Қылмысқа қарсы цифрлық қалқан
Қылмыстың алдын алу, құқық бұзушыларды анықтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың мүмкіндігі кеңейіп келеді. Қарағанды облысында биылғы жылғы он айда бейнебақылау камералары мен заманауи техникалық құралдардың көмегімен 2387 қылмыстық құқық бұзушылық ашылған. Қазір өңірде 100 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 41 мыңнан астамы полицияның ақпараттық жүйесіне қосылған. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін құрылғылар адамның бет-жүзін танып, көлік қозғалысын бақылауға, күдіктілерді анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Мұның бәрі құқық қорғау органдарының жұмысын жеделдетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін қалыптастыруда.

Бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігімен қатар, заманауи технологияларды қаншалықты тиімді пайдалана алатынына да байланысты. Өйткені, цифрлық жүйелердің мүмкіндігі құқық бұзушылықты тіркеумен шектелмейді. Олар оқиға орнындағы жағдайды жедел бағалауға, күдіктілерді анықтауға және құқық қорғау органдарының әрекетін үйлестіруге көмектеседі.

Өңірдегі цифрлық қауіпсіздік жүйесінің мүмкіндіктерімен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов және облыстың полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов танысты. Олар Жедел басқару орталығында болып, жаңғыртылған бейнебақылау жүйесі мен полиция қызметіне енгізілген цифрлық сервистердің жұмысын көрді.
Соңғы уақытта Жедел басқару орталығының техникалық мүмкіндіктері едәуір кеңейтілген. Ақпаратты көрсету жүйесі жетілдіріліп, 102 арнасына келіп түсетін хабарламаларды операторларға жеткізу жылдамдығы артқан. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етуге және оқиға орнына тиісті қызметтерді уақытылы бағыттауға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, облыстың қалалары мен аудандарында 12 жедел басқару орталығы ашылған. Осылайша, қоғамдық тәртіпті бақылау жүйесі облыс орталығымен ғана шектелмей, өзге де елдімекендерді қамтып отыр. Мұның әсіресе, оқиғаға жедел әрекет ету қажет болатын шалғай аумақтар үшін маңызы зор.
Цифрлық бақылау жүйесінің кеңеюін өңірдегі бейнекамералар санының артуынан да байқауға болады. Қазір облыста 100 мыңнан астам камера жұмыс істейді. Оның 41 мыңнан астамы полицияның ақпараттық жүйесіне біріктірілген. Бір жылдың ішінде бейнебақылау құрылғыларының саны 21 мыңға көбейген.
Бейнебақылау желісіне білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, сауда орталықтары, теміржол вокзалдары мен халық көп шоғырланатын басқа да қоғамдық орындар кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Мұндай жүйе қоғамдық кеңістіктердегі жағдайды бақылап қана қоймай, құқық бұзушылық орын алған жағдайда қажетті бейнематериалдарды жедел алуға мүмкіндік береді.
Дегенмен, қазіргі камералардың қызметі бұрынғыдай бейнежазбаны сақтаумен ғана шектелмейді. Жасанды интеллект негізіндегі бейнеталдау жүйелері адамның бет-жүзін автоматты түрде тануға, көлік қозғалысын қадағалауға, адамдардың көп жиналуын анықтауға және қоғамдық орындардағы бірқатар құқық бұзушылықты тіркеуге қабілетті.
Бейнеталдау модульдерімен жабдықталған 1169 камера іске қосылған. Олар полицияның жедел іздестіру жұмыстарына қосымша мүмкіндік беріп, күдіктілерді анықтау мен іздеуге кететін уақытты қысқартуға көмектеседі. Бұл технологиялардың нәтижесі нақты көрсеткіштерден де көрініс тауып отыр.
– Жыл басынан бергі он айда бет-жүзді тану технологиясының көмегімен 18 адам анықталып, ұсталды. Бейнебақылау камералары мен цифрлық құралдардың көмегімен барлығы 2387 қылмыстық құқық бұзушылық ашылды. Бұдан бөлек, 164 камера абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген жерлерге заңсыз төгу деректерін анықтайды, – деді облыстың полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жанат Қақажанов.
Осылайша, бейнебақылау жүйесінің қолданылу аясы қылмыспен күрестен әлдеқайда кең. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, ол қалалар мен елдімекендердің тазалығын сақтауға, абаттандыру талаптарының орындалуын бақылауға да қызмет етіп отыр. Бұл – цифрлық технологиялардың күнделікті тіршілікке тікелей әсер ететін тұсы.
Жаңа технологиялар полиция қызметкерлерінің жұмыс тәсілдерін де өзгертуде. Мәселен, облыста профилактикалық есепте тұрған адамдарды бақылау үшін 150 электронды құрылғы пайдаланылады. Мұндай құралдар бақылау шараларын жүргізудің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, патрульдік полиция және арнайы бөлімшелердің қызметкерлері кіріктірілген бейнекамералары бар смарт-бейдждермен қамтамасыз етілген. Олар қызмет барысында болып жатқан жағдайларды бейнетіркеуге мүмкіндік береді. Бұл құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығын арттыру, даулы жағдайлардың мән-жайын анықтау және қызметтік тәртіпті сақтау тұрғысынан маңызды.
Ал учаскелік полиция инспекторларының жұмысына «Цифрлық учаскелік» жүйесі енгізілуде. Аталған бастама полиция қызметіндегі ақпарат алмасуды жүйелеп, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданылып келеді. Дрондар жедел жағдайды бақылауға, арнайы тапсырмаларды орындауға және ауқымды аумақтарды қадағалауға мүмкіндік береді. Олардың қызметі құқық қорғау шараларымен ғана шектелмейді. Ұшқышсыз аппараттар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елдімекендердің санитариялық жағдайын бақылау, қоршаған ортаны ластау деректерін анықтау үшін де пайдаланылып отыр.
Цифрлық бақылаудың тағы бір маңызды бағыты – жол қауіпсіздігі. Бүгінде облыс жолдарында көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы қағидаларын бұзу деректерін автоматты түрде тіркейтін 170 стационарлық кешен жұмыс істейді.
Мұндай жүйелер жолдағы құқық бұзушылықтарды тіркеуге, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. Өйткені, көлік қозғалысының қарқындылығы артқан сайын жол қауіпсіздігін тұрақты бақылаудың да маңызы арта түседі.
Полиция қызметін цифрландыру тұрғындармен кері байланыс орнатудың жаңа мүмкіндіктерін де қалыптастыруда. Қазір азаматтар құқық бұзушылық немесе өздерін алаңдатқан жағдай туралы хабарлау үшін міндетті түрде полиция бөлімшесіне баруға тиіс емес.
Өтініштерді eGov электрондық үкімет порталы, POLICE-102 мобильді қосымшасы, сондай-ақ, банктердің мобильді сервистері арқылы жолдауға болады. Келіп түскен хабарламалар бірыңғай жүйеге тіркеліп, тиісті мәліметтер полиция қызметкерлеріне жедел жеткізіледі.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



