Бас тақырыпТеміртау

“Ватутин бар, Бауыржан жоқ еді…”

Тұғыры биік Теміртаудай қаламыздан түлеп ұшқан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстан 2050» стратегиясы: «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген ұғымды санаға сіңдірді. Расында, талай қиындықты көріп, бүгінде қазақтың бейбіт аспаны мен кең-байтақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, болашағын қазақ елімен байланыстырған өзге этнос өкілдерінің тағдырлары ел тағдырымен біртұтас. Демек, басқа этнос өкілдері туған қаламыз Теміртаудың тағдыры – елдің, Қазақстанның тағдыры екенін естен шығармағаны жөн.

Жақында Теміртауда көше атауларын өзгертуге байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Қалалық Мәдениет сарайына алдынала хабары бар тұрғындар көп жиналды, тіркелді. Қоғамдық тыңдауда «Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ басшысы Айжан Шәкенова қазақ және орыс тілдерінде нақты, дәлелді дәйектермен сөз сөйлеп, тұрғындардан келіп түскен өтініштер туралы айтты. Ұсыныстар дауысқа салынды, жұртшылық басым дауыспен қолдады.

Өкінішке қарай, содан кейін әлеуметтік желіде қарсы пікірлер мен жергілікті ұлт өкілдеріне бағытталған былапыт сөздер, әсіресе, Комсомол даңғылының атауын Бауыржан Момышұлының атына өзгертуге байланысты желдей есті. Сонда «бір ел – бір тағдыр» болғанымыз қайда?? Осы ретте теміртаулық журналист, марқұм Аманжол Ақын осыдан он жыл бұрын «Қанышқа қашан көше аты бұйырады?» деген мақаласында былай дейді: «… деректер бойынша Теміртауда 4 даңғыл, 99 көше, 28 тұйық көше болса, соның бар болғаны 12-сі ғана қазақша аталады екен. Бұлардың да көбісі қаланың шетіндегі елеусіз, шолақ көшелер. Ал өзгелерге келер болсақ, бізде кім жоқ еді дейсіз, орыстың генералдарынан бастап, ақын-жазушыларынан, ұшқыш, ғалым, қайраткерлерінен біздің қалада көше тимегені кемде-кем шығар-ау. Жоқты сұрасаң, Абылай мен Абай жоқ еді. Чайковский бар, Құрманғазы жоқ еді, Ушинский бар, Алтынсарин жоқ еді, Ватутин бар, Бауыржан жоқ еді, Менделеев бар, Сәтбаев жоқ еді… Осынау көп жоқтың орнын жалғыз күнде толтырып, бір деммен бәрін шешіп тастайық деп өрекпіген де ешкім жоқ. Қазақы дәстүр бойынша жол-жора, жөн-жосығына қарай ардақты арыстарымызды бір-бірлеп болса да «тіркеуге» алып, төрімізге шығарғымыз келеді». Бұл өзектілігін жоймаған проблема, көптің көкейінде жүрген ой, дегенмен рет-ретімен жүзеге асырылып келеді. Осы жолы да нағыз лайықты тұлғалардың аттары ұсынылды, сондықтан болар жұрт қуана құптады.

Күні кеше ғана 80 жылдығы аталып өткен мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарханымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңызға ұсынғанда, біз күндердің күнінде бүгінгідей демократия орнатып, кемелденеміз деп жатқан заманда өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?» деген сөзі еріксіз еске оралады…

Сонда, бүкіл дүниежүзі мойындаған, соғыс кезіндегі тактикалары бүгінде әскери оқу орындарында оқытылып жүрген Бауыржан Момышұлының есіміне КСРОның жұрнағы комсомол үшін қарсы болатындай не көрінді?!

Өз басым Комсомол даңғылының Бауыржан Момышұлының атына ауыстырылғанын қолдаймын және өте орынды деп есептеймін.

Руза АЛДАШЕВА.

ТЕМІРТАУ қаласы

Басқа материалдар

Back to top button