ЖОЛДАУ ҰЛТ ЖОСПАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ
Президенттің жыл сайынғы халықққа Жолдауы маңызды саяси құжатқа айналды. Қоғам әрдайым жағымды жаңалықтарды асыға күтетін күтетін саясаттың мазмұнды мінбері екенін мойындатты. Осы жолғы Жолдау бұған дейінгі Жолдаулардың стратегиялық жалғасы болғандай.
Саяси өзгерістер мен жаңалықтар да назардан тыс қалған емес. Яғни, азаматтардың сұранысына сай мемлекеттік аппарат құру, сыртқы саясаттың тиімділігін арттыру және әрбір қазақстандықтың мемлекеттілік мәселелеріне атсалысуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа міндеттерді атап айтуға болады. Басқару мәселесінде, мемлекеттік аппараттардың жауапкершілігі, мәселен құқық қорғау органдарының адал жұмыс істеуі, соттар мен прокуратураның заңды қатаң сақтауы да өте маңызды. Сот саласын қатаң бақылау қажет. Судьяларға қатысты айтылып жүрген сындардан нақты нәтиже шығару керек. Мемлекет басшысы әрбір мемлекеттік қызметкер, әрбір учаскелік полицей Президенттің қоғамдағы өкілі екенін айтты. Егер адамдардың бір нәрсеге көңілі толмаса, жергілікті мемлекеттік қызметкерлер оның айтқан мәселесін шешіп бере алмаса, онда жұрт арасында мемлекеттік деңгейде жұмыс дұрыс жасалмаған деген пікір туындайды. Яғни, бұл тұтас мемлекеттік саясатқа наразылықты көрсетуі мүмкін.
Ұстаздар мерекесі қарсаңында жарияланған Жолдауда білім беру сапасы, жоғары оқу орындары түлектерінің бәсекеге қабілеттілігі, олардың қоғамда сұранысқа ие болуы туралы басым бағыттар көтерілді. Жастар үшін оқу бітіріп, диплом алып шығу жеткіліксіз. Олардың білімі мен қарым-қабілеті елімізде және халықаралық деңгейде сұранысқа ие болуы қажет. Бұл жаһандану заманында бізге қойылып отырған уақыттың қатаң талабы, яғни әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды көздейтін басты міндеттердің бірі.
Әлеуметтік мәселелер Жолдаудың басым бағыттарын көрсетіп отыр. Халықтың тұрмысын жақсартуға, еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне қатысты айтылған маңызды мәселелер қамтылды. Демек осы жолғы Жолдау бұған дейінгі әлеуметтік жобаларды жалғастыра алатын кешенді құжат. Мәселен, әлеуметтік ахуал, халықтың тұрмысы, зейнатақысы, еңбекақысы, жалпы күнкөрісі, қауіпсіздігі, оған қоса инфрақұрылымды дамыту сынды маңызды мәселелер қамтылды. Атап айтар болсам, балабақша мен мектептердегі балалардың тәрбиесіне, қауіпсіздігіне қатты мән беріліп отыр. Денсаулық сақтау, шағын және орта бизнесті дамыту, қолжетімді баспана, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту сияқты мазмұнды мәселелер қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеретін игі қадам.
Жалпы қорыта айтқанда, мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап дамудың дара жолымен жүріп келеді. Біз осы уақыт аралығында саясат пен экономикада үлкен жетістіктерге жеттік.
Айдос БӘДЕЛҰЛЫ,
ҚЭУ оқытушысы, саясаттанушы