Бас тақырып

Жол салу еріккеннің ермегі емес

Жол салу еріккеннің ермегі емес. Қыруар қаржы қажет. Мәселен, Майқұдықтың күретамыры іспетті Маркс-Магнитогорск көшесіндегі автожолдың 1 шақырымы, шамамен, 600 млн. теңгеге бағаланды. Жыл сайын елімізде мыңдаған шақырым жол жаңадан салынады немесе жөнделеді. Халықтың аузынан жырып төсеген асфальтты көктем сайын су шайып кетіп жатқанда ішіміз ашитыны содан…

Былтыр Қарағанды облысында 30 млрд. теңгеге жуық қаржы жол жағдайын жақсартуға жұмсалды. Әйтсе де, қалың ел сарғая күткен сапа бар ма?

«Сараптаудан өтпеген жолдар көп»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында өңірлердегі жол сапасын жақсарту туралы мәселе көтерді. Үкіметке тапсырма да берді. Биыл 1 мамырдан бастап ел аумағында жол құрылысы қызатыны анық. Кенді өлкеде де арнайы түзілген жоспар бар.

Былтыр Қарағанды облысындағы жол-құрылыс маусымына 29,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржының орнымен жаратылып, жол сапасының жақсарғанына, алдымен, тапсырыс беруші мен орындаушы жауапты. Сонымен қатар, қадағалаушы, бақылаушы тараптардың мүдделері осы тұста тоғысқаны қажет. Яғни, салынып жатқан жол міндетті түрде төрт сатылы тексерістен өтуі керек.

Бірінші – тапсырыс беруші, екінші – мердігер, үшінші – техникалық қадағалау мен авторлық қадағалау қызметтері және соңғысы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК тұрақты түрде сапаны сараптап отыруы шарт. Алайда, аталған орталықтың Қарағанды филиалының басшысы Нұржан Темірханов бұл шаруаның ақсап тұрғанын жасырмайды.

– Былтыр облыста жүргізілген жол құрылысы тиісті тексеріспен толық қамтылған жоқ. Мәселе – қаржыландыруда. Біздің мекеме келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Яғни, жол салынатын, жөнделетін жердегі жергілікті әкімдікпен сапасын қадағалау бойынша келісімшарт жасаймыз. Сол келісімшартқа сәйкес тексеріс жүргіземіз. Өкінішке қарай, әкімдіктер бұл міндетке құлықсыз қарайды. Біздің сараптаудан өтпеген жолдар көп. Бірақ, бұл нысандарды тапсырыс беруші қабылдап, ақшасы төленіп кеткен. Сондықтан, қазір жол сапасына қатысты проблема туындап отыр. Індетіп келсе, сыбайлас жемқорлықтың да құлағы қылтиып тұр, – дейді Нұржан Темірханов.

Директордың айтуынша, Ұлттық сапа орталығының құжатынсыз бұл жолдарды әкімдік қабылдамауы керек.

 

«Толық тексеріске қаржы жоқ»

Былтыр 326 млн. теңгеге келісімшарт түзілуі тиіс-ті. Бірақ, іс жүзінде 163 млн. теңгеге 18 келісімшартқа қол қойылды. Филиал мамандары 348 мәрте инс­пекциялық тексеріске шығып, 1217 сынама алды. Оның 518-і талапқа сәйкеспейтінін көрсетті.

Қаржы жетіспегенінен 128 нысанның 97-сі ғана тексеріспен қамтылды. Яғни, 75,8 пайызы. Ал, қалған 24,2 пайыз жолдың жай-күйі қандай екені бір Құдайға аян.

Тағы бір түйткіл, қаржы тапшылығынан тексеріспен қамтылған жобалардың өзін бастан-аяқ тергеп шығуға мүмкіндік жоқ.

– Мәселен, жобада көрсетілген 20 шақырым жолды түгел сараптамадан өткізуге бөлінген қаржы жетпейді. Еріксіз таңдап жүріп, кемшілігі көзге көрініп тұрған тұстардан ғана керн аламыз. Мердігер де әккіленіп алған, сол жерлерді ғана қайта жасап, тапсыра салады. Толық тексеріске қаржы жоқ, – дейді директор.

Жол құрылысындағы тағы бір мәселе – битум сапасы. Төңіректегі жұрт Павлодардағы мұнай-химия зауытының өнімін тұтынады. Егер, зауыттан шыққан битум сапасыз болса, маңайдағы түгел жол көпке ұзамай кәдеге жарамай жататыны бар. Қазір филиал битум сапасына қатаң талаптар қойып отыр.

– Былтыр битумды сараптауға қатысты 68 сынама алынды. Оның 35 пайызы талапқа сай болмады. Егер, битум нашар болса, асфальт ыстық-суыққа төзбейді. Жарылып кетеді. Қарағанды – сулы өңір, қар мол. Көктемде шайып кетеді. Бұған дейін біздің қызмет көрсету аумағымызда болған Ұлытау облысында битум сапасына қатыс­ты проблема көп болды. Балқаш қаласында да қордаланған мәселе жеткілікті. Сондықтан, битумды байыптап тексереміз, – дейді Қарағанды филиалының зертхана меңгерушісі Қазыбек Зікрин.

Қазір филиалда заманауи зертхана жабдықталуда. Жаңа құрылғылар материалды жан-жақты сараптауға жол ашады.

Енжар әкімдік – жолдағы кемшілік

Кері байланыстың жоқтығы да аяқты тұсап тұр. Былтыр қамтылған жолдардың 40 пайызынан ақау табылды. Басым бөлігінде асфальттың ені, қалыңдығы кем шығады. Әкімдіктерге, мердігерлерге хат жазылды. Алайда, көпшілігі тырс етіп үн қатпаған. Салдарынан әлі күнге дейін көрсетілген кемшіліктің 90 пайызы жойылмады.
Мысалы, «Сейфуллин-Өспен-­Ақадыр» арасында төселген небәрі 15 шақырым асфальттан 18 ақау табылды. Бірақ, бүгінге дейін мердігер «Қарағанды жол құрылыс» ЖШС 15 ақауды жөндеген жоқ.

Нұра кентінің ішіндегі жолдардан 9 ақау анықталды. Алайда, «Акунк» ЖШС соның біреуін ғана ретке келтірді.

Асфальт жабынының қалыңдығына қатысты кемшілік көп. «Акунк» ЖШС-нің кент көшелеріне төсеген асфальты да жұқа шықты. Жобада Ақбасов көшесіндегі асфальт қалыңдығы 5 сантиметр деп көрсетілсе, тексере келгенде 3,5-3,9 сантиметр екені белгілі болды.

Қарағандыдағы қалыңдығы 5 сантиметр болуы шарт Сейфуллин көшесіндегі асфальттың 1,5 сантиметрін «Улар МК» «жеп қойды».

Жұқа асфальттар туралы мысалды көптеп келтіруге болады. Әрине, филиалдың жазған хатынан қазанның құлағын ұстап отырғандардың қылшығы да қисаймағаны анық. Ал, көрешекті көретін халық.

 

Биыл да жағдай мәз емес

Филиал ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл облыстағы жолдарға 42 млрд. теңге қаржы бөлінбек. Бұл қаржыға жасалатын жолдардағы жұмысты қадағалау үшін 433,7 млн. теңгеге келісімшарт түзілгені қажет. Қазір сараптау, тексеру жұмысының маңызын, тәртібін қаузаған іс-шаралар жүргізілуде. Жер-жерде арнайы семинарлар да ұйымдастырылуда. Дегенмен, жергілікті атқарушы билік өкілдері тағы да енжарлық танытып отыр. Филиал директорының ойынша, тіпті, бұл соманың жартысына да қол жетпеуі мүмкін. Әкімдіктегілер қырық сылтау айтып, қашқақтап жүр.

Мысалы, ең қомақты тапсырысты (15,6 млрд. теңге) уысында ұстап отырған облыстың автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы тек 20 млн. теңгеге келісімшартқа қол қойды. Ал, міндетті сома – 89,7 млн. теңге. Демек, басқарма тапсырыс берген жолдардың дені тиісті сараптамадан өтпейді деп тұжырымдауға болады.

Ата Заңда жазылғандай, мемлекеттің басты байлығы – адам. Сапалы жол – адам амандығының кепілі. Айта кетейік, биыл облыс­та 734 шақырым жол жөнделеді. Оның ішінде, облыстық маңыз­дағы 317 шақырым жол бар. Жауапты мекемелер кісі амандығын ойласа, сол құрылыстардағы бақылауды күшейтуі керек-ті…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Ortalyq.kz

Суреттер «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК сайтынан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button