Бас тақырып

23 мыңыншы жүздесу

Бізді – газеттерді теледидар шыққанда жойылады деген. Өмір сүріп келеміз. Интернет пайда болғанда газетпен бірге теледидар да өмірден озады деген. Ақпарат айдынында құстың қос қанатындай қатар самғап келеміз. Газетін асыға күтетін ормандай оқырманымыз, көк жәшікке телмірген көрермен бар, өйткені.

Сонау Юлий Цезарь дәуірінен өмір сүріп келе жатқан журналистика екі тізгін, бір шылбырын әлдебір құбылысқа ұстата салады дегенге біз де, сіз де илана қоймадық. Қоғам тыныстап тұрған кезде баспасөздің де демі үзілмейді. Өзіңіз сүйіп оқитын «Орталық Қазақстанның» қолыңыздағы 23 мыңыншы саны – соның дәлелі.

90 жыл. Ата басылымның 23 мы­ңын­шы данасы. Бұл – тарих. Бұл – Қарағанды секілді қазыналы өлкенің тасқа таңбаланған шежіресі. Дәуірдің үні. Ауылдың мұңы. Шахтаның шыңырауы. Уақыттың қоңырауы.

Өшпес қолтаңбамыз бар.Өкінішіміз де жоқ емес. Өкінішіміз сол, абыз газеттің 1931 жылғы 4 қазандағы алғашқы санын таба алмадық. Ойға шаптық, қырға шаптық. Кітапхана жағалап, мұрағат ақтардық. Табылмады. Күні кешеге дейін іздедік. Өкіндік. Бұл өкініш кешегі аға буынның да өзегін өртеген. Ордалы «Орталықты» 22 жыл басқарған Мағаш ағам да 22 жыл іздеді. Таба алмаған. Жоқ, іздеп жүрміз.

Дегенмен, жылдармен бірге жы­лыстап, заманмен бірге тыныс­тап, 23 мыңыншы санын жарыққа шығарып отырмыз. Әр санын асыға күтетін оқырман қауыммен 23 мыңыншы мәрте жүздестік. Ана бір жылдары республикалық «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газеті екеуі ғана аптасына алты рет жарық көрген «Орталық» қой… Алдағы уақытта газеттің қолда, архивте, кітапханада бар сандарының электрондық нұсқасын әзірлеуді қолға алып отырмыз. Жаратқан Ием дегенге жеткізсе, Сізге де «Орталықтың» 90 жылғы жылнамасымен танысып, шолып шығуға мүмкіндік туады. Не жоқ дейсіз онда?! 30-шы жылдардағы газеттің беттеріне нақақ жаланың құрбаны болып, оққа ұшқан қаламгерлердің қаны тамған. Сұрапыл майданнан жеткен үшбу хат пен қара қағаз бар.

Отқа оранған Нұркеннің тағдыры мен анасы Бағжанның зары күңіренеді. ҚарЛагтың қасіреті, «Мамочкино моласындағы» бейкүнә сәбилердің шұрқыраған құлын даусы бар. Сәттар Ерубаевтың жалын-ғұмыры, Ғабиден Мұстафин мен Әлжаппар Әбішевтің мәңгі көмескіленбес қолтаңбасы, Жайық Бектұровтың талайлы тағдыры, Ебіней Бөкетовтің еңселі еңбегі, Көшен Елеуовтің көшелі жыры, Шашубайдың шабыты… Бәрі бар. Мағжанның «Батыр Баянын» да тұңғыш жариялаған «Орталық» еді… Нұрмахан Оразбековтің наркескен намысы да найзағайдай жарқылдайды. Бірде шахтаға түсіп, бірде даладағы диқанмен дидарласамыз. Бірде шопанның атына мінгесіп, енді бірде Теміртау домнасындағы от жалынмен тілдесеміз. Осының бәрі – жылнама, осының бәрі – шежіре. Кешегі қорғасынмен теріліп, маңдай термен суарылған әр бетінде қорғасыннан ауыр салмақ, маңдай терден ащы ақиқат жатыр. Осынша шер, осынша тағдыр, осынша шаттықты 23 мыңға көбейтіңіз…

Иә, «Орталықтың» мерейі асып, мейманасы тасып тұр. Тойы тойға ұласып, абыройы қыр асып жатыр. 23 мыңыншы жүздесу. Бір-біріне ұқсамайтын 23 мың номер. Мен газеттің 23-ші редакторы екенмін. Таралым да 23 мыңнан асса екен!

Әрбір мыңыншы санының жарыққа шыққаны рухани ортаның айтулы мерекесі болып, төрімізге мәртебелі меймандар озған екен. Газет тігінділеріндегі соңында үш «0»-і бар сандарының сарғайған беттері нақтылайды мұнымызды. Ал, бүгін есікке қарап елеңдеп отырмыз…

Мерекеміз құтты болсын, ойлы оқыр­ман, адал дос! Қадіріміз қаш­па­сын, қаламдастар!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button