Жаңалықтар

Халықтың табысы артады

Аптаның бейсенбісінде аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы Әнуар Омардың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Ұлытау аудандық филиалының ХХІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Конференция жұмысына Ұлытау аудандық мәслихат хатшысы Т.Сейтжанов, «Нұр Отан» партиясы Ұлытау аудандық филиалы төрағасының орынбасары Ж.Бабатаев және аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, сыбайлас жемқорлықпен күрес қоғамдық кеңесінің, партиялық бақылау комиссиясының, «Жас Отан» ЖҚ мүшелері, мекеме, бөлім басшылары, кент, село әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынның күн тәртібінде Президент Н.Назарбаевтың кезекті Жолдауынан туындайтын міндеттер және «Нұр Отан» партиясы Ұлытау аудандық филиалының 2017-2018 жылдардағы атқарған жұмысы талқыланды. «Нұр Отан» партиясы Ұлытау аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамын сайлау және «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының конференциясына делегаттар сайлау мәселелері де қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Әнуар Серікбайұлы баяндама жасады. Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған міндеттерге кеңінен тоқталды.

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауы – бұған дейінгі іске асырылған стратегиялық құжаттардың заңды жалғасы және еліміздің, өңіріміздің дамуына тың серпін беретін Жолдау. Елбасы бұл Жолдауда 2019 жылдың 1 қазанынан бастап ең төменгі жалақыны – 1,5 есеге, яғни, 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіруді міндеттеді. Осы орайда, алдағы жылы ауданға қарасты түрлі меншік нысандардағы кәсіпорындарда жұмыс істеп, ең төменгі еңбекақы алатын адамдардың табысы көбейетін болады. Учаскелік медицина қызметкерлері үшін де жағымды жаңалық бар. Дәрігерлер мен медбикелердің айлықтарына 20% қосымша қаражат төленетін болды. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілері мен қызметкерлерінің де жалақысы өседі, – деді Ә.Омар.

Сондай-ақ, аудан басшысы алты басымдыққа жекежеке тоқталып, оларды жүзеге асырудың мүмкіндіктері жайлы баяндады.

Ұлт ұясындағы тағы бір жағымды жаңалық – тұрғын үй мәселесінің түбегейлі шешілуі. Ол арқылы ауданға жас мамандардың көптеп келуіне оңтайлы жағдай жасалады. Ұлытау селосында 2019-2022 жылдар аралығында түрлі деңгейдегі бюджет есебінен әр жылы 12 пәтерлі екі қабатты екі үйден, яғни, төрт жылда 8 үй салу жоспарлануда.

Аудан әкімі өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар мұнымен шектелмейтінін айтты.

– Экономикамыз әлемдік даму үрдісінен қалмай, тұрақты өркендеуі үшін цифрлы технологияны барлық салаларға кеңінен енгізуге назар аудару қажет. Сонымен қатар, бизнесті дамытуға барынша жағдай жасап, жүйелі жолға қойылған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану аясын одан әрі кеңейтуге күш саламыз, – деді Ә.Омар.

Ауданға инвестиция тарту, жерді тиімді пайдалану, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарды оқытуға, оларға кәсіп ашуға баулу мәселелеріне айрықша көңіл бөлудің жемісті боларын тілге тиек етті. Жиынның күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша жарыссөзге жазылған Қорғасын селолық округінің әкімі, бастауыш партия ұйымының төрағасы С.Сұлтанов, №15 Қарсақпай орта мектебінің директоры М.Касенова, Ұлытау аудандық мәдениет үйінің директоры Г.Көпеева, «Өркен» балабақшасының директоры, облыстық Саяси Кеңес мүшесі Э.Ершуманова, Ұлытау аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Е.Оспанбеков пікір білдіріп, Елбасы Жолдауын толық қолдайтындықтарын айтты. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы Ұлытау аудандық филиалы Саяси Кеңесінің құрамына ұсынылған 11 адамның кандидатурасы бір ауыздан қолдауға ие болды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының конференциясына қатысуға – 2 адам, Саяси Кеңес Бюросының құрамына 5 адам сайланды. Жиын соңында «Нұр Отан» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы Ә.Омар «Нұр Отан» партиясы Ұлытау аудандық филиалының ХХІ есеп берусайлау конференциясының жұмысына сәттілік тілеп, жиналысты қорытындылады.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button