Бас тақырыпЖаңалықтар

Үш республикалық жолда орташа жылдамдық бақыланады

9 қарашадан бастап Қазақстанның тағы үш республикалық маңызы бар автожолында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылды. Жаңа бақылау «Алматы-Қорғас», «Қарағанды-Бурылбайтал» және «Қызылорда-Арал» бағытында енгізілді. Аталған жол учаскелерінде барлығы алты бақылау аймағы жұмыс істейді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Cурет ЖИ арқылы жасалды

Жүйе көліктің бақылау аймағына кірген және шыққан уақытын тіркейді. Осы мәліметтер негізінде жүріп өткен қашықтық пен уақыт есептеліп, көліктің орташа жылдамдығы автоматты түрде анықталады. Сондықтан, камераның алдына келгенде ғана жылдамдықты төмендету жеткіліксіз. Бақылау бүкіл учаскедегі қозғалыс қарқынын қамтиды.

ІІМ мәліметінше, жоғары жылдамдық – адам өліміне әкелетін ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі. Әсіресе, күз мезгілінде күн ерте батып, жолда тұман, көктайғақ пен қар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүргізушілер жолдың ахуалына қарай жылдамдықты таңдауы қажет.

Министрлік өкілдері жолға шығар алдында уақытты дұрыс жоспарлап, асықпауға шақырады.

– Жол қозғалысына қатысушыларды бүкіл сапар бойы жылдамдық режимін сақтауға және ауа райын ескеруге шақырамыз. Үйіңізде сізді күтіп отырған жандар бар. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар, – деп ескертті Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button