Бауырға сағыныш

АМАНАТ ЕДІҢ, ӘКЕМ МЕН ШЕШЕМ ҚАЛДЫРҒАН…

 

…Ояна сала қара телефонға ұмтылған. Жыл сайынғы әдеті. 9 шілдеде таңғы сегіз болмай бауырына қоңырау шалып үлгеруі керек. Сәл кешіксе жұмысына шығып кетуі мүмкін. Көзінің қарашығы, жалғыз бауырын өзінен бұрын туған күнімен басқа біреудің құттықтағанын қаламайтын қызғанышы да бар. Бұл әдет қашаннан бойына сіңгені есінде де жоқ. Қара телефон осы үйде пайда болғалы ма екен, әлде, бауырының үйінде телефон орнатылғалы ма екен?! Тек, үлгерсе болғаны… Әр жақтан бауырының гүр еткен дауысын естігенде, қал-жағдай сұрамастан, «Сембаев, туған күніңмен! Бірінші құттықтаған мен бе?» деп сұрайды балаша мәз бола. «Тұрсеке, әрине, сен!» дейді бауыры да елжірей. Олай емес екенін, өзінен бұрын талайдың құттықтап үлгергенін білсе де, бауырының «…әрине, сен» деген бір ауыз сөзі көңілін елжіретіп, көзіне жас әкеледі. Осы кезде әке-шешесі түседі есіне.

Ағалары Сапар жігіт шағында Түркімен жерінде қайтыс болып, әкесі мен шешесі сүйегін алып келуге кеткенде 4 жасар Мағауға өзі ие болып қалды. Небары 12 жасар Тұрсынның қамқорлығын сол кезден-ақ көрген бауыры. Ата-анасының қайғырған көңілін елең қылмастан, елге келгенде алдарынан күлімдей құшағын жая ұмтылған ұлдың әкесі бетіне де қарамастан кеудесінен итерді. Түкке түсінбей, жыламсырап, шешесіне ұмтыла берген. Ол да теріс айналды. Аңырай жылаған 4 жасар Мағаш осы кезде апасы Тұрсынның құшағында жұбанған еді… Есейіп, әрқайсысы өз жолымен кетсе де, көңіліне кірбің түсе қалса, күн мен түнге қарамай апасының үйіне келіп, көңілін босататын әдет осы кезден қалған.

Алдымен шешесі, кейіннен әкесі көз жұмарының алдында қызымен үнсіз қоштасқан. Екеуінің де көзінен жалғыз ұлдары – Мағашты өзіне аманаттап кеткенін сезді. Жоқ, айтқан жоқ, ештеңе демеді де. Бірақ, сезді. Содан бері баласындай мәпеледі, анасындай қамқор болды. «Әкем де – сен, шешем де – сен, Тұрсеке!» деп арсалаңдап келіп, еңгезердей болып төрінде жататын Мағауияның тілеуін іштей тілеумен күндерін өткізді.

… Жалма-жан номерді тере бастаған. Ұйқысынан оянып, жанына келген немересінің аяқ дыбысынан өзі де селк етіп оянғандай болды да, телефон қолынан сырғып түсе берді, көзінен аққан жасты да тоқтата алар емес.

9 шілде. Телефоннан естілген үзік дыбыс «бауырың енді жоқ» дейтіндей. Осы күні бауырымен жалғаған қара телефоннан да, Мағауиясы есігінен алшаңдай аттап, еркін көсілетін үйінің төрінен де жеріді.

«ӘКЕМНЕН АУМАЙ ҚАЛҒАН…»

Періштені көргеніңіз бар ма?! Мен көргенім жоқ. Бірақ, бала кезден әуелі – Алла қолдасын, одан кейін, періштелерің жебеп жүрсін дегенді үлкендерден талай естігем. Бауыры Мағауия тіріліп келсе, апасы Қойсынға «өмір жолымда жебеп жүрген сен менің періштем едің…» дер ме еді, кім білген?!

Бауыры үшін шырылдап, отқа да, суға түсуге бар осы апасының дызылдаған мінезі үшін екеуі талай шекіскен де… Бір құрсақты бөліскен бауырдың өкпесі де көпке созылмайтын. Апасы Тұрсынға жете алмай қалса, үйдің іргесіндегі екінші апасы Қойсынға келіп мұңын шағар еді. Өмірдің әр қилы өтпелі кезеңдерінде де бетінен қақпай, қолдау көрсеткен осы апасы.

Олай демегенде ше?! Студент кезінде сонау Алматыдан екеу болып оралғанда келінінің бетін өзі ашты. Өзі де ата-ененің қолында келін атанып, сәбилі болып отырғанына қарамастан, бауырын барлық жоба-жоралғымен қарсы алды. Ауылына, Аққораға аттанғанға дейін бір ай көлемінде бәрі бірге тұрды.

Мінезімен де, түр-келбетімен де әкелерінен аумай қалған осы апасына өзі де «Слекеңе тартқан – осы!» деп, талай қалжыңдайтын.

Сол күндер келмеске кеткен. Бауыры үшін бар жақсыны қалайтын қамқор апа ол қайтыс болғанда да жүрегі езіліп, көкірегі қарс айырылса да дұрыстап жылай алмады. Маза таптырмағаны – бауырын ақтық сапарға шығарып салу жоралғысы да мінсіз өтсе деген ой. Біреу – түсінер, біреу – түсінбес. Бірақ, келмеске кеткен жалғыз бауыры үшін апасы «нағыз періште» еді…

АЛМАТЫҒА ҚИМАҒАН ҚАЙРАН БАУЫР…

60 үйлі шағын ауылда облыс орталығымен хат-хабар алмасатын жалғыз телефон бар. Қаладан хабарласатындар әдетте кешкілік, жұмыстан кейін қоңырау шалады. Мал өрістен келе бере апасы Тұрсынның хабарласқаны. Жалғыз бауырлары Мағауия қызмет бабымен Алматыға қоныс аудармақшы екен… Көше бойы дауыс айтып жылап, үйге келген шешелеріне балалары да үрпие қарасты.

Өрістен желіні жер сызып келген сиыр осы күні сауылмады. Идіріп алып, бас жібінен байланған бұзау енесіне қарап, қанша мөңіресе де, көңіл бөлген ешкім болмады. Мына тұрған Алматыға жіберсе бауырын енді көрмейтіндей, үйге кіріп, көрпені тарс бүркеніп жатып қалған. Осы күні қазан да көтерілген жоқ. Бірден сәл асқан кенже қызына да қарайламастан, таңалагеуімнен Қарағандыға аттанды. Бауыры райынан қайтты ма, әлде, көз жасын көл қылып келген, өзімен тете өскен апасының сөзін жерге тастай алмады ма, әйтеу, қаладан көңілді оралды. Бауыры Қарағандыда қалатын болыпты.

АЛМАТЫҒА ҚИМАҒАН ҚАЙРАН БАУЫР, ҚАРА ЖЕРГЕ ҚИДЫ…

Жиырма жыл қатарынан үзбей жазылған «Орталық Қазақстаннан» жеріді. Биыл газетке жазылдыңыз ба деген қызының сөзін жақтырмай, көз жасын көрсеткісі келмей теріс айнала бере: «Мағау жоқ, енді мен Орталықты қайтемін?!» деп күңк ете қалғаны…

Р.S. Мағауия Сембаевтың құжат бойынша туған күні – 29 шілде. Басқаларын қайдам, бірге туған бауырлары шыр етіп дүниеге келген 9 шілдеде хабарласып, көңілдеріндегі барлық жақсы тілектері мен ниеттерін айтып арқа-жарқа болатын. Биыл аруағына бағыштап Құран оқып, артында қалған жары – Мейраштың, балалары – Аңсаған, Айдын, Айнұрдың амандығын тіледі.

Үш апасы – Тұрсын, Қойсын, Мағияның бауырға деген сағынышын жеткізе алдым ба, білмеймін, бірақ естелік жазшы дегенде ойыма келгені осылар еді.

Салтанат ІЛИЯШ.