ҰБТ: Санитарлық талаптар күшейтілді

Пандемия білім беру саласын да айналып өтпеді. Санитарлық талаптардың күшейтілгені Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырушыларды екі метрлік арақашықтықты қатаң сақтап, маскалы режимге көшуге мәжбүр етті. Алғашқы күні еліміз бойынша ҰБТ-ны тек 6,5 мың адам тапсырды. Дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өткен талапкерлер отырған аудиториялардың тек 35%-ы толтырылды.

БАҚЫЛАУ ШАРАЛАРЫ – ҚАТАҢ

Биылғы қатаң ережелер бойынша талапкерлерден көшіру немесе басқа да әрекеттер байқалса, тестілеу нәтижелері жойылатыны айтылды. Сонымен қатар, білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері де жойылуы мүмкін. Тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған затпен ұсталған түлектің тестілеуге жіберілмейтіні және биыл ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылатыны да биылғы қатаң ережелер қатарына енгізілген. Аудиторияда тыйым салынған затпен ұсталған түлектің тестілеу нәтижесі жойылып, осы жылы ҰБТ тапсыра алмайтын болды. Облыстық Білім басқармасы мамандарының айтуынша, тестілеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен еліміздің барлық аймақтарында жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына арнайы мониторингтік топ, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері және Агенттік қызметкерлері кірді.

КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР ТЕСТ ТАПСЫРА МА?

Ұлттық тест орталығының директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, карантиндік шектеулерге байланысты елдің барлық аймақтарындағы ҰБТ өткізу орындарында күшейтілген медициналық-санитарлық шаралар енгізілді. Тестілеуге кіру барысында талапкер аяқ киімін, кейін қолын дезинфекциялайды. Келесі кезеңде тест тапсырушылар термобақылаудан өтеді. Егер дене қызуы анықталған жағдайда, оған кезекші медициналық қызметкерлер бригадасы дереу көмек көрсетеді. Медициналық-санитарлық кезеңдерден өткеннен кейін, тестілеу кезінде респираторлық немесе бір рет қолданылатын маскалар ұсынылады.

Биыл сондай-ақ, ҰБТ тапсыру үшін түлектерден ПТР-тестілеуден өткені туралы анықтама талап етілмейтін болды.

–Түлектер арасында коронавирусқа шалдыққан жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан ҰБТ өткізетін әр пункте кезекші аудитория бар. Осы орайда қажет болғанда бұл аудиториялар ашылады. Балаларда инфекция болса, олар тестіні жалпы аудиториядан бөлек тапсырады, – деді Ұлттық тест орталығының директоры Дидар Смағұлов.

АТА-АНАЛАР ҮЙДЕ КҮТЕДІ

Биыл тестілеу ата-аналар мен түлектердің сұрауымен 10 минутқа ұзарып, тестілеу 4 сағат өтетін болды. Ата-аналар тестілеудің өту барысын үйде отырып, онлайн бақылады. Бұған әрбір аудиториядан берілетін трансляция мүмкіндік берді. Карантин болғандықтан, ата-аналарға түлектерді тестілеу өтіп жатқан пункт маңында күтуге тиым салынды. Онлайн көрсетілім сілтемелері мен ресурстар Ұлттық тестілеу орталығының сайтында әрі әлеуметтік желілерде жарияланатыны ескертілді.

– Биылғы түлектер үшін тестілеу талаптары қатаң болды. Оның үстіне сынақ пандемия кезеңіне сәйкес келді. Балаларымыз тест тапсырамыз деп қобалжыды және вирус жұқтырып алудан қауіптенді, – дейі ата-аналар.

ТАЛАПКЕРГЕ ҚАНША БАЛ ҚАЖЕТ?

Биыл талапкерлерге ҰБТ-дан кейін ақылы негізде білім алу бағытында ұлттық жоғары оқу орындарына кемінде 65 балл жинау қажет. Ал, басқа жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім ұйымдарына кемінде 50 балл керек. Оған қоса, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім салалары бойынша кемінде 60 балл, «Педагогика ғылымдары» саласы бойынша кемінде 70 балл болуы тиіс. Ал «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласына кем дегенде 65 балл қажет.

Аяулым СОВЕТ.