Жаңалықтар

Талаптыға нұр жауар

Нұраталды ауылдық округіне қарайтын Қызылқой ауылы жүздеген тұрғыны бар ірі елді мекенге жатады. Жері шұрайлы, нулы-сулы өңір мал ұстап, егіншілікпен айналысуға аса қолайлы.

Қарағанды мен оның маңайындағы кенттерді жем-шөппен қамтамасыз етіп отырған осы ауылдың фермерлері. Алайда, ауылда екі-үш дүкеннен басқа шағын кәсіппен шұғылданып отырған ешкім болмайтын. Осыны ескере келе, Сая Олжатай мемлекет тарапынан қабылданған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуды ұйғарды. Ауыл адамдарының сұранысын зерделеп нан және нан өнімдерін шығаруды қолға алды.

Тиісті бизнес-жоба әзірлеп аудан әкімдігінің шағын кәсіпкерлікті қолдау бойынша жариялаған 2017 жылғы конкурсына ұсынды. Ауданда жеңімпаз атанған жоба өз кезегінде облыстық конкурсқа қатысып, жас талапкер 3 млн. теңге көлемінде грант алды.

Дереу іске кірісті. Ауыл ортасында неше жылдан бері бос тұрған шеберхананың екі-үш бөлмесін жөндеп, санитарлық тәртіпке келтірді. Сатып әкелген құрал-жабдықтарын орналастырып, тоқ, су мәселелерін шешті.

– Гранттың қаржысы түгелдей өндірістік жабдықтар, техника мен құрылғылар сатып алуға кетті,– дейді кейіпкеріміз. – Құрылыс материалдарын алуға, басқа да шығындарға өз қаражатымды салдым. Ауыл адамдарына рахмет, жөндеу жұмыстарына көмектесіп, жәрдемдерін аямады».

Көптің тілеуімен, елдің көмегімен биылғы жылдың мамыр айынан бастап нан пісіруге кірісіпті. Жұмысқа екі адам алған, оның біреуі бұрын наубайшы болып істеген үй шаруасындағы әйел. «Маусымына қарай күніне 50-ден 100-ге дейін бөлке пісіреміз,– дейді Сая Разуанқызы сөзін жалғап. – Нанымыз дәмді болған соң сұраныс та бар. Іргедегі ауылдарды былай қойғанда Дәрия кентінен де келіп алып кетеді. Қажет болса сөткесіне 200-300 бөлке пісіре аламыз. Бізге кішірек, пикап тектес жеңіл жүк машинасы керек, сонда өнімдерімізді ауылдарға өзіміз апарып сатар едік. Осы жағын ойлап жүрмін».

Мичурин атындағы колледждің «фермер шаруашылығы» мамандығын бітірген жас маман облыста ұйымдастырылған қысқа мерзімдік курстарға қатысып, кәсіпкерлік сертификатын алыпты. Нан пісіру технологиясын интернет арқылы оқыпүйренген Сая наубайхана жұмысына өзі де кірісіп кетеді. Бидай мен ұнның қымбаттауына байланысты нанның бағасы да өскен. Алайда, қаладағы бағамен бірдей дерлік, айырмашылығы 5 теңге ғана.

Ұнды қаладан базар бағасымен сатып алғанша өз бидайын пайдалану әлдеқайда тиімді боларын ойлаған жас кәсіпкер күзде 250 гектар егін салатын жерді баптап та қойыпты.

Сая Олжатайдың жеке кәсіпорны халықтың қажетін ашып, табысқа жете беретініне кәміл сенеміз.

Ертай ЖӘНІБЕКОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button