Ресми

Энергетикалық сенімділік: өңірдің дайындығы қандай?

Электр энергиясы өнеркәсіптің үздіксіз жұмыс істеуінен бастап, тұрғындардың күнделікті тұрмысына дейінгі барлық саланың тірегі. Әсіресе, өндірістік кәсіпорындары шоғырланған облыс үшін энергетикалық жүйенің тұрақтылығы стратегиялық маңызға ие. Өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпорындардың қуаттылығы артқан сайын электр энергиясына деген сұраныс та өсіп келеді. Қолданыстағы станциялар мен желілерді жаңғырту, қосымша қуат көздерін қалыптастыру және ұлттық электр желісінің өткізу қабілетін арттыру өзекті міндеттердің бірі болып отыр.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыстың энергетикалық қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жобалардың бірі – Бұқар жырау ауданындағы 500 кВ «Нұра» қосалқы стансасын кеңейту. 2026 жылғы 2 қазанда мұнда қуаты 3×167 МВА болатын екінші автотрансформатор іске қосылды. Жаңа жабдық Қарағанды энергия торабының мүмкіндігін кеңейтіп, электр энергиясын тасымалдау сенімділігін арттыруға бағытталған. 1979 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Нұра» қосалқы стансасы Қарағанды энергия торабын Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен байланыстыратын маңызды нысан саналады. Қосалқы стансаның маңызын оның ең жоғары жүктеме кезіндегі жұмысы да айқындайды. Бұған дейін электр энергиясын тұтыну артқан кезеңде нысанға түсетін салмақ едәуір жоғары болған. Осыған байланысты екінші автотрансформатор орнату туралы шешім қабылданған.

– «Нұра» қосалқы стансасының Қарағанды энергия торабын сенімді электрмен жабдықтауда маңызы зор. Ең жоғары жүктеме кезінде оған түсетін салмақ айтарлықтай жоғары болды. Бірнеше жыл бұрын екінші автотрансформатор орнату туралы шешім қабылданды, – деді «KEGOC» АҚ «Орталық ЖЭЖ» филиалының директоры Алмас Саухимов.

Жаңа автотрансформатордың іске қосылуы өңірдегі өнеркәсіптік жобаларды электр желісіне қосуға қосымша мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қуаты 779 МВт болатын Қарағанды индустриялық паркін және қуаты 500 МВт жел электр стансасын энергетикалық жүйеге біріктіруге қажетті техникалық мүмкіндік қалыптасады. Жоба KEGOC компаниясының өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жұмыстар барысында отандық өндірістің жабдықтары мен материалдары пайдаланылып, қазақстандық қамту үлесі 67 пайызды құрады.

«Нұра» қосалқы стансасын кеңейту – жекелеген нысанды жаңғыртумен шектелмейтін, ұлттық электр желісінің сенімділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі.

– «Нұра» қосалқы стансасын күшейту – KEGOC-тың Ұлттық электр торабын жаңғырту жөніндегі жүйелі бағдарламасының бір бөлігі. Бұған дейін «Састөбе» және «Сарыөзек» қосалқы стансаларында қосымша трансформаторлық қуат іске қосылды. Біз бұл жұмысты басқа нысандарда да жалғастырып, электр желісінің сенімділігін кезең-кезеңімен арттырамыз, сондай-ақ жүктеменің өсуі мен жаңа тұтынушыларды қосу үшін қажетті қуат резервін қалыптастырамыз, – деп атап өтті «KEGOC» АҚ басқарушы директоры Ермаханбет Атақұлов.

Қазақстанның ұлттық электр желісінің операторы – «KEGOC» акционерлік қоғамы энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып келеді. Үкіметтің ресми ақпаратына сәйкес, KEGOC-тың 2026 жылға арналған инвестиция көлемі 181,9 млрд теңге болып белгіленген. Оның 155,9 млрд теңгесі өндірістік активтерді кеңейту мен дамытуға бағытталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, Қазақстан жыл сайын шамамен 123 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіргенімен, бұл көлем өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және цифрлық экономиканың қарқынды дамуына байланысты сұранысты толық өтеуге жеткіліксіз. Осыған байланысты 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитіне қол жеткізу стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Мемлекет басшысы бұл мақсатқа жету үшін жаңа электр стансаларын салу, қолданыстағы энергетикалық нысандар мен электр желілерін жаңғырту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, Үкіметке өнеркәсіптік сұраныстың өсуін, экономиканы цифрландыруды, жасанды интеллектіні енгізуді және деректерді өңдеу орталықтарының қажеттілігін ескере отырып, 2035 жылға дейінгі отын-энергетикалық теңгерімді өзектендіру міндетін жүктеді.

Президент Жолдауында белгіленген міндеттер энергетикалық инфрақұрылымды кешенді дамытудың маңызын айқындайды. Бұл ретте Қарағанды облысындағы «Нұра» қосалқы стансасын кеңейту, электр желілерін жаңғырту және KEGOC-тың инвестициялық жобалары ұлттық деңгейдегі міндеттердің өңірде жүзеге асырылуына үлес қосады.

Энергетикалық қауіпсіздіктің тағы бір маңызды көрсеткіші – күзгі-қысқы кезеңде электр жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі. KEGOC 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында жоспарланған жөндеу бағдарламасын орындап, 2026 жылғы 2 қазанда күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспортын алған.

Компанияның ресми мәліметіне сәйкес, жөндеу жұмыстары 589 нысанда жүргізілген. Оның ішінде, 100 электр жеткізу желісі, қосалқы стансалардың 38 жабдығы, 107 ғимарат пен құрылыс, 337 автокөлік және негізгі құралдардың тағы жеті бірлігі жөндеуден өткен. Биылғы күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі ең жоғары қуат тұтыну көлемі 18 200 МВт-қа жетуі мүмкін. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 2,7 пайызға жоғары.

Қарағанды қаласындағы «Федоровка» қосалқы стансасында да ауқымды реконструкция жүргізілуде. 1974 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан нысанда ескірген жабдықтардың орнына заманауи құрылғылар орнатылып жатыр. Жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Бүгінде станса 4 мыңнан астам тұрғын мен 200-ден астам ұйымды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Жалпы, электр энергетикасын дамыту бір ғана жаңа нысанның іске қосылуымен шектелмейді. Өндірістік әлеуетті арттыруға, жаңа кәсіпорындарды қажетті қуатпен қамтамасыз етіп, халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтуға бағытталған кешенді жұмыс. Мемлекет басшысы белгілеген 2029 жылға дейінгі тұрақты энергетикалық профицитке қол жеткізу міндеті де осы бағыттағы жұмыстың ауқымын айқындайды. Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесі алдағы уақытта электр желілерінің сенімділігімен, тұтынушыларды үздіксіз энергиямен қамту және жаңа өндірістерді қажетті қуатқа қосу мүмкіндігімен өлшенбек.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button