Жылу беру науқаны басталады

Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Отырыста бизнеске қолдау көрсету және өңірдегі жөндеу жұмыстарының барысы қаралды.

Облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Т.Аблаеваның айтуынша, бизнеске қолдау көрсетуде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының маңызы зор. Сондай-ақ, бұл бағдарламаға өңір кәсіпкерлерінің қызығушылығы басым.

Бағдарламаны іске асыру 2010 жылы бастау алған. Осы уақытта облыс бойынша құны 119 млрд. теңгені құрайтын 1048 жоба қолдау көрген. Биыл өңірдегі Үйлестіру кеңесі құны 17 млрд. теңгені құрайтын 160 жобаны мақұлдаған.

Көбінесе, кредиттік үстемақыны субсидиялауға сұраныс жоғары.

Жыл соңына дейін тағы 90 жоба мемлекет тарапынан қолдау көреді деген жоспар бар.

Шағын несие беру ісі де бизнесті дамытуға оң ықпалын тигізуде. Мәселен, 2013 жылдан бері жалпы сомасы 535,2 млн. теңгені құрайтын 181 шағын несие берілген. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 2010 жылдан бері 17 мыңнан астам кәсіпкер біліктілігін арттырған. Биылдың өзінде 2 мың адам білім алды.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтарында 24 мың тұтынушыға кеңес берілді.

Жиындағы екінші мәселе өңірдегі жөндеу жұмыстарының барысы жайлы өрбіді. Бұл туралы облыстың энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Қ.Бегимов кеңінен ақпарат берді.

Жоспарға сай, атқарылуы тиіс жөндеу жұмыстарының кешегі күнге дейін 96%-ы орындалған. Ақтоғай, Нұра, Шет және Ұлытау аудандарындағы жөндеу жұмыстары өз мәресіне жеткен.

Қарағанды, Теміртау қалаларында – 1 қазаннан бастап, Жезқазған, Саран, Шахтинск қалаларында – 10 қазаннан бастап, өзге өңірлерде 15 қазаннан бастап жылу беру науқаны басталады.

Қазіргі күні облыстың барлық жылу электр станцияларында жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жоспар бойынша, 29 қазандық пен 21 турбина жөндеу көруі тиіс.

Кешегі күнгі дерек бойынша, облыстың жылу беру орталықтары 1 млн. 203 мың тонна көмірмен, 9 мың 908 тонна мазутпен жабдықталған.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысына тоқталсақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы құны 520 млн. теңгені құрайтын жылу желісінің құрылысы жүргізілуде. Желінің ұзындығы 1,8 шақырымға тең. Жұмыстар 1 қазанға дейін аяқталуы тиіс.

Орамдардағы жылу желілерінің 280 метрі тартылды. Тағы 370 метр желі 10 қазанға дейін салынатын болады.

Сондай-ақ, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы арқылы Оңтүстік-Шығыс жылу магистралінің учаскесін қайта жөндеу жүргізілуде. Ұзындығы – 957 метр. Бөлінген қаражат – 520,007 млн. теңгені құрайды.

Аппарат жиынын қорытындылаған облыс әкімі бірнеше басшыға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.