Білім

Аймақтың бес мектебі еліміздің үздік олимпиадалық рейтингіне енді

2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Қарағанды облысының бес білім беру ұйымы республикалық пәндік олимпиадалар нәтижесінде Қазақстанның үздік олимпиадалық мектептері рейтингіне кірді.

Сурет nurmakov.org.kz мектебінің сайтынан

Биыл еліміз бойынша рейтингке 114 мектеп енген. Білім беру ұйымдарының көрсеткіші оқушылардың республикалық олимпиадаларда жеңіп алған медальдары негізінде анықталды. Бағалау жүйесіне сәйкес алтын медаль – 3 балл, күміс медаль – 2 балл, ал қола медаль – 1 балл болып есептелді.

Үздіктер қатарынан Қарағанды облысындағы Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты, №1 және №2 «Білім-Инновация» лицей-интернаттары, Қаныш Сәтбаев атындағы гимназия және Назарбаев Зияткерлік мектебі орын алды.

Бұл нәтиже оқушылардың білім деңгейінің жоғары екенін және мұғалімдердің жүйелі еңбегін көрсетеді. Жыл сайын облыс оқушылары түрлі пәндік олимпиадаларда жақсы нәтиже көрсетіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді.

Аталған жетістік Қарағанды облысындағы білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Әдемі МАДИЯРҚЫЗЫ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button