Рухани жаңғыру

Әмеңгерлік әбестік пе?

Елбасы Н.НАЗАРБАЕВ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударды. Халқымыздың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалуды үндеді. Оның ішінде, құндылықтарымыз бен озық дәстүрлерімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білуді тапсырды. Десек те, кейбіреулер көнеден жеткен дәстүрлерімізді ескіліктің қалдығына, надандықтың көрінісіне балап жүр. «Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра», «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қағиданы берік ұстанған халқымыздың әмеңгерлік салтын, тіпті, жабайылықтың жалғасы деушілер көбейді.

Шынтуайтына келгенде, шетелдің шекпенін киіп, Еуропа тәрбиесін құптап тұрғандар құндылығымызды құрдымға жібергендігін біледі ме екен? Қазіргі аралас неке құру, ажырасу, жетім мен жесірдің, кәрі қыздардың көбеюі сынды мәселелерді шешудің бірден-бір жолы – әмеңгерлікте жатыр. Айыпталған әмеңгерліктің тамаша дәстүрі үзілгелі моншақтай шашырап, туыстықтың туы жығылғандығын ешкім жоққа шығара алмас. Өзіңіз ойлап көріңіз, жетім қалған балаға өз әкесінің бауырынан артық кім қамқоршы бола алады? Туыстарының арасында өскен бала жат болмайды. Хан Жәңгірден жеткен «Жеті Жарғы» әдет-ғұрып заңнамасында осы мәселелердің барлығын ескере отырып, жесірдің елден кетпеуін, марқұмның қандас туыстарының біріне күйеуге шығуын міндеттеген. Марқұмның туған-туыстары жесір әйелдің «әмеңгері» деп аталған. Бұл туралы тарихшы Дәулет Қожақовтың да айтары көп.

– Мен әмеңгерлік салтын құптаймын. Кеңес өкіметі ғасырлар бойы сыннан өткен ұлттық құндылықтардың ішкі қуатын, қадір-қасиетін өңін айналдыра көрсетіп, феодалдық қоғамның сарқыншақтары деп сынағаны белгілі. Бұл саяси көзқарас ұлтты төл мәдениетінен жеріндірді. Қазір бізді ұлттық салт-дәстүріміздің шашауын шығармай, ұлт ретінде қалай сақталып қаламыз деген сұрақ толғандыруға тиіс. Әйтпесе, мынау жаһандану қазақты жұтып жіберуі мүмкін. Ата-бабадан келе жатқан құндылықтарын дәріптеген ұлт қана өзін-өзі сақтап қалады. Әмеңгерліктен шошып, асау ат сияқты тулаудың қажеті жоқ. Өздеріңіз сараптап көріңіз. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары Абай, Қаныш – әмеңгерліктің жемісі. Құнанбай атамыздың қайтыс болған туған інісі Құтпамбеттің (Құлмұханбет) атастырылып қойылғанмен «қыздай жесір» қалған Ұлжан анамызды алып, отау көтергенін мысалға келтірсек болады. Бұл некеден Абайдай алып дүниеге келді. Сол секілді Қаныш Сәтбаев та Имантайдың екінші әйелінен туған екен. Әмеңгерлік тектілікті тұғырдан тайдырмай, қайта халықпен жасасып, оның тарихына өшпес із қалдырады, – дейді Дәулет Қожақов.

Ал, дін мамандары бұл қадамға нәпсінің қалауымен емес, ақылдың көзімен қарап келу керек дейді.

– Ислам дінінде күйеуінен жесір қалған әйел немесе ажырасқан әйел өзге ерге тұрмысқа шықпай тұрып, белгілі бір мерзім күтеді. Мұны шариғатта «иддәт мерзімі» деп атайды. Әйел кісі ең аз 4 ай, 10 күн иддәт мерзімін күткен болуы керек және әмеңгерлік некесі өзара ризашылықпен орндалуға тиісті. Әйелге иддәт мерзімі бітпей тұрмысқа шығуға тыйым салынады. Сонымен қатар, туған немесе ағайын апалы-сіңліліні бір некеде бірге ұстау Һарам саналады. Ағайындас апалы-сіңлілі деп бірге туған апалы-сіңліліні, әкесі жағынан апалы-сіңліліні және нағашы жағындағы апалысіңліліні айтады. Сахабалар мен тәбиғиндердің арасында да осындай дәстүр болған. Мәселен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) немересі Умму Кульсум (р.а) күйеуі Мухаммад ибн Джәғфәр (р.а) қайтыс болғаннан кейін оның бауыры Абдуллаһ ибн Джәғфәрға (р.а) тұрмысқа шыққан. Сол себепті, мұндай неке шариғат тұрғысынан да, жалпы адамзаттық құндылықтар тұрғысынан да құпталады, – дейді Балқаш қалалық мешіттің наиб имамы Асылхан қажы Түсіпбеков.

Айта кетейік, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиетерімізді қайта түлетуіміз керек», – деп терең тоқталды. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүрімізді ұмытпау, оны ұлықтау – басты парызымыз. Белгілі, қоғам қайраткері әрі заңгер Н.Шымкеновтың өзі «Ұлт дәстүрі – заңнан биік» деген екен. Заңнан биік болған дәстүріміз – бізді адастырмас сара жол, дара жол.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button