Биліктің біліктілігі сыналған кезең

Санаулы уақытта күллі әлемді шарпыған COVID-19 вирусы адамзат үшін күрделі сынақ болды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандар 6 миллионнан асып, қайтыс болғандар 372 мыңға жетті. АҚШ 106 мың, Ұлыбритания 38 мың азаматынан айырылса, Италияда індет 33 мың адамның өмірін жалмады. Өкінішке қарай, пандемия Қазақстанды да айналып өтпеді, халқымыз бір жарым ай төтенше жағдайда өмір сүргені белгілі. Карантин режимі біртіндеп жеңілдетіле бастағанымен, қауіп әлі де сейілген жоқ. Дегенмен, жедел қамданып, жүйелі жұмыс жүргізу індеттің таралуын айтарлықтай бәсеңдетіп отыр. Жаһанды сарсаңға салған сын-қатердің алдында халқымыз жұдырықтай жұмыла білді. Бұл тұрғыда биліктің дер кезінде шешім қабылдап, нақты шараларды қолға алуы жұртшылықтың сенімін нығайтқанын атап айту қажет.

ЖЕДЕЛ ӘРЕКЕТ ЖЕМІСІН БЕРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен наурыздың 16-сынан бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Іле-шала Президент жанынан Мемлекеттік комиссия құрылып, қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады. Оқушылар демалысқа жіберіліп, студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Барлық нысандарда санитарлық режимнің күшейтілуі, Үкімет қорынан дәрі-дәрмек пен зертхана жабдықтары үшін қаражат бөлінуі де алдын алу ісіне қарқын берді. Сонымен қатар, мемлекет төтенше жағдай кезеңінде халықты экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан қолдауға қомақты қаражат бөліп, мұқтаж жандарды ерекше қамқорлыққа алды.

Дер кезінде қам жасап, карантиндік шараларды мейлінше күшейткен өңірлердің бірі – Қарағанды облысы. Жаман індет ел шетіне іліккенде облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасымен коронавирус таралуының алдын алу бойынша жедел әрекет ету штабы құрылды. Санитарлық талаптар барынша күшейтілді. Сонымен қатар, алғашқы іс-қимылдың қатарында халықты ақпараттандыру жұмысына да айрықша көңіл бөлініп, тиісті орган басшылары күн сайын жұртшылыққа нақты ақпарат пен вирустың алдын алуға бағытталған нұсқауларды тікелей эфирде жеткізуге көшті. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің өзі қалыптасқан ахуал жайлы ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде жүйелі түрде мәлімдеп отырды. Сауда орталықтары азық-түлік қорымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіліп, бағаның негізсіз өспеуі бақылауға алынды. Осының арқасында халықтың алаң көңілі орнына түсіп, өңірде карантиндік режимнің алғашқы кезеңі дүрбелеңсіз басталды.

ТАБЫСЫ АЗАЙҒАНДАРҒА – НАҚТЫ ҚОЛДАУ

Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдай қаншалықты күрделі болса да, мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайтынын, бірде-бір азамат қамқорлықсыз қалмайтынын баса айтқаны белгілі. Көп ұзамай Үкімет азаматтарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне нақты қолдау көрсетуге кірісті. Осы мақсатқа бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Жұмысынан айырылғандарды әлеуметтік қолдау үшін арнайы қаржы қарастырылып, ең төменгі жалақы мөлшері – 42500 теңге көлемінде жәрдемақы төлеу жөнінде шешім қабылданды. Соңғы мәлімет бойынша Қарағанды облысында мұндай жәрдемақы 244 541 тұрғынға тағайындалған.

Карантин кезінде тұрмыстың қиыншылықтарына тап болған азаматтарға берілген көмектің тағы бір түрі – азық-түлік-тұрмыстық жиынтығы. Ол белгілі бір санаттағы азаматтардың жеке шоттарына ақша түрінде аударылды. Берілген қаржы көлемі – отбасының әр мүшесіне 5567 теңге.

Осы мақсатта наурыз айының өзінде облыс тұрғындарына 35,1 млн. теңге аударылған. Ал, сәуірде 427 млн. теңгеге 76 мыңнан астам адам осындай көмекпен қамтамасыз етілген.

Мемлекет карантинге жабылған өңірлерде тұратын азаматтардың жекелеген санаттарына екі ай бойы 15 мың теңгеден төлеп, коммуналдық шығындарын өтеуді де қолға алды. Облыстың Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, аймақта коммуналдық қызметтерді өтеу бойынша 33 133 адам өтініш беріп, оның 12 350-і мақұлданған.

Көмек жайы сөз болғанда «Nur Otan» партиясының «Birgemiz» қорынан берілген 50 мың теңгеге ерекше тоқталу орынды. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған қордың мақсаты – әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған азаматтарға атаулы көмек көрсету. Қордың Қамқоршылық кеңесі 150 мыңнан астам азаматқа 50 мың теңге көлемінде тікелей ақшалай көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Осыған сай Қарағанды облысында «Birgemiz – Qaragandy» филиалы ашылып, осы арқылы облыстың үш қаласы – Қарағанды, Теміртау, Жезқазғанда 13 мыңнан астам адам бір реттік көмек алды. Қаржылай көмектің жалпы сомасы 683 700 000 теңгені құрады.

БАНКТЕР ДЕ ЖЕҢІЛДІК ЖАСАДЫ

Тағы бір игі іс – банктер мен коммуналдық қызмет мекемелерінің қиын-қыстау кезде халыққа жасаған түрлі жеңілдіктері болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесінде екінші деңгейлі банктерді конструктивизмге, азаматтық жауапкершілікке шақырып, халыққа және отандық бизнеске қолдау керектігін айтқан еді. Сәйкесінше, банктер төтенше жағдай кезеңінде 90 күн қатарынан мерзімі өткен несиеге сыйақы есептемеуге міндеттеме алды.

Осындай игі бастамадан облысымыздың коммуналдық қызметтері де шет қалмай, ізінше, төлем сомасын азайтып, айыппұлдар мен өсімпұлдарды жойды. Мәселен, сәуірде бұқара халық үшін коммуналдық төлемдер 5%-ға азайды.

Аймақтағы интернет провайдерлері де өткізу қабілетін арттырды. Бұл карантин жағдайында интернет жылдамдығына оң әсерін берді. «Қазақтелеком» және «Транстелеком» АҚ абоненттері қарыздары болса да интернеттен, сандық теледидардан, байланыс қызметінен ажыраған жоқ. Ал, «Билайн», «Кcell» және «Теле2» ұялы желілерінің операторлары білім беру ресурстары мен жоғары оқу орындарының сайттарына, электрондық анықтамалық деректер базасына, онлайн-күнделікке, электрондық білім беру порталдарына сертификатталмаған қолжетімділікті ұсынды. Бұл өз кезегінде қашықтан оқу кезінде оқушылардың алаңсыз білім алуына тиісті жағдай жасады.

«КӨМЕК – 2020» ҚОРЫНЫҢ КӨМЕГІ

Коронавирус қаупі туралы дабыл қағылған бетте облыста қолға алынған нақты іс-шараның тағы бірі – «Көмек-2020» облыстық қоғамдық қорын құру шешімі еді. Қордың қаражаты кәсіпорындардың, ұйымдардың, құрылыс және жол компанияларының жарналары есебінен құралды. Осы орайда «Ydd Corporation», «QazCarbon» фирмаларының, «Сарыарқа-Нан» зауытының және «Балқаш-Нан» кәсіпорынының еңбек ұжымдары, одан бөлек, мемлекеттік қызметшілер де бір күндік еңбекақыларын аударғанын айту керек. Осыған дейін қорға 282 728 322 теңге түскен екен. Жиналған қаражатқа залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін автокөлікке арналған бүріккіштер, аспалы бүріккіштер алынды. Облыстағы ауруханаларды дәрі-дәрмекпен медициналық құралжабдықпен қосымша қамтамасыз етуде де қордың ықпалы болды.

«Көмек-2020» қорының әр тиыны – есепті. Ашық ресурстар мен БАҚ арқылы әлеуметтік қолдау үшін қордың қандай қадамдар жасағаны ашық жария етіліп келеді. Төтенше жағдай салдарынан тұрмыстық қиыншылықтарға тап болған адамдарға Үкіметтен тыс көрсетілген әлеуметтік көмек те осы қор есебінен жүргізілді.

Қордың қамқорлығынан бөлек, жекелеген кәсіпкерлер де қалыс қалған жоқ. Кейбіреуі қаржылай көмегін берсе, кейбір кәсіпкерлер қолдауды жеңілдіктер түрінде ұсынды. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларды, тұрмысы төмен тұрғындарды гигиеналық құралдармен, азық-түлікпен, тұрмысқа қажетті құралдармен қамтамасыз етті. Бірнеше кәсіпорын негізгі өндірістік қызметінен бөлек, маска тігу кәсібін жолға қойып, оны тұрғындарға тегін таратты.

Мәселен, «Коктем» ЖШС» КФ» компаниясы 30 отбасыны гигиеналық құралдармен қамтамасыз етсе, «Сарыарқа-Ұн» ЖШС мен BEST MILL мұқтаж жандарға тегін ұн таратты. Одан бөлек, экспресс-тестілер алуға да кәсіпкерлердің қосқан үлесі қомақты.

«Нәтиже» сүт фабрикасы карантиндік ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлерге сүт өнімдерін тегін жеткізсе, «Бипэк Авто» компаниясы эпидемиологтерге инфекциялық ошақтарды анықтау жұмыстарын жүргізу үшін 7 автокөлік берді. Бұл тізім ұзын-сонар. Анығы – ешқайсысы қарап қалған жоқ. Барымен бөлісіп, ауыртпалықты мемлекетке ғана ысырып қоймай, игі істердің ортасынан табылды.

ЕРІКТІЛЕР ЕЛМЕН БІРГЕ

Қиын сәтте еріктілер ерледі. Облыстық штабтың мәліметінше төтенше жағдай жарияланғалы өңірдегі еріктілер бригадалары кәсіпкерлермен бірлесіп, 698 акция аясында мұқтаж жандарға қол ұшын берген. Олардың қатарында, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жалғызілікті қарт адамдар мен мүгедектер және тағы басқалары бар. Барлығы 42,8 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалып, 13 663 отбасына азық-түлік себеті таратылды.

Одан бөлек, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Saryarqa Jastary» облыстық еріктілер штабы Қарағандыдағы аз қамтылған 1500 отбасы мен 32 соғыс ардагеріне азық-түлік топтамаларын табыстады.

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ДӘРІГЕРЛЕР

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығы жолындағы күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне қосымша үстемақы төлеуді тапсырған болатын. Осыған сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі сыйақы мөлшері мен оны алатын қызметкерлердің тізімін бекітті. Өңірлердегі тиісті комиссиялардың шешімі бойынша үстемақыны елімізде 30 мыңнан астам дәрігер алатын болса, оның 1 349-ы – қарағандылықтар.

Қосымша төлем – жұқпалы провизорлық және карантиндік госпитальдердің, жедел медициналық көмек қызметінің мамандарына және карантиндік блок-бекеттердегі дәрігерлерге тиесілі. 1349 медицина қызметкеріне берілген сыйақы мөлшері олардың атқарған жұмыстарының сағат санына және қызметкерлердің біліктілігіне сәйкес төленеді.

Қарағанды облысында да ақ халатты абзал жандардың еңбегіне айрықша көңіл бөлінді. 1 677 дәрігер республикадан бөлінген сыйақыдан бөлек, облыстық бюджет қаражаты есебінен айлық еңбекақы мөлшерінде қосымша сыйақы алды. Оған бөлінген қаржы көлемі – 197 млн. теңге.

Аймақта залалсыздандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілгенін айту керек. Бұл үшін Қорғаныс министрлігінің келісімі бойынша облыс орталығы аумағына қосымша әскери күштер тартылды. Ұлттық ұланның 700 жасағы жұмылдырылып, оның 500-і – Қарағанды қаласында, ал 200-і Теміртау қаласында кезекшілік атқарды.

ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН САҚТАУ  – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Төтенше жағдай режимінде облыс басшылығының айрықша назарға алғаны жұмыс орындарын қысқартпау мәселесі болатын. Осы орайда үлкен өндіріс орындарымен тиісті меморандумға қол қойылып, аймақтағы 1621 кәсіпорын жұмыс орындарын қысқартпай, барынша сақтап қалуға тырысуға міндеттеме алды. Сондай-ақ, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 43 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту жоспарда.

Дағдарысқа қарсы шаралар аясында облыс тұрғындарына жұмыс табуға көмек жасалады. Одан бөлек, 16 мыңнан астам жұмыс орнын құруды қарастыратын 600-ден астам жоба жүзеге асырылу үстінде. Жоба аясында жаңа нысандар салынып, бары жөнделіп, елді мекендер абаттандырылады. Ал, жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша мектеп, балабақша, спорт кешендері, су және жылумен қамтамасыз ету желілері тәрізді 33 нысанның құрылысы да бой көтереді. Қалалар мен кенттерді абаттандыруды көздеген 134 жоба тағы бар.

ТҮЙІН

Төтенше жағдай режимі аяқталар кезеңде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев індеттің салдары ұлт саулығына ғана емес, ел экономикасына да айтарлықтай салмақ салғанына тоқталып, мұндай күрделі кезеңде мемлекет халықтың алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайтынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Қарағанды облысында дағдарыс пен эпидемияға қарсы жүйелі жоспар құрылды. Күні кеше журналистер сұрағына жауап берген облыс әкімі Жеңіс Қасымбек вируспен күреске жұмсалған шығын жоспарланған әлеуметтік бағдарламаларға әсер етпегенін, олардың барлығы толық көлемде іске асатынын атап айтты. «Біз бюджетті оңтайландырдық. Бірақ, бұл тек форумдар, көрмелер, мәдениет және спорт саласындағы іс-шаралар өткізу сияқты бағыттарға қатысты. Халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалады» – деді аймақ басшысы.

Облыста карантин режимі бірте-бірте жеңілдетілуде. Жұртты екі айға жуық үйге қамаған пандемия халықтың күнделікті тұрмыстық ғұрпы мен қалыптасқан қағидаларына түбегейлі өзгеріс енгізді. Эпидемиямен күресте Қазақстан халқы, оның ішінде облыс тұрғындары ымыра мен бірліктің, талап пен тәртіпті сақтаудың нәтижелі үлгісін көрсете білді. Мемлекет тарапынан қолға жедел алынған іс-шаралар да ілкімділігімен ерекшеленді. Ендігі міндет – індетті толық еңсергенше, карантин кезінде қалыптасқан әдеттерді әлі де өмір салтымыздан алшақтатпай, сақтық шараларын мүлтіксіз ұстану.

Салтанат ІЛИЯШ.