Тарих

Есей батыр

Адамзат баласының тарихында талай аумалы-төкпелі заманында ел, жер намысын қорғап, кеудесін оққа тосқан батыр көп. Сол батырлардың кейбірі туралы деректер жоқтың қасы. Ел басына күн туып, халқымыздың тағдыры қыл үстінде тұрған қаншама алмағайып кезеңдер болды. Олардың барлығынан сүрінбей өтіп, бүгінгі күнге жету үшін сандаған тұлғалар тарих мінберіне көтеріліп, өздерінің іс-әрекеттері арқылы ұлтының болашағын айқындап берді. Олардың қатарына ел бастаған хандар мен сұлтандарды, қол бастаған батырларды, әділдік айтқан би-шешендерді, рухани демеу көрсеткен әулие-абыздарды жатқызамыз. Бұл тұлғалардың барлығының да қазақ елінің іргетасын нығайтудағы орны ерекше. Сөз еткелі отырған осындай тарихи тұлғалардың бірі – Есей батыр.

Есей батыр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген. Кесенеде жерленген тұлғалар тізімінде жазылған. Туған уақыты туралы нақты дерек көзі өте мардымсыз, тіпті, Есей батыр туралы ақпарат жоқтың қасы десе де болғандай. Өмір сүрген уақыты шамамен XVIII-XIX ғасыр деп кесенеде жерленгендердің тізімінде көрсетілген. Кейбір деректерде Шамамен 1680-1685 жылы дүниеге келген. Қолда бары тек батырдың ұрпақтарынан алған аз-мұз деректер ғана. Ол деректер бойынша батыр орта жүз тумасы, арғын руынан шыққан.

…Заманында қазіргі Қаракесек Кернейдің жерін Сарыүйсіндер жайлаған екен. Ә.Бөкейханов өзі түзген шежіреде Сарыүйсіндерді Ақшатау болысына жатқызыпты. Оларды ығыстырушы Көкбөрі Керней батыр. Сарыүйсіндердің Шалтастан асып түскен асуы күні бүгінге дейін Қонай асуы деп аталады. Содан ел тиышталған кезде осы елдің тізгінін ұстаған Қонай батыр «мені ығыстырған елдің оңай болмағаны ғой, бір аруақ жанаған ел болды, көрейінші» деп атақонысына оралыпты дейді. Бұл тұс батырдың шау тартқан кезі екен. Көріпкелдігі бар Кәрсен шешеміз мұны ошақ басынан шықпай-ақ біліп отырады. Кернейге кісі шаптырып, Қонай батырдың келе жатқандығынан хабар салады. Керней шақырусыз қонағын қапысыз қарсы алады. Кәрсеннен елді сынау үшін келе жатыр деген әңгімені естіген Керней бабамыз өзінің балаларын да бақ жанаған қонағына сынатып алмақшы болады. Осы ниетпен өз алдына екі үй тіктіреді.

Кернейдің Самырза, Дау, Шаң, Балапан есімді төрт баласы болған. Сол балаларына бөлін дейді. Екі үйдің бірінде Самырза мен Балапан, екіншісінде Дау мен Шаң жатыпты.

Кернейдің қонақжайлығына разы болған Қонай екі үйге де кіріп шығыпты.

Бірінші үйге кірсе, Дау шалқасынан жатыпты.

– Мына балаңа елдік қонады, – депті Қонай батыр.

Шаң Даудың аяғында шөкелеп жатыр екен дейді.

– Жер байлықта ғой, мына балаң түбі бай болар, – депті Қонай батыр.

Екінші үйге кірсе, Балапан тісін қайрап жатыр екен дейді.

– Мына балаң батыр болады, батырлығы баласының баласына кетеді, – депті Қонай батыр.

Сол Қонай батырдың айтқаны келді де қалды. Әкесі Көкбөрі Кернейдің бес қаруына осы Балапан баласы ие болды. Ел іргесін бекітуде батырлығымен аты шықты. Батыр бабасының даңқына даңқ қосты.

Кернейдің баласы Балапан аға буын батырлар қатарына жатады. Ол жайлы деректі Сапарғали Бегалин шығармаларынан кездестіруге болады. Атақты Есей батыр осы Балапаннан туады. Бұл жөнінде М.Көккөзов «Кәрсен шежіресінде»

 Туыпты Бораншыдан Кәрсен Керней,
Көп өскен мал мен басы құлаш сермей.
Таласып бақ-дәулетке екі болыс,
Ел болды бір-біріне ырық бермей.
Кернейден Шаң, Балапан, Дәу, Самырза,
Дәу Шаңнан шықты талай бай мен мырза.
Көп өскен, әсіресе осы екеуі,
Малы да сыймай кеткен ой мен
қырға – деп келтіреді.
Ал С.Бегалинның Өлеңдер жинағында:
Аттыдан озып жауға енген,
Жай оғындай жарқылдап.
Балапан келген Кернейден
Қасына қалың қолын ап,
Түнерсе жаумай ашылмас
Қара бұлттай кілегей
Жайратпай жауын басылмас
Қаруын қанға тіремей –

деп Есей батырдың бабаларының жауынгер болғандығын «Айдос» атты күй сарынымен жазылған аңызда келтіріп кеткен.

Есей батыр он төрт жасында Әлтеке Жидебай батырдың атасы Дос батырмен тізе қосып, екеуден екеу қалмақтың Қайыпханынан жылқыларын айырып алады. Бұл жөнінде халық ақыны Самат Мұсабекұлының «Есей – Достың ерлігі» деп аталатын көлемді дастаны да бар. Ол дастан баспасөз бетінде жарық көрген. Дастанда Есей батыр жөнінде былайша жырлайды:

Сол кезде Есейдің сәл бала кезі,
Болғанмен еліне ем айтқан сөзі.
Жер дауы, жесір дауы, жиын топқа,
Халықтың сөз қаруы құрған кезі.
Қара қылды қақ жарған әділ адам,
Депті әкесі, есті ғой, есті балам.
Халқым бар, Есейім бар, не қамым бар?
Болмайды ешбір жаққа көңілім алаң

Осылайша, әкесі ұлының ісін ақтап, сынап, мейірімін де төгіп отырған. Сондай-ақ, дастанда оның ел қамын ойлаған тұлға ретінде ұрлықты, озбырлықты, арамдықты жек көріп, жастайынан адал, ойы алғыр болғандығы көптеп көрсетіледі. Батырдың тағы бір сыры мақтан құмар менмендікке, біреуді келемеждей күлгендікке жаны қас, досқа – тәтті, жауына удан ащы болған.

Есей ересен бойлы адам болыпты. Қырық жасында аттан түсіпті. Өйткені, оны көтеріп жүрер аттардың белі шыдас бермейді екен.

Жүсіп Сәдуақасұлының ұлы бабасына арнап жазған өлеңінде:

Солардың бірі болған Есей батыр,

Қабірі Түркістанда дейді жатыр.

Мұз төсеп, қар жастанып жүрген шақта,

Тіккені қысы-жазы болған шатыр – дей келе, Есейдің Түркістан қаласында жерленгендігін нақтылай отырып, елім деп еңіреп өтіп, бір жорықта тоғыз ұлын құрбан қылып, қабырғасы қайыспағандығы туралы сөз етеді.

Сол кезде қазақ-қалмақ жанжалы екен,
Қаруы найза, садақ, қанжар екен.
Қазақтың арқадағы бар жылқысын,
Қалмақтың қолы шауып алған екен.

Осы өлең жолдарынан Есейдің қазақ-қалмақ соғысында ерлік көрсеткені анықталады. Демек, бұл мәліметке сүйене отырып батырдың XVII-XVIII ғғ. өмір сүргендігін айтуға болады. Сондай-ақ, дастанда сол кезде Есейдің он алты жаста болғандығы айтылады.

Осы атаның тағы бір ұрпағы Амантай Рәшитұлы «Баба рухы» деген өлең жолдарында:

Бұл өңірде Есей бабам жайлаған-ды,
Ел мен ұрпақ қамын әр кез ойлаған-ды.
Көз алартқан сұғанақ қас жауларына,
Жебе оғын қадамай қоймаған-ды.
Батыр бабам дәл он алты жасында,
Қалмақ қуған Дос батырдың қасында.
Аттай желіп қуып жетіп жауларын,
Найзаға іліп қоста ішкізбей асын да.

Есейден Тоқтар туған. Жоңғарларға қарсы соғыста Керней атамыздың атын шығарған ерекше үш батыр болған. Оның бірі Балта батырдың баласы – Итқара батыр. Екіншісі Балапан батырдың немересі Тоқтар батыр, үшіншісі Жарылғап батыр.

Немере, шөбере болып келетін осы үш батыр туралы ел аузында көп аңыз қалған. Бұлардың ең үлкені Тоқтар батыр екен. Кішісі – Жарылғап.

Тоқтар батыр өте ересек зор кісі болған екен, тоғыз өгіз қойдың терісінен тон киіпті. Соғысқа Итқара мен Жарылғаптан көп бұрын кірген. Көбінесе ту ұстаушы болған. Аңырайқайда болған соғыста Тоқтар батыр қолының ту ұстаушысы болыпты. Қанды майданда қалмақтар Тоқтар батырдың бір қолын шауып түсіреді. Сонда батыр тізгінді тісімен ұстап, туды түсірмей, екінші қолымен ұстап үлгереді. Осы ту төңірегінде қатты шайқас болады. Ту аман қалып, қазақ қолы жеңіске жетеді. Алайда, жау қылышынан соққы алған Тоқтар батырдың сүйегі майдан даласында қалады.

Ақын Самат Мұсабекұлы – артында мол мұра қалдырған адам. Соның бір парасы туған жер тарихына қатысты. Ақынның «Есей-Достың ерлігі» атты дастаны Есей мен Дос батырдың ерлігін айқындайтын бірденбір тарихи шығарма. Ақынның бұл шығармасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиясының қорында сақтаулы.

Дос – батыр болған кісі. Қалмақтың Қайыпхан деген ханы бір түнде келіп тыныш жатқан Әлтеке ауылының жылқысын шауып әкетеді. Ертеңіне жылқының артынан найзасын алып жауды жаяу қуып, жолда Керней ауылынан Есей деген баланы ертіп екеуі жүріп келе жатқанда: «Бала, осы жүрісіміз қалай?», – деп сұрайды, сонда Есей бала «Шапқан аттан кейін, жортқан аттан ілгері» – депті.

Қазіргі таңда батырдың ұрпақтары бабаларының ізімен бас көтерерліктей, ел мақтанарлықтай өмір сүруде. Олардың біразы ел ағалары.

Сол қазақ елдігін, тілін, дінін, ділін, салты мен дәстүрін сақтап қалу үшін «мың өліп, мың тірілген» қиынқыстау күндерде шаршы топта сөз, жау келгенде ту ұстап, қол бастайтын елінің бөрілі байрағын көтерген небір арыс азаматтар ұмытылмасы хақ. Қазақта «Өзін-өзі билеген ер бақытты, өзін-өзі билеген ел бақытты» деген мақалда айтқандай елі үшін жанын пида еткен ерлеріміздің ұрпақ алдындағы борышы деп білеміз. Ғасырлар бойы армандаған, білек пен ақыл күшімен қол жеткізген тәуелсіз еліміздің егемендігі мәңгі болғай!

Асқар ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ,

Есей батырдың жетінші ұрпағы.

Басқа материалдар

Back to top button