаңашылдықты жақсы көремін. Тыңнан түрен салғанды ұнатамын. Интернет журналистикамен кеттім мен.

Блогерлер мен интернет-медианың дәуірінде басылымдарға сұраныс төмендемеуі үшін неге мән берген жөн?

Бір қызығы кез келген журналист блогер бола алады, ал блогер журналист бола алмайды. Журналистер арнайы дайындықтан өтеді, 4-5 жыл оқиды. Ал, блогерлерге журналистік, академиялық білім жетіспейді.

Қазақ журналистикасының бағы мен соры неде?

Бағы – қазақтың әдебиеті қандай бай болса, публицистика, журналистика тілі де өте бай, тек орнымен қолданып әдемі, жедел, талдап жаза білу керек. Журналистиканың соры – енжарлық, ізденістің, еңбектенудің аздығы.

Еуропа қанша дамыды десек те, күнделікті газет-журнал оқиды. Осындай мәдениетті бізде қалай қайта қалыптыстыруға болады?

Интернет журналистика қарыштап дамыса да, газет-журналдар ешқашан өлмейді. Отбасым жыл сайын жоқ дегенде, екі басылымға жазылады. Мәдениетті қалыптастыру әрқайсымызға тікелей байланысты.

Уақыт тауып, тұшымды әңгіме өрбіткеніңізге көп-көп рақмет!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button