АймақБас тақырып

Қарағандыда балаларға кохлеарлық имплантация жасау дамып келеді

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Қарағандыда өткен жылдың желтоқсанында алғаш рет балаға кохлеарлық имплантация арқылы есту қабілетін қалпына келтіру операциясы жасалды. Осы бағытты дамыту үшін өңірде клиникалық база қалыптастырылып, заманауи жабдықтар сатып алынды, дәрігерлер арнайы даярлықтан өтті.

Сурет облыс әкімдігінен

Қазір жоғары технологиялық медициналық көмек жүйелі түрде көрсетілуде. Облыстық көпсалалы балалар ауруханасында өткен шеберлік сабағы аясында дәрігерлер астаналық маман Арман Әбілевпен бірге екі операцияны сәтті орындады. Көмек есту қабілеті ауыр зақымданған балаларға көрсетілді.

Мамандардың айтуынша, кохлеарлық имплантация – естуді қалпына келтірудегі ең күрделі операциялардың бірі. Ол есту аппараты көмектеспеген жағдайда қолданылады және баланың сөйлеу, дыбысты қабылдау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі.

Алдағы уақытта Қарағандыда тағы осындай бес ота  жасау жоспарланып отыр.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button