Абыздан шыққан алып тұлға

Арқа өңірі алып тұлғалы азаматтардан кенде емес. Кешегі Кеңес дәуірінде елінің игілігіне еңбек еткен ағалар легі бір шоғыр еді. Солардың ішінде бүгін біз әңгіме еткелі отырған Мақат Рымжанұлының орны еркеше болды. Оның, әсіресе облыстың мәдениет саласына сіңірген еңбегі айырықша екенін кейінгілер әлі күнге жыр қылып айтады. Ендеше сол ұзақ әңгімені тыңдап көрелік.

Мақат Рымжанұлы 1920 жылы 25 наурызда Қарқаралы ауданының Абыз деген ауылында дүниеге келген. Бұл ауыл Боқты тауының ішінде, табиғаты тамаша жерге орын тепкен ертеден келе жатқан құтты қоныстың бірі. Биік-биік жақпар тас, орман-тоғай, сай-саланың бәрі сылдырап аққан бұлақ. Осындай әсем табиғат аясында туып-өскен адамдар ерекше дарынды, талантты, өнерлі болуы заңдылық шығар. Оған мысал ретінде айта кетуге болады. Сонау 70-ші жылдары осы алақандай Абыз ауылында халық театры болды. Сол кездегі «Бақты» совхозының бір бөлімшесі болған Абыз ауылының тайлы-таяғы қалмай, қариясынан балаға дейін осы театрда ойнап, түрлі спектакльдер қоятын еді. Осы аядай ауылдың адамдары 2-3 сағаттық концерт бере алатын. Кілең механизатор, малшы-қойшыдан тұратын еңбек адамдары «халық театры» атағын Алматыда қорғайтын. Абыздың тумасы Мақат аға да өнерден құралақан емес еді. Ол ән-күйден, өнерден алыс болса өмірінің ширек ғасырын облыстың мәдениет саласын басқаруға арнамас еді ғой. Жалпы аймағымызға аты мәлім ағаның биік белестерге өзінің еңбегінің, білімге деген құштарлығының, алғырлығының арқасында қол жеткізгендігін айтқымыз келеді. Қызмет барысында қазіргідей «көкелердің» арқасында емес, адам еңбектің, мұқалмайтын қайсарлықтың нәтижесінде биіктерден көрінді. Бұл сөзіміздің растығына көз жеткізгіңіз келсе оның өмірбаянына үңіліп көріңіз.

Әкесі Рымжан қазан төңкерісінен бұрын малшы-жалшы болып күн көрген екен. 1917 жылғы аласапыраннан кейін түрлі салада еңбек етіп, етінің тірілігімен бала-шағасын асыраған. Кейіннен Тұтынушылар одағы саласында көп жыл жұмыс істепті. Оның Ширан, Мақат, Рымхан деген балалары болыпты. Бұл отбасы 30-шы жылдары күнкөріс қамымен Аягөз қаласына көшіп барған. Мақат басқа балалардан ширақ, оқуда үздік болып, құрдастарының алды болады. 1938-1939 жылдары жоғары кластарда оқи жүріп, жазғы демалыста Иркутск қаласына барып, слесарлар курсын бітіреді. 1940 жылы мектеп бітірісімен Аягөз әскери комиссариаты оны армия қатарына алып, Пермь қаласындағы әскери училищеге оқуға жібереді. Бұл Ұлы Отан соғысы қарсаңында Мақат тәрізді 10 жылдық білімі бар, орыс тіліне жетік жігіттерді әскери мамандық алу үшін училищелерге аттандырып жатқан кез болатын. Ал соғыс басталғанда ол лейтенант шенін алып, майданға аттанады. Содан атқыштар взводының командирі, рота командирінің орынбасары, штаб бастығы, жеке батальон штабының бастығы және батальон командирінің орынбасары тәрізді лауазымдарда болады. Содан 1942 жылдың қаңтар-ақпан айында Волхов майданында, Новгород қаласының солтүстік-шығысындағы жан алысып-жан беріскен қырғын шайқастарға қатысады. Сондай бір ұрыс кезінде оң иығынан қатты жараланып, госпитальға түседі. Бір айта кетерлік жайт, Мақат Рымжанұлы 21 жасқа толар-толмастан, 1941 жылы шілде айында коммунистік партияның қатарына алынған екен. Қарағанды облыстық мұрағатынан Мақаңа қатысты құжаттардың ішінде оған Носков деген майордың берген ұсынысы табылды. Сергей Ильич Носков 1920 жылдан партия мүшесі екен.

Мақат аға жарақатының ауырлығына орай Ташкент қаласының әскери госпиталінде емделіп, әскер қатарына жарамсыз деген қағаз алады. Содан Аягөз қаласына қайта оралып, осындағы тораптық теміржол станциясының саяси бөліміне насихатшы болып қызметке кіріседі. 1943 жылы Алматы, Түрксіб теміржол саяси басқармасының лекторы болып ауысады. Одан соң ҚазССР Халық комиссарлары кеңесінің референті қызметін атқарады. Бұдан соң 1944-1948 жылдары Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің нұсқаушысы болады. Сол жылдары Мәскеудегі партияның Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітіреді. Осы Алматыда тұрған кезінде жоғары білімді мұғалім Бишекең жеңгеймен отау құрады. Олардың шағын үйлену тойына бір топ қарқаралылық жерлес өнер адамдары қатысады. Атап айтқанда, Жүсіпбек Елебеков, Хабиба Елебековалар қатысып, бата берген екен.

Осыдан соң оның өмір жолы қайтадан Аягөзде жалғасып, тораптық теміржол станциясының саяси бөлімін басқарыпты. Ал 1952-1954 жылдары Қызылжар қаласында облыстық партия комитеттінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болады. Одан кейін Қарағандыға өзінің туған жерінен қызмет бұйырып, облыстық партия комитетінің бөліміне жетекшілік етеді. Осылайша қызмет саласында мол тәжірибе жинақтап, республика басшыларының көзіне түседі. Сөйтіп, 1955 жылы Мақат Рымжанұлы Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне тағайындалады. Осылайша Орал қаласында бес жыл қызмет істейді. Ал 1960-1963 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы болады. Бірақ, сол жылдары облысқа М.Соломенцев деген ұлтшыл, дарынсыз адам басшылық жасап, ол кадр саясатында жергілікті ұлт өкілдерін өсірмеуге тырысатын еді. Осындай қыңыр басшымен жұмыс істеу Мақат ағаға оңай болмады. Жиі-жиі біріншімен сөзге келіп қалатын. Ақыры Соломенцев оны төмендетіп, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, одан кейін сол мекеменің жауапты хатшысы қызметіне тағайындайды. Себебі, Соломенцев Қарағандыдан кейін Алматыға ауысып, Орталық Комитеттің хатшысы, яғни, республика басшыларының бірі болған еді. Мақат ағаның бір жиында онымен сөзге келіп қалғанын партия ардагері Тиышбек Аханов марқұм былай деп айтып еді. Қазіргі Станиславский театрының ғимараты салынып, 1962 жылы пайдалануға тапсырылғанда Соломенцев оны орыс театрына бергізіпті. Ал, бұл ғимарат негізінде қазақ драма театры үшін салынған болатын. Сол ашылу кезінде Мақат Рымжанұлы: «Қазақ театры бірнеше жыл мекенсіз қаңғып жүр. Ескі қаладағы Қаздраманың ғимаратын жауып тастадық. Сондықтан, бұл ғимарат қазақ театрына тиесілі» – деп жұрттың көзінше оған қарсы шығыпты. Шындықты айтқан адам қашан да ұнамайды ғой.

Оның есесіне облысқа, Акулинцев басшы болып келген соң, Мақаңның көзі ашылған тәрізді. Осы тұста Мақат Рымжанұлы облыстық мәдениет басқармасына басшы болып тағайындалады. Дәл осы тұста облыс қалалары мен аудандарында мәдениет үйлері салынып іске қосылды. Мақаңның тікелей басшылығымен Қарағанды музыка театры, Теміртауда неміс театры ашылып, халыққа қызмет ете бастады. Барлық аудан орталықтарында Мәдениет үйлері, совхоз орталықтарында клубтар салынды. Осының барлығы сол кездегі мәдениет басқармасының басшысы Мақат Рымжанұлының табандылығының арқасында іске асқан болатын. «Мен мәдениет саласы үшін алаңдамаймын. Оны Мақат Рымжанович реттейді» деуі Акулиницевтің оған қатты сенгендігін білдірсе керек.

Ол әсіресе, ауыл мәдениетін көтеруге көп үлес қосты. Сол уақытта облыстың алыс ауылдарында бес халық театры жұмыс жасаған. Сол ауыл адамдарына қызмет ететін театрларды ұйымдастыруға Мақат аға тікелей басшылық жасады. Облыстан режиссер мен тәжірибелі артистерді өзі ертіп апарып, халық театрларының дайындығына қатысқанын көргендер әлі бар. Қарағандыда симфониялық оркестрді және қазақ ұлтаспаптар оркестрін құру идеясын ұсынып, оны іске асыруға бар күш-жігерін жұмсаған да осы Мақат аға болған. Қазақтың ұлттық өнерін дамытуға да көп үлес қосқан еді. Кез келген ұлттық бастамаға тойтарыс беретін Кеңес заманының өзінде облыстық филармония жанынан «Гәкку» ансамблін құрып, оған Төлеухан Тұтанов, Сарқыт Күзеуов тәрізді дарынды әншілерді жинай білді. Қазірде бар «Аққу» би ансамблінің атын ұсынған да осы Мақат Рымжанұлы болатын. Бір кездегі «Октябрь» кинотеатрын концерт залына айналдырған тұста оған «Шалқыма» деп ат қойған да осы ағамыз еді.

Ширек ғасырға жуық облыстың мәдениет саласын басқарған Мақат аға селодағы өнер ордаларына ерекше көңіл бөлгеніне тағы бір мысал келтіруге болады. 1975 жылы Францияға гастрольге бір ұлттың өнер ұжымын жіберуге республика басшылығынан нұсқау келеді. Облыс басшылары көп ойланып, таңдау Қарқаралы ауданындағы «Салтанат» ән-би ансамбліне түседі. Бұл көркемөнерпаз ұжымы болғандықтан, шетелге барып өнер көрсету үшін ансамбль мүшелерінің кәсіби шеберлігін шыңдау қажет еді. Дәл осы арада Мақаң өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, ансамбльдің кәсіби деңгейін көтеруді қолына алады. Қарағандыдан, Алматыдан музыка мамандарын, хормейстр, концертмейстр, хореографтарды алдырып, бір ай бойы ауыл өнерпаздарын даярлаған екен. Сөйтіп, кілең көркемөнерпаздан тұратын «Салтанат» ән-би ансамблі талғамы жоғары европалықтардың алдына ұялмай шығатын жағдайға жетіп, жолға шығады. Баяғы Әміре Қашаубаевтан кейін француздарды риза еткен осы «Салтанат» ансамблі болды. Осылайша, еліміздің даңқын шығарып, одақ елдерінің алдында рухымызды асқақтатқан болатын. Осы өнер саласындағы табысқа Мақат аға көп үлес қосты. Ол ұйымдастырушы, басшы ғана емес, өнерді терең түсінетін мәдениет қызметкері ретінде өзін көрсете білді. Ал осы Мақаңнан кейін ширек ғасыр облыстық мәдениет басқармасын басқарған Рымбала Омарбекова сол «Салтанатты» шет елге шығаруға әзірлеген кезде Қарқаралы аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметінде болып, даярлықтың бел ортасында болыпты. Жақсы ағаның қандай еңбек сіңіргенін өз көзімен көрген екен. Қазір соны жыр қылып айтады.

Мақат Рымжанұлы зейнеткерлікке шыққан соң С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрына 2-3 жылдай директор болған. Ол бұрында осы театрды айрықша қамқорлыққа алып, бұл өнер ұжымының репертуарына және материалдық-техникалық жағдайына көңіл бөліп отырған екен. Сол 70-80-ші жылдары театр талай республикалық, одақтық байқауларда жеңімпаз атанғандары есімізде. Дәл сол уақытта театр репертуарында Шекспир тәрізді аты әлемге әйгілі авторлардың драмалары болғанын көрермендер ұмытқан жоқ. Сейфуллин театрының ұжымы сол кезеңде ҚазССР Мемлекеттік сыйлығын да алған еді. Театр Халықтар достығы орденімен марапатталған, үздік өнер ұжымы болуына Мақаңның еңбегі сіңгені анық. Оның қазақ драма театрын қаншалықты қолдағанын осы театрдың байырғы артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Кеңес Жұмабеков тамсана әңгімелейді.

Ал, Мақат ағаның адамгершілігі, жақсылық жасауға даяр тұратын қасиеті жайлы облысқа белгілі тележурналист Әли Тойжігітов мынадай естелік айтады:

– Мен сол 70-ші жылдары ҚарМУ-дың филология факультетін бітіріп, бірнеше ай жұмыссыз жүріп қалдым. Ақыры, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мақат Рымжановтың алдына келіп едім, бірден қызметке алды. Мен де сол кісінің сенімін ақтайын деп уақытпен санаспай еңбектендім. Үш айдан кейін кабинетіне шақырып жағдайымды сұрады. Жалақым 60-70 сомдай ғана болатын. Пәтер жалдап тұрамын, жағдай онша емес дедім. Бірден алдындағы телефон трубкасын алып, біреуге хабарласып, мына жігітке тез арада киномеханик деген құжат бер деді. Сондай мамандық беретін училище бар екен, соның директорына жіберді. Бір-екі күн даярланып, үшінші разрядты киномеханик деген куәлік алып шықтым. Сол үшін жалақыма 15 сом қосылды. Жас отбасына ол да болса көмек қой. Содан не керек, бір жылдың ішінде Пришахтинскіден екі бөлмелі пәтер алып берді. Міне, Мақат ағаның осы жақсылығын әлі күнге дейін ұмытпаймын. Әйтпесе, ол кісіге ешқандай жақындығым да, туыстығым да жоқ. Мен сонау Ташкенттің түбінен келгенмін, Мақаң болса-болмаса Қарқаралының қазағы. Жалпы, адамға жақсылық жасау ағаның қанында болса керек.

Мақат Рымжанұлы күнделікті өмірде қарапайым, биязы, азды қанағат ететін сыпайы болған. Ол ұзын бойлы, тіп-тік жүретін, маңдайы кереқарыс көрікті азамат еді. Спортпен шұғылданып, денесін сымбатты ұстайтын. Қыста папаха, жазда тақия киіп жүретін қазақилығы да бар-ды. Жақсыда жаттық жоқ дейді. Үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін осындай жарқылдаған жақсы ағаға кейінгі көптеген жастар еліктегені сөзсіз. Мақаңның жұбайы Бишекең апай да өте көрікті болған адам. Екеуі қолтықтасып келе жатқанда қаланың орыс-қазағы тамсана қарайтын еді.

Ағаның қарапайымдылығы сол, басқа басшылар тәрізді шетелдік демалыс орындарында демалуға аса құштар болмапты. Қайта қолы қалт етіп, демалысқа шыға қалса ауылға, өзі туып-өскен Боқты тауының ішіндегі Абыз ауылына тартып отырады екен. Сол жерде Қу орман-тоғай шаруашылығының бір бөлімі болған ғой. Оны жұрт кардон дейді. Сол тау ішінде немере апасы Кәмәл тұрыпты. Соның үйінің қасына гараж бен монша салдырыпты. Осында өзінің жекеменшік «Газ-24» машинасымен келіп, оны гаражға қойып, армансыз демалып, моншаға түскенді ұнатыпты. Күндіз спорт киімін киіп алып, тау-тасты, орман-тоғай, шілікті аралап, оңаша демалып, ойланып таза ауада жүреді екен. Өзінің ата-бабаларының қонысын, әке-шешесі отау құрған қора-қопсыны бір аралап шығу әдеті болған. Осылайша, тұма табиғатта демалып, бала күнінде таңдайында дәмі қалған саумал қымыз ішуді ұнатқан. Ол қанша үлкен қызметте болса да өзінің кіндік қаны тамған алақандай ауылды өзі өмірден өткенше ұмытпаған екен.

Қорыта айтқанда, осы шағын мақалада биыл туғанына 100 жыл толып отырған Мақат Рымжанұлы жайлы оның біраз қыры мен сырын айтуға тырыстық. Еліне аянбай еңбек сіңірген, әсіресе мәдениет саласының ауыр жүгін арқалаған қайраткер ағаның біз білген өмір жолы осындай еді.

Серік СЕКСЕНҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.