Қарағандыда болашақ чемпиондарға арналған күрес залы ашылды
Қарағандыдағы «Көгілдір тоғандар» шағынауданында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте жаңа күрес залы ашылды. Заманауи нысан «Мектептегі күрес лигасы» жобасы аясында жабдықталып, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік бермек.

Ашылу рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов, спорт ардагерлері мен белгілі балуандар қатысты.
Ермағанбет Бөлекпаев жаңа залдың ашылуын балалар арасында күресті дамытуға бағытталған маңызды қадам деп бағалап, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

— Балалар арасында күресті дамыту айрықша маңызға ие. 2026 жылғы маусымда Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және Қазақстанның Күрес федерациясы оқушылар арасында еркін, грек-рим және әйелдер күресін қолжетімді етуге бағытталған «Мектептегі күрес лигасы» жобасы аясында меморандумға қол қойды. Бұл залдың ашылуы — осы бастаманы жүзеге асыру жолындағы тағы бір нақты қадам. Мұнда тек мықты спортшылар ғана емес, мақсаты айқын, тәртіпті әрі елге қызмет етуге лайықты азаматтар тәрбиеленеді, — деді облыс әкімі.

Күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов алдағы уақытта өңір мектептерінде осындай 10-ға жуық зал ашу жоспарланғанын жеткізді. Федерация мектепке спорт залын жабдықтауға арналған сертификат табыстады.

Жаңа залда оқушылар грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша жаттыға алады. Мектепте қазірдің өзінде 17 спорттық үйірме мен секция жұмыс істеп, оларға оқушылардың 70 пайыздан астамы қатысады. Жаңа оқу жылынан бастап күрес бойынша тегін секциялар ашылмақ.

Айта кетейік, бүгін, 19 тамызда, Қарағандыда күрес түрлерінен «Сарыарқа рухы» республикалық турнирі өтіп жатыр.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



