Біздің сұхбатСайлау – 2022

Татьяна ШАТОХИНА: «Халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы»

Елімізде 20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сай­лауының Әділетті қоғам құру жолында түбегейлі және жан­-жақты реформаларды табы­сты жүзеге асыру үшін қажетті­гі айтылуда. Түрлі сарапшылар бұл сайлаудың әлеуметтік, саяси маңызы жоғары екенін де айтуда. Бұл – кездейсоқ туған шешім емес. Уақыттың өзі соны талап етті. Оның үстіне, еліміздегі демократия деңгейі осы жолы бағамдалмақ. Қа­рапайым халықтың да оның ашық әрі әділетті өтетініне сенімі зор. Облыстық Кәсіпо­дақ орталығы төрағасының орынбасары, «ҚЫЗМЕТ» сала­лық кәсіподағының облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Татьяна ШАТОХИНАНЫҢ сайлауға қатысты пікірін білген едік…

– Татьяна Николаевна, алдағы Президент сайлауы жалпы алғанда еліміздегі басқа да саяси науқандар үдерісіне әсер етуі мүмкін бе?

– Иә, алдағы сайлау тұтастай алғанда қоғамды демократияландыруға және қоғамдық-саяси процестерді трансформациялауға жаңа серпін береді деген ойдамын. Мемлекет басшысы Қа- сым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздегі бүкіл саяси жүйені түбегейлі қайта жаңғырту міндетін атап өтті. Осы өзгерістерден соң барлық салаларда реформалауды дәйекті түрде жалғастырады және халықтың билік пен мемлекеттік органдарға деген сенімі нығаяды деп күтеміз.

– Жаңа Қазақстанға бет бұрдық. Саяси көзқарастармен қатар, қоғамдық пікір де өзгерді. Конституциялық реформалар бойынша референдум өткіздік. Саяси жүйенің белсенді трансформациясы жүруде. Демек, алдағы сайлау қоғам мен мемлекетіміздің жаңғыруының алғышарты десек те болатын шығар…

– Соңғы үш жылда мемлекеттік құрылымда өзгерістер кезең-кезеңімен жүруде. Барлығымыз – осы өзгерістердің тікелей қатысушыларымыз. Сондықтан, еліміздің Конституциясына сәйкес, халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылады.

Қазір қоғамдық институттар жаңа әрі сапалы деңгейде дамуда. Бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуде, қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартуда, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауда нақты бастамалар ұсынатын мемлекеттік органдардың маңызды әлеуметтік әріптестерінің бірі болып табылады. Кәсіподақ қозғалысының өкілдері сайланбалы органдарда жұмыс істейді және әділетті Қазақстанның құрылысына бағытталған қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысады.

– Әлемдегі геосаяси ахуал шиеленісе түсуде. Бұл, әлбетте, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалына және саяси бағдарына әсер етпей қоймасы анық. Демек, жағдай жедел әрекет етуді талап етеді. Алдағы сайлау дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деп ойлайсыз ба?

– Иә, дұрыс айтасыз. Біз қазір әлемдегі күрделі геосаяси ахуал кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл ретте еліміз демократия, заңдылық, қауіпсіздік және ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілетуге, халықтың табысын, бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді, бірлік пен тұрақтылықты дамуды арттыруға бағытталған өзінің ішкі және сыртқы саясатын дәйекті түрде жаңартып отырады және жүргізеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің алдағы кезектен тыс сайлауы бұл – жан-жақты қайта құруларды, қоғам мен мемлекетті, тұтастай алғанда, жаңғыртуды іс жүзінде іске асыру үшін жағдай жасауды қамтамасыз ететін дер кезінде қабылданған саяси шешім деп санаймын.
Еліміздің және балаларымыздың болашағы үшін сайлауға қатыса отырып, біз, қазақстандықтар азаматтық жауапкершілік танытатынымызға, бірлігіміз бен тұтастығымызды көрсететінімізге сенімдімін.

– Қазір халықтың да санасы өзгеріп, жалған ұранға бой алдырып, албырттықпен шешім қабылдаудан ада. Демек, өзге сайлаулардан бұл сайлау өзгерек болуы заңдылық шығар?

– Ашық және әділ сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге, ең алдымен, құқықтық мәдениетіміз, әр сайлаушының дауыс беруге қатысуы, сондай-ақ, сайлау учаскелерінде бақылаушылардың болуы ықпал етеді. Жалған мәлімдемелер мен арандатуларға бой алдырмай уәкілетті органдардың ресми ақпаратына сену маңызды дегім келеді. Біздің күшіміз – бірлікте. Біз біргеміз!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button