Руханият

АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ немесе Марс аға Төлеуқұловтың “Айтылмаған ақиқат” атты кітабы жайлы қысқаша ой-толғам

Біршама ғұмыр кешіп, өмірдің біраз өткелдерінен өткен адамдарға тән (бәрі болмаса да, біразына) бір үрдіс байқалады қазір, ол – өзі жүріп өткен жолына үңілу, баға беру, т.б. Сондай сипаттағы кітаптардың біразына сыни пікір және мақала жазып бергеніміз де бар. Сондай дүниелердің бірі (бірегейі десем, ешкім де сөге қоймас) «Айтылмаған ақиқат» атты кітап дер едік. Авторы – танымал азамат М.Төлеуқұлов. Кітаптың тұсаукесер рәсімі де өтті.

АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ немесе Марс аға Төлеуқұловтың "Айтылмаған ақиқат" атты кітабы жайлы қысқаша ой-толғам

Егер аталмыш еңбекті күні кеше ғана өздері ғұмыр кешкен жүйеге айрықша қызмет етіп, оны бірден-бір әділ жүйе деп есептеген жандардың көз жасы, төгілген қаны, нақақтан зардап шегуінен туған жан айқайы десек, автор өз әкесі Ерембекке ғана емес, тоталитарлық тәртіптің құрбаны болған мыңдаған жандарға ескерткіш орнатты, рухтарына тағзым етті дегеніміз абзал. Ол тағзымда ұрпақ өрбітуге үлгермеген, отбасы, жұбайлық өмірдің қызығын көрмеген уыздай жастардың көз жасы, зұлмат заманға, тоталитарлық тәртіпке деген қарғысы бар. Автор әлемдегі бірде-бір елде болмаған алапат трагедияның («халық жауларын» жою, аштық т.б.) зардабын егжей-тегжейлі зерттеуді алдына мақсат етіп қоймаса да, бір отбасы, әулеттегі орасан зор қайғыны жүрегі езіле отырып жазып шыққан. Қыруар ізденістер жасаған, сұрау салған, мұрағат, жариялылығы әзірше байқала қоймаған тиісті орындарды аралап, табанынан тозған. Ертеректе көрші республикада болғанымызда тас плитаға қашап әруақтардың атынан жазылған мына «Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз» деген сөздерді оқып ек, демек, қанды қапаста («халық жауларын» құрту) опат болған боздақтардың біреуі не бірнешеуі ғана емес, баршасы осы Марс аға сияқты жандарға риза боп, рухтары пейіште шалқып жатқан шығар деген түйін жасағымыз келеді.

Кітап құрылымындағы тараулар хронологиялық тұрғыдан алғанда, автордың өмірлік тұғырнамасынан туындаған негізгі мақсаты – арманда кеткен Ерембек әкесіндей жанның трагедиялық тағдырын көрсету болса, сол міндетке басқа бөлімдер сәтті жалғасып, адам-тағдыр- уақыт-қоғам төрт- тағанын ұтымды бейнелеген. «Халық жауының» перзенті, жақындары, т.б. қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың тағдырын зерттеу авторға әкесі Ерембектей, т.б. боздақтарға арналған іс-шараларға, «Алла-ай, не жазығымыз бар еді?» деп күңіреніп ана дүниеден тіл қатып жатқан әруақтардың жерленген жеріне барып қатысуы, қаралы жиынға танымал адамдардың қатысуы – бәрі де кітап авторының өмір мен өлім, жақсылық пен зұлымдық, адам атты жаратындының ғұмыр кешу барысындағы негізгі мақсаты мен міндетіне сипаттама жасауына мүмкіндік бергені бірден аңғарылады.

Қазақ өткенге – салауат, бүгінгіге – тәубе деп, болашаққа үмітпен қараған, бақиға аттанғанынша тәубесі мен қанағат, шүкіршілігін аузынан тастамаған. Сірә, соны адами болмысына терең сіңіргені болар, Марс аға кітаптың келесі тарауларында өзі өскен орта, мектепте оқуы, ат жалын тартып мінер жасқа жетуі, жоғары білім алуы, қызметке араласуы, сол кезден бастап қазіргі ұлғайған сәтіне дейінгі жүріп өткен жолы туралы нақты, еш қоспасыз жазып шыққан.

Бір ескерер жайт, өзі, отбасы, жары, ұрпақтары, әкесі мен анасы туралы толғанған автор солар арқылы өткен уақыт қойнауына бүгінгі күн биігінен үңіле алған. Соның нәтижесінде еліміздегі сол кезден бастап қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттар тұтаса келіп, бір өңір, аудан тарихы арқылы кескінделіп, үлкен тарихи, танымдық деңгейге көтерілген. Осы жолдардың авторы боп отырған бізге Марс аға кітабында кездесетін адамдардың көбісі таныс. Көпшілігі бақилық боп кетті. Жүрегімізге айрықша әсер еткен жайт – Мәкеңнің екінші әкесі – Төлеуқұл қария жайлы жазғандары. Осыдан біраз бұрын Ақсу-Аюлыда ас беріп, ол кісі туралы кітап жазған да Марс аға болатын. Төкең біз өмірге келген бұрынғы Сталин атындағы колхозда үкіметтен бір тиын алмай (өзі колхоз басшысы боп жүргенде), халықты ұйымдастырып, сегізжылдық мектеп салып беріп еді, біз сол мектепте оқыдық. Ол кісі аудан экономикасын көтеруде өлшеусіз еңбек сіңірген табиғаты таза, санасы сара жан болатын. Алтын құрсақты София ананың да қолынан дәм татқанбыз. Марс ағаның зайыбы Роза жеңгейді де көрдік, ол кісі жүрегіне иман ұялаған ерекше жан еді. Төкеңнен тараған, Мәкеңнен туған перзенттер болмыстарында ізгілік, иман болса, сол кісілерден ауысқан өнеге деген орынды. Бұл біздің ғана емес, көпшіліктің пікірі. Әрине, кең тынысты, тарихи, нақты деректерге негізделген, шындықпен суарылған кітап туралы көп айтуға болар еді. Біз газет мүмкіндігін ескере келе, басты деген жайттарға қатысты ойымызды қысқаша қайыруға тырыстық.

Мәуен ХАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, профессор

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button