Әзірге екі алтын
Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны медальдармен толығуда. Атап айтсақ…
Велошабандоз Алексей Луценко 150 шақырымдық топтық бәсекеде үздік шықты. Отандасымыз аталған қашықтықты 3 сағат 25 минут 25 секундта жүріп өтті.
Алтын медальға талас соңғы сәтке дейін қыза түсті. Бес велоспортшы мәреге жақын қалғанда барын салды. Алексеймен бірге тағы екі велошабандоз бірдей жетті. Мәредегі арнайы фотоқұрал көмегімен жарыс жеңімпазы Алексей деп танылды.
Алексей Луценко 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында да топ жарған спортшы.
Қазақстандық спортшы Нұрлан Мырзабаев 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша таэквондо сайысының жартылай финалында Корея өкілі Хваджун Лимен қарсыласты. Мырзабаев 16-17 есебімен жол берді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржыны бір күнде төртінші қола жүлдемен толықты. Бұған дейін Азиаданың қола жүлдесін семсерлесуден ерлер және әйелдер командалары мен ескекші Александр Куликов ұтқан болатын.
Кезекті қола медальға Мария Дмитриенко қол жеткізді. Стенд атудан үздіктер қатарында. «Дубль-трап» бағдарламасы бойынша сынға түскен Дмитриенко жалпы есебі 125 ұпай жинады. Алтын және күміс медаль тиісінше 136, 134 ұпай жинаған Қытай қыздарының еншісінде. Еске сала кетейік, Мария «трап» бағдарламасы бойынша іріктеу айналымында Азия ойындарының рекордын жаңартқан.
Палембангта академиялық есуден финалдық әйелдер арасындағы жекелей сында Александра Опачанова үздіктер қатарына енді. Ол Қытай және Тайпей спортшыларын алға жіберіп, мәреге үшінші болып келді.
– Шынымды айтсам, үшінші болып келгеніме сенген жоқпын. «Сәл жетпей қалдым ба» деп ойладым. Өйткені, менің мәреге жеткенімді айғақтайтын дыбыс белгісі естілген жоқ. Бұл жүлдеге жету үшін менің неден өткенімді білсеңіздер ғой?! Қуанышымда шек жоқ! Құттықтауларыңызға рақмет! Өйткені, жанкүйердің қолдауы ерекше сезілді, – дейді Опачанова. Бұл – академиялық есуден биылғы Азия ойындарында жеңіп алған тұңғыш жүлдеміз.
Теннисшілер Гозаль Айнитдинова мен Анна Данилина әйелдер арасындағы жазғы жұпты разряд бойынша қола медаль иеленді. Спортшы қыздар сайысты 1/2 кезеңінде аяқтады. Олар жартылай финалда қытайлық Тайбей өкілдері Чжань Хаоцин және Чжань Юнжаньмен кездесті. Қазақстандық теннисшілер екі сетте 1:6, 2:6 есебімен қарсыластарына жол берді.
Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 27 медаль бар. Олардың екеуі – алтын, алтауы – күміс, он тоғызы – қола.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»