Өзіне келер «қауіпті» өзі біліп тұрса игі…

Балаларға келер қауіптің бірнеше себептері бар. Сыртқы күштердің әсері, террористік сипаттағы оқиғалар, табиғат апаты, психологиялық қысымнан зардап шегу, өз-өзіне қол жұмсау, яки бұзақылық пен қылмыс – балалар арасында белең алып барады. Бұлардың соңы қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін. Әлеуметтік желіде мұндай ақпараттардың көптігінен көз сүрінеді. Айдың-күннің аманында балалардың өзін-өзі өлімге итермелеуі жиілеп кетті. Бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Анығында, әр бала – мемлекеттің болашағы мен байлығы.

ҚОҒАМНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕСІ

Қазақстанда 17 жасқа дейінгі 6 млн-ға жуық бала бар екен, бұл ел халқының 30%-ын құрайды. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және оларды қылмысқа араластырудан қорғау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі болуы керек.

Балалардың өз арасында қауіпті жағдай орын алып жатады. Бұл көбінесе келіспеушіліктен туындайды. Балалардың қауіпсіздігін қорғау осы кезден басталуы қажет. Мысалы, мектепте жоғары сынып оқушылары өздерінен жасы кіші оқушылардан ақша сұрап, бермесе соққыға жығуы мүмкін. Әрине, мұндай жайттар тек ұлдардың арасында ғана болып жатады және ол туралы мұғалімдер де, ата-аналар да бейхабар. Осыдан кейін соққы көрген баланың денсаулығына зиян келуі әбден мүмкін. Аталған жайттың соңы қайғылы оқиғамен аяқталып, 18 жасқа толған 11-сынып оқушысының абақтыға қамалғанын да көргенбіз. Демек, бұл балалар арасындағы бұзақылықтың өршігенін көрсетеді.

Деректер бойынша соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 3,3 мыңнан 1,7 мыңға дейін азайыпты. Азайса да көрсеткіш мыңның үстінде. Демек, балалар арасындағы бұзақылық, қылмыс әлі де бар деген сөз. Балаларды және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қабылданып жатқан заңнамалық шараларға қарамастан, жастар арасында суицидтің, кәмелетке толмағандар арасында буллингтің таралуы, және соның әлеуметтік желілердегі мессенджерлер арқылы таратылуы – қоғамның маңызды әлеуметтік проблемасы болып отыр.

105 СУИЦИД ТІРКЕЛГЕН

Статистикаға сәйкес 2021 жылдың алты айында 105 суицид тіркелген және 190 бала суицидке баруға әрекет жасаған. Еліміздің аймақтарында мұның белең алып бара жатқанын байқауға болады. Бұл – біздің қоғам үшін өте өзекті мәселе болып отыр. Осыған байланысты 15 қыркүйекте өткен Мәжілістің жалпы отырысында бұл мәселе заң жобасы аясында қаралып, оның алдын алу үшін мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмысын күшейту туралы айтылды.

2021 жылы білім беру ұйымдарында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша 70 педагог балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушыларды дайындау бағдарламасы негізінде оқыту курсынан өткен. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап қауіпсіздік бойынша мектеп жаттықтырушылары өз жұмысын жүзеге асыруда. «Жеке қауіпсіздік» курсы оқушыларды қорқыныштан арылту, психологиялық қысымнан құтқару мақсатында өткізіледі. Ал, тәжірибелік жаттығулар қандай да бір жағдай орын алса, оған тойтарыс беруге, оқушылардың өз-өзіне деген сенімділік дағдыларын қалыптастыруға және қиын жағдайда өз өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Бұл туралы биылғы оқу жылына арналған балалар қауіпсіздігі бойынша әдістемелік нұсқауда айтылған.

БАЛАЛАРҒА ЖҰМЫС БЕРУ ҚАЖЕТ

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жиі талқыланады. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков қазіргі заман көріністері аса қауіпті, сол себепті балаларға аса көңіл бөлуді, оларға деген қамқорлықты күшейту қажет екенін айтады.

«Аталған проблемаларды шешу және оның алдын алу үшін мемлекеттік тетіктер мен азаматтық қоғамды, ата-аналар мен балалардың өздерін белсенді тарта отырып, күш-жігерді біріктіру қажет», – дейді комитет төрағасы.

Сала мамандары балалар арасындағы буллингтің, құқық бұзушылықтар мен суицидке бейімділіктің алдын алуда жасөспірімдерге жұмыс беру қажеттігін айтады. Осыған байланысты олардың білім алу, шығармашылық және спорттық демалыс жүйесін жетілдіру қажеттігі туындайды. Маусымда өткен сенат отырысында Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев қаңтар айынан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысына заң жүзінде қосымша білім берудің енгізілгенін атап өтті. Сонымен қатар балаларды қызықтыратын салалар бойынша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, олардың үйлесімді өсуі үшін спорттық, шығармашылық, зияткерлік әлеуетті іске асыру жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың азаюына мүмкіндік беретінін айтты.

АНТИБУЛЛИНГ КОДЕКСІ – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ
Ересектер үнемі баланың жанында болып, қауіп-қатерден қорғай алмайды. Сол себепті баланың өзі жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Ол үшін балалар өз құқығын білуі керек. Осы мәселені зерттеген адам құқықтары жөніндегі ғалым-заңгер, құқық докторы (PhD), Street Law Kazakhstan Білім беру жобасының үйлестірушісі Халида Ажигулова шетелдік тәжірибесін Қазақстанға енгізіп, балалар арасындағы буллинг, кибербуллинг және суицидтің алдын алу бойынша және мектептерде балалар үшін қауіпсіз орта құру жөнінде арнайы жоба ұйымдастырған. Осындай жоба аясында өткізілетін курстар таным көкжиегі енді қалыптасып келе жатқан балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау қажет екенін, зайырлы қоғамда өмір сүретін әр адамды қорлауға тыйым салынғанын, ондай жандардың жолын кесу керек екенін заң жүзінде ұқтыруды көздейді. Осылайша, суицидтің алдын алады.

– Өз тәжірибемнен білетінім, зардап шегушілер ата-ана, достары мен мұғалімдерінен қолдау көрмеген жағдайда өзін өлтіруге ұмтылады. Инклюзивті және достықты биік қоятын орта қалыптастырып, мектептегі буллингтің алдын алу нәтижесінде зорлық көрген, келемежге ұшыраған жасөспірімдер арасында суицид азаяды, – дейді ғалым.

Заңгердің айтуынша, еліміздегі мектептерде оқу жылының басында-ақ барлық ата-аналарды антибуллинг кодексімен таныстыру қажет. Антибуллинг құралдары әр мектепке инклюзивті және қауіпсіз орта құруға көмектеседі. Мұндай жұмыстар мектептегі буллинг жасау қаупінің алдын алады.

Өкінішке орай, қазақстандық мектептерде екі баланың арасында жанжал, төбелес болса, зәбір көрген баланың ата-анасы мектепке келіп, біреудің баласын ұрған жағдайлар да орын алды. Ал, шындығында біреудің баласына қол көтеру – заңға қайшы. Антибуллинг кодексінде «білім беру кезінде қатысушыларға зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрін жасауға, ата-аналар заңды өкілдердің қатысынсыз өзге біреудің баласымен сөйлесуіне де рұқсат етілмейді» деп жазылған.

Р.S. Балалар қауіпсіздігін қорғау өзімізден басталады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.