АЭС: ұсынылған реакторлар қауіпсіз
Ядролық технологиялардың қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми-техникалық орталық атқарушы директорының орынбасары Олег Романенко Қазақстанда болашақта атом электр станцияларын салуға ұсынылып отырған реакторлар туралы айтып баяндап берді, деп хабарлайды Ortalyq.kz kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, III және III+ буынды су реакторларын пайдалану жоспарлануда. Бұл технологиялар атом электр станцияларының жоғары қауіпсіздігі мен жұмыс тиімділігін қамтамасыз етеді.
– Ұсынылып отырған реакторларға келетін болсақ, әңгіме қысыммен жұмыс істейтін III және III+ буын реакторлары туралы болып отыр. Бұл реакторлар қос контурлы: реактордағы су қайнамайды, бірақ қызады және жылуды екінші контурдағы бу генераторлары арқылы береді, онда бу пайда болып, содан кейін ол турбинаға жіберіледі. Олар герметикалық қабық – контейнментпен, сондай-ақ апаттық салқындату жүйелерімен жабдықталған. Қуат жоғалған жағдайда реактордың белсенді аймағы салқындатуды жалғастырады, ал процестер баяулайды, бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Яғни, ұсынылған жобалар әлдеқайда қауіпсіз, – деді ол.
Бұған дейін «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері Асуан Сиябеков те Қазақстан реакторлық технологияларды сәтті пайдалану үшін тек дәлелденген, референттік блоктарды қарастыратынын айтты – бұл 3, 3+ буын қондырғылары.
– Оларда ауыр апаттар ықтималдығы өте төмен. Атом электр станциясының 10 млн жылдан астам жұмысында тек бір ғана апат болуы мүмкін. Алайда атом электр станциялары бар болғаны 60, 80 немесе максимум 100 жыл пайдаланылады. Осыны ескеру керек, – деді Асуан Сиябеков Қарағанды тұрғындарымен кездесуінде.
Сонымен қатар, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин Ақтөбе қаласы тұрғындарымен кездесуінде III және III+ буын реакторлары барлық заманауи қауіпсіздік талаптарына сай келетінін және экономикалық көрсеткіштердің жақсарғанын атап өтті.
Сондай-ақ, сарапшылар Қонаевта қоғамдық талқылаулар барысында Қазақстандағы атом электр станцияларында МАГАТЭ-нің ең қатаң стандарттарына сәйкес келетін III және III+ буын реакторлары қолданылатынын атап өтті.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.